ТҮРКІСТАН: КӨППӘТЕРЛІ ҮЙЛЕРДІ КҮТІП-БАПТАУ ЖҰМЫСТАРЫ ОҢТАЙЛАНДЫРЫЛАДЫ
Биыл облыс аумағында жұмыс істеп тұрған пәтер иелері кооперативтерінің орнына (ПИК) Заңға сәйкес мүлік иелері бірлестіктері (МИБ) немесе жай серіктестіктер (ЖС) келуі тиіс. Қазір облыс аумағында 1 329 жаңа басқару нысаны құрылды. Оның 1 295-і жай серіктестіктер, ал 34-і мүлік иелері бірлестіктері. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облысының Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бөлім басшысы Бақтыбек Убайдин мәлімдеді.
«Жаңа басқару нысандары пәтер иелері кооперативтеріне балама болып табылады. Онда меншік иелері өз баспаналарын өздері қадағалап, жауап береді. Сонымен қатар, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңға өзгерістер енгізу жоспарлануда. Мәселен, 8 пәтерлік үйлерге тікелей бірлескен басқару формасы енгізілсе, 8-30 пәтерлік үйлерге жай серіктестіктер құрылуы тиіс. Ал, 30 пәтерден асатын үйлерде мүлік иелері бірлестіктері құрылуы керек»- деді Бақтыбек Тоқбергенұлы.
Қазіргі таңда, көппәтерлі тұрғын үйлер бойынша ақпарат Республика бойынша әзірленген «Easy Project» ақпараттық жүйесіне жүктелген. Тұрғындар өз құқықтарын біліп, үйді басқаруға қатысу үшін, облысымызда «ЖКХ-ИНФО» оқу орталығымен бірігіп, оқу орталығы ашылуда.
Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі