Облыс әкімі жуалылықтардың талап-тілегін тыңдады

Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Жуалы ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдаулар өткізді.

Аймақ басшысының ауданға жұмыс сапары барысында ұйымдастырылған басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.

Алдымен аудан орталығы саналатын Б. Момышұлы ауылының тұрғындарымен кездескен Нұржан Нұржігітов қысқаша ғана округ әкімінің есебін тыңдады.

Ауылда 14739 тұрғын тұрады. Барлығы 3 мыңнан астам аула бар.

— Әр аула бойынша талдау болу керек. Тұрақты табысы жоқ отбасылардың мәселесін шешу бойынша жоспарлы-ұсыныстар әзірлеу қажет.

Біз қалай болғанда да бюджет қаражатын тиімді игеруге тиіспіз. Бірақ соған қарап жұмысымызды бағалау жеткіліксіз. Өйткені, ол – қызметтік міндетіміз. Қазір әкімдердің қызметінің нәтижелілігіне қатысты көзқарас өзгеше қалыптасуда. Олар инвестицилық жобаларды жүзеге асырып, қосымша жұмыс орындарын ашуы тиіс.

Мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін ұтымды пайдаланған дұрыс. Ол үшін аудан, ауыл әкімдері, бөлімдері халық ішінде түсіндіру және ұйымдастыру шараларын тұрақты жүргізіп отыруы маңызды, — деді облыс әкімі.

Басқосуда тұрғындар көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптар алды. Олар негізінен жол жөндеу, ауыз су тарту, жер, жайылым және әлеуметтік мәселелерді көтерді.

— Облыстағы 100 елді мекенде орталықтандырылған ауыз су мүлде жоқ. Биыл 28 елді мекенге құбыр тарту жоспарлануда.

Жалпы 2025 жылға қарай жамбылдықтар 100 пайыз табиғи газбен қамтылады. Жақсы және қанағаттанарлық деңгейдегі аудан облыстағы жолдардың үлесі де 100 пайызға жетеді. Біз осы жоспар бойынша жұмыс істейміз.

Шаруалар жерді күтіп ұстауы тиіс. Мениералды тыңайтқыштарды пайдалану керек. Ол үшін субсидия (50%) қарастырылған.

Жуалы ауданы сүт өндеуде өзгелерге үлгі боларлықтай жұмыстар атқаруда. Осы бағыттағы шараларды күшейте түсу керек, — деген аймақ басшысы облыстың оң көрсеткіштерін қысқаша шолып шықты.

Қарасаз ауылында да дәл осындай форматта тұрғындармен кездесу өтті.

Нұржан Нұржігітов ауылдықтарды алдағы маңызды оқиға – референдумға белсенді түрде қатысуға шақырды.

Жалпы кездесулерден соң облыс әкімі 20-дан астам ауылдықтарды жеке сұрақтарымен қабылдады.

 

Жамбыл облысы әкімдігі