Айша Ғалымбаева — қазақ қыздарының арасынан шыққан алғашқы суретші
Айша Ғарифақызы Ғалымбаева (1917-2008) — қазақ кескіндемешісі және кино суретшісі, Қазақстан халық суретшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.Әке-шешесінен ерте жетім қалған ол нағашы әпкесінің қолында өседі.
Талантты қыз 1939 жыл Алматы театр-көркемсурет училищесін, ал 1949 жылы Мәскеудегі Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының көркемсурет-безендіру бөлімін аяқтаған. Кейін Алматы көркемсуретті және хроникалық фильмдер киностудиясында еңбек еткен.
А.Ғалымбаева қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық тақырыпты жырлайтын дарынды кескіндемеші ғана емес, сонымен қатар киносуретші, әрі қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісін жасаған бірегей тұлға ретінде танымал.
Оның кино өнеріндегі ең алғашқы, әрі дипломдық жұмысы «Абай әндері» киносценарийіне декорациялар, костюмдер мен кадрлар көрінісінің эскиздері. Сондай-ақ «Қозы Көрпеш-Баян Сұлу», «Махаббат туралы дастан» (1954), «Шабандоз қыз», «Бұл Шұғылада болған еді» (1955), «Дала қызы» (1966) кинофильмдеріне костюм эскизін жасаған.
А. Ғалымбаева шығармашылығының өзекті арқауы – қазақ әйелінің образы. Оның топтама немесе жеке-дара сипаттағы, бір-бірімен сюжеттік байланысы жоқ суреттері мен портреттері тұтастай алғанда тақырып, образ, идея жағынан бір арнаға келіп құяды. Солардың бәрі сайып келгенде қазақ әйелінің мінезін, оның өмірін, бақытты тағдырын бейнелейді.
Автор өзінің 80 жас мерейтойы қарсаңында «Мен құдайға суретшілік дарынын сыйлағанына ризамын. Мен лас дүниенің өзінен де сұлулықты көретіндігіме бақыттымын. Мен өз жерімді, өз халқымды сүйемін. Қолы ашық, мейірімді халық болғандығы үшін, құдай қазақ халқына ұлан ғайыр атырап сыйлаған» деген.
Айша Ғалымбаеваның ұлы Решат Файызрахманұлы Қожахметов керамист, Қазақстанның халық суретшісі, ҚазКСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты.
Аханбайқызы, А. Кәсіби сурет өнерінің классигі – Айша Ғалымбаева. Егемен Қазақстан.