Облыс әкімінің тұрғындармен кездесулері жалғасуда
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Меркі ауданының тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдаулар өткізді.
Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.
Аймақ басшысы алдымен Сарымолдаев ауылындағы №9 В.Савва атындағы жалпы білім беретін мектебінде жергілікті тұрғындармен кездесті.
Жиында аталған ауылдық округтің әкімі Сабит Бабижановтың есебі тыңдалды. Ол ауыл шаруашылығы, білім, әлеуметтік және тағы басқа салалар бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Облыс әкімі округ әкімінен жайылым, қоқыстарды тазалау секілді бірқатар мәселелердің шешілу барысын сұрап, қанағаттанарлық жауап ала алмады. Ауылдағы әр ауланың ахуалы бойынша талдау жұмыстарының әлі күнге басталмағанын сынға алды.
— Жайылым мәселесіне келгенде, біз ең алдымен жалпы ауыл тұрғындарын «қоғамдық өріспен» қамтуға баса мән беру керекпіз. Мал басы көп шаруалар төрт түлігін ауыл сыртындағы, орман шаруашылығы есебіндегі жерлерге апарып, жайғаны дұрыс.
Сондай-ақ, бұған дейін айтқанымыздай ауылдағы әр отбасының талдауы болуы тиіс. Округ әкімі күніне кем дегенде бір отбасыға, жеке кәсіпкерлік пен шарушылыққа кіріп, жағдайымен таныс болуы керек. Олардың мәселелеріне ден қойып, шешу жолдарын бірлесе қарастыруы маңызды. Бұл туралы айтқанымызға екі айдай уақыт болды, дегенмен осы тұрғыда ауылда әлі ешқандай шаралардың қолға алынбағандығын көріп отырмыз.
Мемлекет тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар, көрсетіліп жатқан қолдаулар аз емес. Түрлі мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндігін тиімді пайдалану арқылы ауылдықтар өз кәсібін дөңгелетіп, тұрмысын түзей алады. Оның шарттарын жете түсініп, жергілікті халыққа жеткізу, қолдау шараларын үйлестіру ауыл әкімдігінің міндеті,- деді Н. Нұржігітов.
Аймақ басшысы ауыл әкімінің жұмысы тек бюджет қаражатын игеру, оған атқарылған жұмыстармен бағаланбайтынын, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру, ауылдықтардың әлеуметтік мәселелерін шешу, жаңа жұмыс орындарын құруға баса мән беру керектігін ескертті.
Дәл осындай форматтағы жиналыс Меркі ауылындағы Мәдениет үйінде де ұйымдастырылды. Округ әкімі Ғазиз Байарыстанның есебінен кейін, меркіліктер көкейдегі өзекті сауалдарын жолдады.
Ауыл тұрғындары негізінен жол жөндеу, жер бөлу, денсаулық сақтау, білім, құқық жәнен тағы да басқа салалардағы мәселелерді алға тартып, жауаптар алды.
— Жергілік билік тұрғындардың мәселелерін тиімді шешуге күш салуда. Ауданның даму жоспары жасалған. Онда бюджеттің барлық мүмкіндігі ескерілген. Мәселелер кезең-кезеңімен шешіледі. Бұл орайда жергілікті халықтың аудан, ауыл әкімдігіне деген сенімі маңызды.
Біз өзара түсініскенде ғана нәтижеге қол жеткізе аламыз,-деді облыс әкімі.
Аймақ басшысы алдағы тарихи оқиға – референдумның маңыздылығын тілге тиек етіп, тұрғындарды оған белсенді қатысуға шақырды.
Кездесулерден соң Нұржан Нұржігітов ауылдықтарды жеке қабылдап, барлық өтініштер назарға алынатындығын, мәселелер заң аясында шешілетінін баса айтты.
Жамбыл облысы әкімдігі