ТҮРКІСТАН: КВАЗИМЕМЛЕКЕТТІК СЕКТОРЛАРДА СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ КҮРЕС КҮШЕЙЕДІ

Бүгін Түркістан облысының әкімдігі мен «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің ұйымдастыруымен облысқа қарасты квазимемлекеттік сектор ұйымдарында тағайындалған комплаенс офицерлерге әдістемелік оқыту семинары өтті. Семинарда «Үлгілі базалық бағыт-4» жобасының «Квазимемлекеттік секторда сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу» бағыты бойынша кеңес берілді.
Оқыту жиынына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің превенция басқармасының басшысы Е.Жүнісов, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Түркістан облысы бойынша филиалының директоры А.Идрисова, «Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлері мен облыс аумағындағы жалпы саны 43 квазимемлекеттік сектор субъектілерінде адалдық стандарттарын қамтамасыз етуге жауапты 43 комплаенс офицер қатысты.
Семинарда Түркістан облысы әкімі аппараты мемлекеттік құқықтық бөлімінің бас инспекторы Бауыржан Досжанов «Үлгілі жобалық бағыт-4» жобасының негізгі бағыттары мен жобаның Түркістан облысында жүзеге асырылу барысына тоқталса, Білім беру бағдарламаларын іске асыру және ілгерілету кабинетінің меңгерушісі Алия Ахметова «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс ISO 37001 халықаралық стандарты» тақырыбы аясында ақпарат берді.
«Түркістан – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Нұржахан Абуова комплаенс офицерлерді сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілетін ішкі талдаудың қағидасымен жіті таныстырып, оларға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау, мүдделер қақтығысын болдырмау, ұйым қызметінің жемқорлыққа қарсы стандарттарға сәйкестігін қамтамасыз ету міндеттерін түсіндірді.
– Сіздерге жауапты қызмет жүктеліп отыр. Әрбір квазимемлекеттік сектор ұйымдарында тағайындалған жауапты комплаенс мамандар бұдан былай мекеме ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдау жүргізіп, тәуекелдердің алдын алу бойынша жүйелі жұмыстар атқаратын болады, – деп қорытындылады Ержан Жүнісов.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі