ЖАМБЫЛДА БИЫЛ 7 АУЫЛДЫҢ ТҰРҒЫНДАРЫ АУЫЗ СУМЕН ҚАМТЫЛАДЫ
Жамбыл ауданындағы 42 елді мекеннің 30-ы орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Яғни, 12 ауылда ауыз су жоқ. Биыл 3 елді мекенде ауыз су құбырының құрылысы аяқталады. Тағы 4 ауыл су тазартыудың жеке блок модульдік қондырғы арқылы ауыз сумен қамтылады. Нәтижесінде ауыз сумен қамтылған елді мекендер саны 37-ге жетеді. Ал келесі жылы 4 елді мекенді ауыз сумен қамту көзделуде.
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында Ерлан Қыдыралыұлы айтты. Ол Жұма ауылы жерасты су қоры қорытындысы облыстық энергетика басқармасы тарапынан ұйымдастырылатындықтан, жобалық құжаттарын әзірлей алмай отырғандарын да атап өтті. 2024-2025 жылдары «Ақбұлақ» бағдарламасымен Өрнек, Ерназар ауылдарының ауыз су мұнараларын жаңғырту жұмыстары жүргізілмек.
«Ауданда 42 елді мекеннің 29-ы табиғи газ жүйесімен қамтылған. Магистральды газ құбырының құрылысы аяқталса, тағы 9 ауыл газбен қамтылады. Осы магистральды газ құбырын аяқтау үшін қосымша 306 млн теңге қажет. Қалған 3 елді мекенді газбен қамту үшін аудан тарапынан жобалық құжаттарын әзірлеуге қаржы бөлінді. Сондай-ақ, биыл аудандық маңызы бар 9,6 шақырым жол жөнделіп жатыр. Соңғы үш жылда ауылдардағы жалпы ұзындығы 147,8 шақырымды құрайтын 178 ауылішілік көше жөндеуден өтті», — деп атап өтті спикер.
Аудан әкімі «Ауыл — ел бесігі» жобасымен 592,8 млн теңгеге 11 ауылдың 39,2 шақырымды құрайтын 39 ауылішілік көшесі жөнделгенін, биыл 16 елді мекеннің 40,7 шақырым болатын 37 көшесі жөндеуден өтетінін жеткізді.