Маңдайының соры бес елі Сирия
Сирия мәселесіне қатысты АҚШ пен Ресей арасындағы келіссөздер тығырыққа тіреліп, қос ел арасындағы соңғы дипломатиялық диалог оң нәтиже берместен аяқталды. Сарапшылар арасында АҚШ пен Ресей енді дипломатиялық дау-жанжалдан ашық әскери қақтығыстарға көшеді деген пікірге ден қойғандар қарасы басым. Өйткені РФ сыртқы істер министрі С.Лавров пен АҚШ мемхатшысы Дж.Керидің соңғы уақыттағы сансыз кездесулері оң нәтиже бермеді.
Қос ел дипломаттары, солар арқылы екі елдің басшылығы да Сириядағы қырқысқа қатысушы тараптардың қайсысын бейбіт оппозиция, қайсысын қарулы содырлар деп атау керектігі жайлы мәселеге келгенде бір-бірімен келіспей, араларындағы қарымқатынастарын одан әрмен ушықтырып алды. Жағдай осы қалпынан өзгермесе, Таяу Шығыста ыстығы басылмай тұрған аймақтағы қарулы қақтығыстардың бәсеңдеу мүмкіндігі нөлге тең болмақ. Шайқас жүріп жатқан аймаққа көмек қолын созған Халықаралық «Қызыл жарты ай» қайырымдылық ұйымының гуманитарлық керуенінің шабуылға ұшырауы да ушығып тұрған жағдайды одан әрі ширықтырып, отқа май құйғандай болды. Себебі Кремльдің әскери операцияларын талмай сынап келе жатқан ресми Вашингтон енді Ресейді гуманитарлық қылмыс жасады деп айыптап, алдағы келіссөздерге ықыласты емес екендіктерін ашық байқатты.
Екі тарап арасындағы даужанжал ақыры әскери қақтығысқа әкеліп соқтырса, одан әлгі екі алпауыт елден бұрын, қосақ арасында кететін Сирия халқы зардап шегері кәміл. Ал: «Сириядағы соғыстан кім ұтып, кім ұтылады?» — деген сауалға келсек, бұл сұрақ — әлем саясаткерлері мен білікті сарапшылардың бәрін толғандыратын тақырып. Алауиттік көзқарасты қолдайтын Сирия президенті Башар Асад билігіне қарсы 2011 жылдың басынан бастап өрістеген халықтық наразылық шерулерінің соңы ақыры азаматтық соғысқа ұласып, діни сипатқа ие болды. Сол жылдардан бергі уақыт ішінде Сирияда 250 мыңнан астам бейбіт халық мерт болса, үш миллионнан астам ел халқы босқын болып, кәрі құрлық елдерінің бас ауруына айналып отыр. Өздерін «жиһадшылармыз» деп жариялаған радикалдық топтар аталған аймақта шариғат жолын ұстанған халифат орнатамыз деген биліктің атауын «Ислам мемлекеті» деп атаған. Күні кешеге дейін Сирияға Ресей мен Иран көмектесіп келсе, соңғы кездері Кремль бұл елдегі негізгі әскери күштерін бұл аймақтан шығарып әкетті.
«Мұның астарында нендей саясат бар?» — деген сауалға әлемдік сарапшылар әрқалай болжамдар айтады. Мысалы, Лондонда араб тілінде шығатын «Asharq Al-Awsar» газетінде жарияланған мақалада: «2011 жылдан бері Кремль Сирия президенті Башар Асадқа көмек қолын созып, БҰҰ қауіпсіздік кеңесінің Сирияға қарсы қарар кабылдауына кедергі болып келді. Оның екі түрлі стратегиялық себебі бар: біріншіден, Мәскеу Сирия жері арқылы Сауд Арабиясының газ құбырын Еуропаға жеткізуге қарсы. Сондықтан Асад билігін Иранның газ құбырын да ел аумағынан өткізбеуге көндіріп отыр. Екіншіден, Башар режимі Ресеймен одақтас әрі оның қару саудасындағы тұрақты тұтынушысы. Екі жақты саяси келісімдер жүргізу арқасында Ресей Таяу Шығыстағы геосаяси орнын сақтап қалып, сол үрдісті уысынан қазір де шығарғысы келмейді. Кремльдің Сирияға көмек қолын созуының бір себебі осында жатыр. Ресей болмағанда, Сирияға АҚШ пен НАТО-ның бітімгершілік күштері баяғыда-ақ еніп, Башарды тақтан құлатып, б и л і к көтерілісшілердің қолдарына өтер еді. Сол себепті де Кремль Сирияның ішкі ісіне НАТО және Араб елдерінің араласуына жол бермеуге тырысып, БҰҰ кеңесінiң Сирияға қатысты қандайда да бір қарар қабылдамауына күш салып келеді. Ресей АҚШ-тан НАТО-ның орыс шекарасына жақындамауын, Ресейге салынған санкцияларды алып тастауды талап етсе, өз кезегінде Вашингтон да Кремльден одақтасы Асадтың орнын босатуын «қиылып» өтінумен келеді. Ал Ресейдің агрессорлық саясатына сенімсіздік танытқан Еуропа басшылары санкциялардың жалғаса бергенін қалайды. Амалы таусылған Ресей уысынан шығып бара жатқан Асад режимін «жиһадшылар» арқылы емес, оппозициялық күштер арқылы ауыстыруды, режим құлаған соң АҚШ пен НАТО-дан ИМ «жиһадшыларымен» аяусыз күресуді сұрауда.
