2022 жылғы 5 мамырда қалалық көпбейінді ауруханасында донорлық бүйректі ауыстыру бойынша жоғары технологиялық операция өтті.
Трансплантация – бір адамның ағзасын (оның ішінде бауыр, жүрек, өкпе, бүйрек, т.б.) немесе денесінің бір бөлігінің тіндерін келесі бір адамға салу. Бұл өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі.
Бүгін 22 жастағы бүйрек жеткіліксіздігінің ауыр түрімен ауыратын пациентке, 56 жастағы анасының сау бүйрегін ауыстырып салу отасы жасалды.
Бүйректі транспланттау бойынша хирургиялық араласуды Нұр-Сұлтан қаласынан келген трансплантологтың қатысуымен қалалық көпбейінді ауруханасының хирургтары мен урологтары 5 сағат ішінде орындап шықты.
Донорға транспланттауды жүргізу алдында үйлесімділікке, операцияға дайындыққа иммунологиялық тестілерді қоса алғанда, мұқият инструментальды және зертханалық тексерулер жүргізілді.
Қалалық көпбейінді аурухана – құрамында нефрология және гемодиализ бөлімшесі бар облыстағы ең ірі медициналық ұйым.
Ағымдағы жылы бүйрек трансплантациясы бойынша 2 маман біліктіліктерін арттырып келді.
Облыс бойынша бүйрек функциясының созылмалы жеткіліксіздігі бар 903 пациент динамикалық бақылауда, оның ішінде бүйрегі ауыстырылған 64 адам және бағдарламалық гемодиализдегі 722 пациент.
Трансплантацияланатын бүйрегі бар пациенттер арасында: ересектер — 61, оның ішінде, облыс аудандарында — 22 адам, жасөспірімдер — 2 және 1 бала.
Ағзаларды транспланттауға арналған «күту парағында» облыс бойынша пациенттер саны: бауыр — 6 ересек адам, бүйрек — 103, оның ішінде балалар — 9, жүрек — 3 ересек пациент.
Ұсынылған статистикалық мәліметтерден, мүшелерді трансплантациялау кез-келген ересек адамға да, балаға да қажет болуы мүмкін.
Бүгін пациенттің өмірін сақтау үшін маңызды кезең – бүйрек трансплантациясы жасалды. Кейіннен оңалту кезеңі, иммунитетті басатын препараттарды қолдану, сондай-ақ дәрігерлердің тұрақты бақылауы күтілуде.