Мұстафа Шоқайдың балалық шағынан бір естелік

Осы ретте марқұм Мұстафа Шоқай бабамыздың аяулы жары Марияға айтып берген бір естелігін бөліскім келіп отыр…

Еліміз Егемендік алған жылдардан бері қарай Алаш арыстарының Тәуелсіздік жолындағы күресі жайында аз еңбек жазылған жоқ. Ізденген кісіге оқитын дүние баршылық. Әйтеуір аспанымыз ашық боп тұрса әлі де талай материалдар жарыққа шығады деп сенеміз. Бірақ біз зиялыларымыздың тұлғалық қасиеттері туралы білгенімізбен, балалық шақтары жайынан көп хабарсызбыз. Олар қандай бала болды, қалай тәрбиеленді, кімге еліктеді деген секілді сауалдардың жауабын білсек, тұтас бір ұлт қамы үшін малын да, жанын да сарп еткен асыл азаматтарымыздың ірілігінің қалай қалыптасқанын да ұғынған болар едік…

Осы ретте марқұм Мұстафа Шоқай бабамыздың аяулы жары Марияға айтып берген бір естелігін бөліскім келіп отыр.

— «Біз, қазақ балалары, бұл жануарларды аямастан, оларды мініп алып шапқылайтынбыз. Бұзау — өте қырсық жануар, шаба қоюы оңай шаруа емес. Сондықтан алдымен қызыл бұрыш ұрладық. Бұл нәрсе жалпы қырда өте сирек кездеседі. Қайдан алу керектігін білетін адамдарда ғана болады. Оны суық тигенге дәрі ретінде пайдаланады. Қызыл бұрыш біздің үйде әрдайым табылатын. Мен оның қай жерде тұратынын білетінмін және дәрі іздегендерге жасырып алып беріп жүрдім. Бұзау жарысында олардың құйрығының астына жағу үшін тығып қоятыным бар еді. Егер осылай істесең, бұзау алды-артына қарамай шаба жөнеледі. Оны тоқтату мүмкін емес. Біздер бұл ойынды әдейі Сырдарияның жағасында ұйымдастырамыз. Әуелі бұзауларды дариядан ұзақтау жерге айдап апарамыз. Кейін ең күштісін таңдап алып, құйрықтарына «дәрі» жағып, мініп аламыз. Бұзау да үстіндегіні құлатып тастау үшін мөңірейтін. Бұл іс ептілікті қажет етеді. Дарияға жеткен кезде аса сақтықпен секіріп түсу керек. Әйтпесе бұзау үстіндегі адамымен бірге суға қойып кетеді де, бұрыштың ашытқаны кеткенше тұрып алады. Кейде тіпті бірнеше сағат бойы судан шықпай қояды. Батып өлгендері де болған. Біз мәз-мәйрам боламыз. Әке-шешелеріміз бізді мұндай ойынымыз үшін жазалап та алатын. Бірақ ол жазаны тез ұмытып кетеміз де, ойынымызды тағы қайталайтынбыз.

Кейде теміржол бойына барып ойнайтынбыз. Бірақ теміржол біздің ауылдан біраз қашық еді. Жол бойы телеграф бағаналарымен жарысатынбыз, оның сымдары үнемі желмен ызыңдап тұратын. Үлкендер бізге осы сымдар арқылы орыс патшасы Николай тұратын қаламен сөйлесуге болатынын әңгіме қып айтады. Біз бағаналарға тырбанып, әлгі сымдарға жетуге, сөйтіп, орыс патшасына ұрысуға тырысатынбыз. Алайда еш біріміз жете алмаймыз. Бар қолымыздан келетіні бағаналарды қамшымызбен осып-осып жіберіп, патшаны сөгу ғана еді. Сөйтіп, әрқайсымыз өзімізді үлкен істі тындырып тастағандай сезініп, үйге қайтатынбыз».

Кең далада жалаң аяқ жүгіріп, көк жусанының иісіне қанып өскен бала Мұстафаның уақыты келгенде туған жерінен жырақта өмір сүріп, небір қиын кезеңдерді басынан өткеретіні бұ кездері үш ұйықтаса да түсіне кірмеген еді-ау…

Азамат Битан,

Жақсы ұлттық порталы