Жанжалдың таяу арада аяқталмайтынын түсінген Кремль мен Вашинтон сондықтан да бітім жасау туралы ортақ бір келісімге келіп, бірлескен мәлімдемесін жариялаған. Вашингтон Ресейдің одақтасы Асадқа Шамның үлкен бөлігін және Тартус базасымен қоса Голан жоталарын бақылауға алуға кепілдік берсе, Сирияның қалған аумағы оппозициялық күштердің бақылауына өтуі тиіс. Соғысып жатқан тараптардың бітім орнағанша неғұрлым ауқымды аумақтарға ие болып қалуға тырысып жатқаны сондықтан. Иран мен Хезболла ұйымы да Асадтың билігі шекаралық аймақтарға да жүретін болса, бітімді қолдаймыз деп отыр», — деп жазса, Ресей тарапы мұндай келісімдердің жүргенін үзілді-кесілді жоққа шығарады. «The New York Times» газетінің өкілі болса: «Сауд Арабиясы өз мұнайымен әлемдік нарықтағы шикізат бағасына ықпал етуді көздейді. Сол арқылы экономикасы тығырыққа тіреліп отырған Ресейді Асад режиміне көмек беруден бас тартқызуды мақсат тұтқан. Саудиттер егер Мәскеу әлгіндей қадамға барса, соның өтеміне әлемдік нарықтағы мұнай бағасын көтеруге уәде бермекші. Бірақ Ресей бұл уәдеге сенімсіздікпен қарайды, өйткені Кремльді саудиттердің ұсынысын қабыл алса, бұл Сирия мен Иранның көңіліне келіп қалып, одақтастарын өзінен теріс айналуға түрткі салу мүмкіндігі тежей береді. Асадтың тақтан түсуі Иранға өте тиімсіз, өйткені парсы елі аймақтағы ең маңызды одақтасынан айырылады әрі Еуропаға жеткізілуі жоспарланған Иран-Сирия газ құбыры жобасы жүзеге аспай қалады. Иран Асадты сол үшін қолдайды. Сирия билігінің тағдырын белгілеуге Иран мен Сауд Арабиясы таласып отыр. Себебі Сауд Арабиясы да Сирия және Түркия жерлері арқылы Араб түбегінің газын Еуропаға жеткізуді көздейді. Ресей болса, Сирия билігі арқылы Тегеранның иә Эр-Риядтың Сирия жері арқылы газ құбырын жүргізуіне рұқсат бергізбеуге тырысып бағуда. АҚШ пен Батыс, Сауд Арабиясы газ құбырын Еуропаға сәтті жеткізсе, бұл Иран мен Ресей экономикасына өте ауыр соққы болып тиеді. Сондықтан Ресейге әзірше Сириядағы ұрыстардың жалғаса беруі тиімді. Мәскеу мен Тегеран Асад режимінің құламауын көздесе, Еуропа мен Сауд Арабиясы Сириядағы соғыстың тезірек аяқталуына, Асадтың биліктен кетіп, оппозициялық күштердің билікті қолдарына алуына асық. Өйткені Эр-Риядқа өз газын Еуропаға жеткізетін құбыр салу жұмыстарын бастауға Сириядағы соғыс кедергі келтіруде. Ал соғыс бітіп, Асад режимінің орнына ИМ келсе, бұл Ресейдің бас ауруына айналуы ғажап емес. Онда, біріншіден, Ресей Таяу Шығыстағы геосаяси ықпалынан айырылады.
Екіншіден, соғыс бітсе, армия тарап, қызметтерінен аласталатын әскерилер ИМ содырларының сапына қосылады. Ресейдің өз ішінде де Кремль саясатына салқын қарайтын этностар жетерлік. Сирияға Кавказ, Шешенстан, Дағыстан, Орталық Азия аймағынан барған радикалдар елдеріне оралып, Ресейдің империялық саясатына қарсы көтерілмейді деп ешкім де сенімді түрде айта алмайды. Вашингтонның Ресеймен ширығып тұрған ара қатынасын ИМ содырлары арқылы шешіп алуға ұмтылуы да ғажап емес. Мұндай жағдайда экономикасы мен саясаты шатқаяқтап тұрған Ресей мен Орталық Азияда соғыс өрті бұрқ ете қалмасына ешкімнің кепілдік бере алмасы кәміл», — деген болжамды алға тартады. Қалай болғанда да Сириядағы соғыстың жуық арада тыйылып, тараптардың бейбіт келісімге жүгінулері екіталай сынды. АҚШ-тағы президент сайлауы жақындаған сайын бұл шиеленіс үдемесе, басылмайтыны және рас. Ал американдық электораттың басым бөлігінің қазіргі көзқарасы сайлау нәтижелерінде көрініс табуы әбден мүмкін. Билік не десе де соған имандай сенетін американдықтардың басым бөлігі үшін президент тағына Ресейге бүйрегі бұратын республикандық үміткер Дональд Трамптың емес, демократ Хиллари Клинтонның жайғасқаны тиімдірек болмақ.
Жағдай осылай өрбісе, Ресейдің басына қара бұлт төнері анық. Қазіргі текетірес те содан туындап отыр. Башар Асад болса: «Үшінші дүниежүзілік соғыс болатыны сезіледі. Қазіргі таңда өршу сатысындағы «қырғи қабақ соғысына» ұқсас жағдайды байқап отырмыз. Әзірге тікелей әскери қақтығыстар жоқ. Алайда текетірес әскери, лаңкестік және саяси тұрғыда жүріп жатыр. Қазіргі күні Сирия «бұл соғыстың бір бөлігі ғана». Батыс және негізінен АҚШ-тың КСРО құлағаннан кейін де «қырғи қабақ соғысты» тоқтатпағаны белгілі. Қазір Вашингтонның басты мақсаты — «әлемдегі америкалық үстемдікті сақтап қалып, саяси немесе халықаралық аренада ешкімнің серіктес болуына жол бермеу».
Ермек Сахариев