ШЫҢҒЫС ХАН ЖЕТІМ-ЖЕСІР, ӘЛСІЗДЕРГЕ ҚОРҒАН БОЛУ ЖӨНІНДЕ НЕ ДЕДІ?

Жалпы, тәңіршілдік – бір ғана тәңір идеясы және сол тәңірді аспан жақтағы көзге көрінбейтін жалғыз жаратушы деп таныған. Олай болса көшпенділер даласының көсеміне айналған Шыңғыс дәуірі сол тәңірге жалбарды, медет тіледі. Ислам діні тарағаннан кейін тәңірді – жалғыз Алла ұғымынан бөле қараған жоқ. Сол үшін де Құран қағидаттарында айтылатын бауырмалдық, аяушылық, жетім-жесірді желеп-жебеу түбірінен ұқсас болды. Көшпенділердің сахаралық заңы бір ізбен жүрді. Тіпті керей, найман руларына қатысты өзге діндерге табыну идеяларын зерттеушілердің басқа қырға қарай бұрғанын ескерсек, өткен жазбаларымыздың өгей тұстарын көп байқаймыз. Әр бір зерттеуші ғалым өзі бағынған мемлекет, ұлт, дін, саясат аясында өзіне қажеттіні іздеп, өзгенің мүддесіне аса бас қатырмады. Сөйтіп бұрмаланған әдебиеттер арқылы бұлдыр тарихтар жасалды. Шын мәнінде далалық, сахаралық көшпенділердің бағзыдан жалғасқан бар болмысы бір ғана желіге көгенделіп жатты. Бүгін де біздің халықтың аузындағы «жесірі мен жетімін жылатпаған халықпыз» деген нақылы да сол көненің жұрнағы.
Жетім-жесірдің көз жасы,
Жүрегіңді жаралайды.
Жетім, кедей адамдарды,
Жеті жұртыңдай асыра.
Қарайлайтын ағайынсыз,
Қамқорлыққа алатын әкесіз,
Сүйенері жоқ жетімді,
Сүйген ұрпағыңдай жарылқа.
Жетім, жесірді асыраған,
Жетілер елдің жосыны.
***
Тамақ табылса таласа бөліп жейтіндеріңдей,
Тарыққан біреуіңе жарыса барып көмектесіңдер.
***
Қарияларды құрметтеп,
Кедейлерге көмектес.
Бай мен кедей,
Төре мен қара деп,
Халықты бөле қарама.
(Шыңғыс ханның ғақлиялық сөздері Сұлтан Тәукейдің аудармасынан алынды)
Дариха Пазылбекқызы Үмбетиярова