«ЖҰТТЫ ШАҚЫРМА»

«ЖҰТТЫ ШАҚЫРМА» деп әжем ұрысқан еді…
(соңына дейін оқуға кеңес беремін)
Бірде нағашы әжемнің үйіне бардық мамам екеуміз. Ес білгелі анашым қыздарының үлкені болғаннан соң ба, әлде әкесі марқұм: «Ақшолпан, саған ырысымды беріп барамын. Екі қалтаң болсын , айналайын қалқам. Бірі — өз қалтаң (семьяңның), екіншісі ұры қалтаң. Ұры қалтаңнан анда-санда бауырларыңа беріп қой. Бауырларың жалақтап біреуге алақан жаймасын. Көрімде өкіріп жатпайын. Мен олай-былай болып кетсем, дорбаңнан ауысқанын бауырларыңа берерсің» деп өсиетін айтып кеткен. Содан болар анашым әкемнен кейде жасырып береді, кейде қашырып береді. Бірде әкем: «Менің кеше алған жемпірім қайда?» деп мамамнан сұрады. Мамам тілін тістей қойды. Иә, алдындағы күні інісі келіп: «Шолпан, мына жемпір күшті екен. Бүгін бір досым армиядан келіп еді. Бір киіп келсем бола ма?» деді. Нағашы ағам үстіне жемпірді кигені сол еді, өңі ашылып шыға келді. Мамам інісіне сүйсініп қарап: «Көкебас-ау, қандай сұлу едің. Папамнан айнымай қалдың ғой» деп босап, бауырын құшақтап, бетінен сүйіп: «Кие ғой, өзіңе құйып қойғандай екен» деді. «Жездем ұрсып жүрмей ма?» деді інісі кібіртіктеп. Анам басын шайқады.
Енді әкем дәл сол жемпірді іздеп жүр. Мен үндемей кітап оқып отырмын. Бір кезде ашуланған папам анашыма қатты дауыс көтеріп ұрысты. «Мен оны қаладан складтан сатып әкелдім» деп бастап келе жатыр еді, мамам: «Әкемнен айнымай қалды Шаңғытжан…Қойшы, сол жемпір үшін ұрыспайық» деді. Папам нағашы атамды қатты сыйлайтын, әрі именетін. Ақ папам (нағашы атамды солай атайтынбыз) әкемнің анашымды алып қашып кеткеніне ырза болмаған. Себебі, атама үзеңгілес досы: «Ысқақ, мен мына өмірде жақын арада кетемін. Саған деген аманатым — Шолпанжанды ұлыма бересің. Аманатыма қиянат жасама» деп өлер алдында айтып кеткен. Ал менің әкем мамамды алып қашып кетіп, атам содан әкеме ренжулі болатын. Содан да болар кім білсін, анам атам туралы айтса, әкем тілін кесіп тастайтын.
Екі дорба тәтті-пәттімізді алып мамам екеуміз нағашы әжемнің үйіне келдік. Далада нан жауып жүрген нағашы жеңешем, екі иығын жұлып жеп тұрған самаурынын ілезде үйге әкеп, дастарханды біз әкелген тәттімен жайқалтып жіберді. Мәре-сәре болып отырғанбыз. Үйге әжемнің тағы бір келіні қызын құшақтап келді де: «Өләәә, жаман емес қой жағдайларыңыз. Біз отырмыз анда аш болып» деп ернін сылп еткізді. Сол кезде ешқашан келіндеріне дауыс көтеріп сөйлемейтін әжем жаман көзімен атып қарады да: «Тәйт, жағың қарыссын! Не жұтты шақырып отырсың!? Қатын ашпын десе, елде жұт болады. Қараң қалғыр мыңғырған малдарың тұрып о несі-ей!?» деп әбден ұрысты. Келіні: «Апа-ау, мынадай апельсинді біздер тек Жаңа Жылда көреміз ғой, соны айтқаным ғой. Әйтпесе Құдайға шүкір ғой, аузымыздан ақ майымыз ағып отыр» деп сықылықтап күлді. «Шүкіршілігіңді ұмытпа, айналайын. Аштық жылында да халық «ашпыз» деп айқайламады. Жақсы сөз сөйлеп үйренейік!?» деді. Бұл күздің мезгілі болатын-ды.
Сол жылы қыс қатты болды. Папам жанұшырып апыл-ғұпыл киініп жатыр. Мамам болса: «Е Құдай-ай, бауырларымды несібелерінен арыла гөрме!?» деп жылап жүр. Әкем үш күннен соң ауылдан келді. Құр сүлдері қалғандай ұнжырғасы түсіп: «Өмірімде былай жыламаған шығармын. Қарау мүмкін емес…Жылқылардың барлығы судың ішінде қатып қалған. Бәрі кетті, тек бір құлынды алып қалдық» деді.
Есіме нағашы әжемнің сөзі түсіп кетті. Нағашы жеңешемнің тілі ащы болатын-ды. Пейілінен тапты…
Бұл әңгімені не үшін жазып отырмын, ағайын? Кеше ауырып жатып бір порталдан: «Қазақ аналары аш» деген мақаланы көріп қалдым. Оқып, құлазып кеттім. Қолдарына қағаз ұстаған әйелдер: «Мен ашпын» деп айтып жатыр.
О Құдайым-ау, әй көкебастар, не жамандықты алыстан шақырып жатырсыңдар?! Сендерге өзі не көрінді!? Карантиннің болғанына 1 ай да болған жоқ, жалақтап шыққандарың не мынау?!
Өткенде мен осындай әйелдердің жаман энергиясынан ауырып қалған екенмін ғой деймін іштей…
Ей, әйелдер!
Сендердің неге ниеттерің бұзылып жатыр!? Не көрінді қара бастарыңа!? «Ашпыз» деп сонау зұлмат жылдарында да аналарымыз айқайламады ғой. Малдың терісін де қайнатып ішті емес пе!? Сонау соғыс кезінде бір уыс бидай үшін сотталып кетеміз деп, аналарымыз қан майдандағы күйеулері үшін аш отырса да, «ашпыз» демеді ғой. Неден осыншама біздің қазақ әйелдерінің пейілдері тарылып барады?! Олардың байлары бола тұра неге «ашпыз» деп дүйім елдің алдында «қазақ» деген қайсар ұлтты жер қылады!?
Уа, халайық, ашпыз деген әйелдерді басудың орнына, неге жаман жұтты шақыртып отырсыңдар!? Не көрінді сендерге!? Әжем марқұм: «қатын құтырса жұт болады» дейтін еді.
Әлем аты жаман індеттен қалай арыламыз деп жатса, жардай болып семірген қазақ әйелдері плакаттарын ұстап «ашпыз» дейді.
Мен үшінші күн болды ас ішпегеніме. Тамақ батпайды. Ештеңеге зауқым жоқ. Италияның жайын көріп жылаймын, қорқамын мен мына індеттен. Күніге Еуропада мыңнан аса адам қырылып жатыр. Олар аштықтан қорқып жатқан жоқ. Олар: «аштыққа шыдаймыз, мына індеттен сақташы Құдай» деп үйлерінде жалбарынуда.
Расында мына әйелдердің пейілінен қорқайын дедім, ағайын!? Бір сәтке планетаны тоқтатып, түсіп қалғым келеді…
Вацаптан алынды .