Полицейлер жоғалған 13 жастағы жасөспірім қызды тауып, отбасына қайтарды

Мақтаарал аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Әйел адамның айтуынша, оның кәмелет жасына толмаған қызы өзінің тұрғын үйінен таңғы сағат 08:00 шамасында мектепке кітап өткізуге кетіп, қайта оралмаған. Өзі іздеп таппаған соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұраған. Аталған жайтты естіген бойда полиция қызметкерлері жедел оқиға орнына жетті.
Тез арада іздестіру жұмыстарын жүргізіп, көрген-білгендерден жауап алды. Ақпарат көздері арқылы жасөспірімнің Шымкент бағытына белгісіз көлікке мініп кеткені анықталды. Ал тәртіп сақшылары жасөспірімнің дін-аман табылуы үшін іздестіруді Шымкент қаласында жалғастырды. Полицейлер 2 күн бойы тыңғылықты жұмыс атқарып, нәтижесінде 13 жасар қызды Шымкент қаласында қыдырып жүрген жерінен тапты. Анықталғандай қыздың үйінен кетуіне үйдегі жанжал себеп болған.
Өз кезегінде полиция қызметкерлеріне қыздың анасы алғысын білдірді: «Аудандық полиция қызметкерлеріне қызымның жоғалғандығын айтып, тауып берулерін сұраған едім. Олар кәмелет жасына толмаған қызымды Шымкент қаласында жүрген жерінен тауып берді. Сіздерге алғыс айтамын. Жұмыстарыңызға сәттілік тілеймін!» — деп атап өтті.