Жамбыл облысында 68 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүруде
Облыстағы құрылыс жұмыстарындағы жобалау, жоспарлау және үйлестіруге қатысты бірқатар мәселер бойынша жұмыс тобы құрылатын болды. Ол екі апта ішінде мәселелерді шешу бойынша нақты ұсыныстар әзірлейді.
Бұл туралы облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен жиында айтылды. Басқосуда құрылыс саласында атқарылып жатқан жұмыстардың есебі тыңдалды.
Аталған басқарма басшысы Ерлан Орынбаевтың айтуынша, түрлі мемлекеттік бағдарламалар аясында ағымдағы жылы өңірде 203 жоба бойынша құрылыстар жүзеге асуда. Оның 152-сі жыл соңына дейін аяқталмақ.
Баяндамашы білім, денсаулық, спорт, мәдениет, тұрғын үй және тағы басқа салалар бойынша жеке-жеке тоқталып, жобалардың орындалу барысына назар аудартты.
Айталық, қазіргі таңда білім саласы бойынша 23 нысанның құрылысы жүргізілуде десек, оның 18-і осы жылы пайдалануға беріледі. Олардың қатарында 12 жаңа мектеп, 4 қосымша ғимарат, 1 абаттандыру жобасы, 1 мектептен тыс дамыту орталығы бар.
— Мектептердің құрылысы 10 тамызға дейін аяқталып, жаңа оқу жылына дайын болуы керек. Жұмыстар сапалы әрі бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуі маңызды. Кестеден кешіккен мердігерлер үшін қабылданатын шаралар жеңіл болмайды,-деді Н. Нұржігітов.
Сондай-ақ, аймақ басшысы ЖСҚ әзірлеуде кететін кемшіліктерге де тоқталды.
— Неге ұқсас, бірдей жобаларға түрлі баға қойылады? Кез келген сала бойынша жобалық-сметалық құжаттарды дайындауда бірыңғай жоба үлгісінің болуын қарастырыңыздар. Соған сәйкес баға саясатын ұстанамыз,-дей келе облыс әкімі осы және салаға қатысты өзге де бірқатар мәселелер жөнінде жұмыс тобын құруды тапсырды. Оның құрамына тиісті сала мамандарымен қатар тәжірибелі мердігерлердің өкілдері де енетін болады. Жұмыс тобы екі апта ішінде нақты ұсыныстар әзірлейді.
Бұдан бөлек, денсаулық сақтау саласы бойынша құрылысы жүріп жатқан 25 нысанның 23-і, спорттағы 19 нысанның сегізі, мәдениеттегі 12 нысанның алтауы биыл аяқталады деп жоспарланған.
— Онкологиялық орталық осы жылы қыркүйек айында пайдалануға берілу керек. Спорт, мәдениет салаларындағы құрылыстарға бірыңғай көзқарас қажет. Бұл бағыттағы құрылыстардың көлемін ескере отырып, барлығын осы жылы аяқтауға күш салыңыздар.
Қай жерде, қандай нысан салу керек, динамикасы қандай, сол бойынша басқармалардың жан-жақты зерделеу-талдауы болуы тиіс.
ЖСҚ-дан бастап құрылыстың барысын бақылауға, үйлестіруге салалық басқарманың да қатысуы маңызды. Бар жауапкершілікті қала, ауданға ысырып қоюға болмайды, — деді Н. Нұржігітов.
Басқосуда тұрғын үй құрылысына да айрықша назар аударылды. Қазіргі таңда облыс бойынша 68 көпқабатты (4388 пәтер) тұрғын үй салынуда, оның 47-сі (3120 пәтер) биыл тапсырылмақ.
Айта кету керек, бүгінде аймақта 36 мыңнан астам адам үй кезегіне тіркелген.
— Біз мұндай қарқынмен тұрғын үй саясатында белгілі бір нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Үй кезегіне тұрғандардың динамикасын төмендету үшін, жан-жақты жұмыстар жүргізуге міндеттіміз. Осы орайда бюджет мүмкіншілігін тиімді пайдаланумен қатар, жеке инвестиция есебінен үйлер салу, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер телімдерін беру бағыттарына да барынша көңіл бөлген дұрыс. Жауаптылар осы тұрғыда ұсыныстар әзірлеуі керек. Ең басты талап – жүйелі жұмыс пен жоғары қарқынды қамтамасыз ету.
Сонымен қатар, құрылыс бойынша 2023-2024 жылдарға арналған жоспарға қазірден ден қою маңызды. Нақтылау кезінде ЖСҚ қаражаттарының мәселесі шешілуі керек,-дей келе облыс әкімі ағымдағы жылы берілуі тиіс 152 жобаның сапасы мен мерзімі қатаң қадағалауда болуын қайталап ескертті.
Жамбыл облысы әкімдігі