Жамбылдық полицейлер балықты электр тогының көмегімен ұстауға әрекет жасаған браконьерлерді ұстады
Жамбыл ауданының табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері Билікөл көлінде орын алған браконьерлік дерегін анықтады.
Электр тогының көмегімен балықты заңсыз аулаған 36 және 18 жастағы Жаңаөткел ауылының тұрғындары ұсталды.
Тексеру кезінде ұсталғандардан 50 келіден астам ауланған балық пен қолдан жасалған балық аулайтын электр қармақ тәркіленді.
Күдіктілердің пайда табу мақсатында қылмыс жасағаны анықталды.
— Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК 335-бабының 1-бөлігі «Балық ресурстарын, басқа су жануарларын немесе өсімдіктерді заңсыз аулау» бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Сондай- ақ сараптама тағайындалды, — деп атап көрсетті Жамбыл облысының Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция полковнигі Рахымберді Әшкеев.
Аталған қылмысты жасағаны үшін мүлкі тәркіленіп, үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу не сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.