БАЛАЛАР – МЕМЛЕКЕТІМІЗДІҢ ЖАРҚЫН БОЛАШАҒЫНЫҢ КЕПІЛІ

                       Қасым-Жомарт Тоқаев

Балалық шақ – адам өміріндегі ең маңызды балдай тәтті кезең. «Балалық шағың, патшаның тағы» деген нақыл сөз бекерге айтылмағандай. Балалар әр кез ата-ана мейірімі мен ізгі ниетті жандардың қамқорлығынан нәр алып өссе, олардың келешегінің нұрлы, жарқын болары сөзсіз. Жайма шуақ жайдарлы жаздың алғашқы күні халықаралық дәрежеде балалардың мерекесінің тойлануы – оларға көрсетілер құрмет.

«Балаларды қорғау күні» мерекесі қарсаңында аудандық орталық ауруханасының директоры Бағлан Жарлықасынұлы Қыдырбаев Саудакент ауылында орналасқан Байқадам Қашқынбаев атындағы орта мектеп жанындағы интернатқа барып, балалардың жүрегіне қуаныш сыйлады.

Қонақтарды қарсы алған мектеп директоры Лаура Игенқызы Нұрмаханова мек- теп жанындағы интернат және тәрбиеленушілері жөнінде толық мәлімет беріп өтті.

Іс-шара барысында сөз кезегін алған аудандық орталық ауруханасының директоры Бағлан Жарлықасынұлы:  «Балаларды қорғау күні — бұл жай мереке ғана емес, ол балалардың құқығын қорғау қажеттілігі туралы қоғамға ескерту, яғни барлық балалар бақытты болып, білім алуға және өздеріне ұнайтын қалаған істерімен айналыса алуы тиіс. Балалар біздің болашағымыз, оларға қамқорлық таныту баршамыздың міндетіміз. Сол себептен балалардың көңілін қалдырмай олардың әрдайым бақытты болуларына жұмыла үлес қосайық»-дей келе бүлдіршіндерге бақытты балалық шақтарының ата-аналарының жылы алақандарының аясында алаңсыз ер жетулеріне, болашақта еліміздің мықты аазаматы болып өсулеріне жүрекжарды ақ тілегін айтып, болашақта ұрпақтарының отанына адал қызмет ететін, халқының қалаулы ұл-қыздары болып өсуіне тілектес екенін білдіріп, балаларға арнап алып келген тәттілері мен сусындарын, тәтті тортты табыс етті.

Сонымен қатар,  балалар мультфильмдер тамашалап, орталық аурухананың ұйымдастыруымен алып келген ойын-сауық орталығының қызметкерлері дайындаған әртүрлі қызықты ойындарды интернат тәрбиеленушілерімен бірге ойнады. Қызықты ойындарға жақсы атсалысқан балалар әдемі ойыншықтар алып, мәре-сәре болды.

Мерекелік көңіл күймен үстел басына жайғасқан балалар қонақтар алып келген тәттілерден дәм татты.

Балалардың жарқын жүздеріне қуаныш сыйлағаны аудандық орталық аурухана ұжымына үлкен қуаныш болды. Өз кезегінде мектеп директоры Лаура Нұрмаханова арнайы ат басын бұрып келіп, мереке қарсаңында сыйлық жасаған  ұжымға мектеп әкімшілігі, балалар және ата-аналардың атынан алғысын білдірді.

Бұл мейрам балалар үшін ең жылы, ең жақын мейрам ғана емес, сондай-ақ, ересектер үшін балаларға әрдайым қорғаншының, қамқоршының қажет екендігін еске салу болып табылады.

Камели Сүлейменова, «SARYSÝ»