Ойық жастарының жарқын істері

Ойық ауылындағы Д.Қонаев атындағы орта мектепті 2002 жылы бітірген түлектер «Қызыл қиындағы» Ойықтың «Асториясына» көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевқа арнап ескерткіш белгі орнатты.
Былайғы жұрт бұл жерді «Қонаев үстелі» деп те атайды. Өйткені, 1992 жылы ауданға келген сапарында Дінмұхамед Ахметұлы табиғаттың өзі қалаған үстел таста отырып, Таластың кең жазирасын тамашалаған екен. Кезінде тұлға аялдаған тарихи орынға белгі орнату жергілікті тұрғындардың көптен бергі көкейдегі тілегі болатын. Енді міне, мектеп бітіргендеріне 20 жыл толған түлектердің демеушілік көмегімен көпші­лік тілегі жүзеге асты. Елдің игілігіне арналған орынның құрылысына ұйымдастырушылар тарапынан 2 млн. теңге қаражат жұмсалған.
Ойық ауылына барар жолдағы биікте тек ескерткіш белгі ғана емес, «Қонаев үстеліне» барар жалғызаяқ жолға баспалдақтар төселіп, келушілердің тыныстауы үшін арнайы орын да жасалған. Айнала абаттандырылған.
Тарихи орынның ашылу салтанатына келген термеші Басқанбек Раев жиылғандарға арнауын жеткізсе, ауданның Құрметті азаматы Балабек Нарбаев, еңбек ардагерлері Пана Рахманберді­ұлы, Мәмбет Күшікбаев және аудан әкімінің орынбасары Медет Үрістенов ұйымшылдық танытып, игі істі жүзеге асырған мектеп түлектеріне ризашылықтарын білдірді.
Мұнан соң көпшілік, Ойық ауылы іргесіндегі Көктөбеде балалар ойын алаңының ашылуына қатысты. Көктөбедегі Б.Әлменұлы атындағы орта мектепті 2002 және 2012 жылы бітірген түлектер аталған нысанды 1 млн. 200 мың теңгеге тұрғызған. Ауыл балаларына қажет алаңды салып, пайдалануға берген түлектерге алғыс айтқан еңбек ардагері Жаңабай Досалиев, «Д.Қонаев қоры» қоғамдық қоры аудандық филиалы директорының орынбасары Ілес Нұрұлы түлектердің еңбектеріне табыс тіледі.
Ауыл мектебін бітіргендеріне 30 жыл толған түлектер де туған топырақтарына өз тартуларын ұсынды. Олар орталық саябақ жанынан субұрқақ орнатып, соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында қолданысқа берді. Құны 1 млн. теңгеге айналған субұрқақтың ұзындығы 15, ені 6 метрді құрайды. Нысанның ашылу салтанатында сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жұмабек Әсемов, «Халықаралық Д.Қонаев қоры» облыстық филиалының төрағасы Қибат Асқарбеков, Ama­nat партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ғалым Қартабаев ауылдың көркеюіне атсалысқан азаматтарға ізгі лебізін жеткізді.
Сондай-ақ бұл күні Ә.Тәжімбетов атындағы мәдениет үйінде мемлекет және қоғам қайраткері Д.Қонаевты еске алуға арналған қазақ күресінен 2006-2007 жылы туылған жасөспірімдер арасында IV облыстық ашық турнирі өтті. Шараға орта мектепті 1982 жылы аяқтаған түлектер қаржылай демеушілік танытты.