Мосулда не болып жатыр?
Екі жылдан бері ДАИШ-тың қарамағында болған Мосулды құтқару операциясы шынымен басталды. Қалаға кімдер кіретінін, қандай күштер арасында, қалай бөліске түсетіндігі жөнінде түсініспеушіліктерге тап болған Анкара-Вашингтон-Бағдат-Эрбиль арасындағы мәселелер жабық есік артында шешілді. Дегенмен бұл операцияға Түркия қатыспай отыр.
МОСУЛ НЕЛІКТЕН ДАҒДАРЫСҚА СЕБЕП БОЛДЫ?
Мосул — Ирактың солтүстігінде орналасқан, мұнай қорларына бай, стратегиялық маңызы зор қала. Проблема Анкара, Бағдат, Тегеран, Эрбиль және Вашингтон арасындағы мәселеде ДАИШ-тан кейінгі кезеңде осы жерге иелік етумен байланысты туындады. Ирак, күрдтер, сүнниттік араб одағы, шиға күштері, АҚШ, Ресей, Иран, Түркия, Сауд Арабиясы — барлығы бұл қалаға иелік ету жолын іздеушілер.
ОПЕРАЦИЯҒА КІМДЕР ҚАТЫСУДА?
Ирак әскерлері, Пешмергалар (күрдтер әскери жасағы), Ниневия (ежелгі қала, қазіргі Мосул) қорғаушылары және ресми айтылмаса да, шиға жасақтары да бұл операцияға қатысып жатыр. Ниневия қорғаушылары жуырда Анкара тарапынан құрылған еді. Түркия мен Ирак арасындағы мәселелерге себеп болған сүнниттік араб жасақтарынан құралған. АҚШ пен Франция болса құрлықтағы әскерге әуеден қолдау жасайды. Ирак премьер-министрі Хайдар Ибади Мосул операциясы туралы тек қана Ирак әскерлері мен полиция қызметкерлері кіретінін мәлімдеді.
МОСУЛ ҚАЛАЙ БӨЛІНЕДІ?
Қаладан ДАИШ-ты жойғаннан кейін Мосулдың жағдайы әлі де болса не болары белгісіз. Бөліну кезінде құр қалмау үшін операцияға қатысып жатқан және қатысқысы келетіндер арасында бұл тақырыпта үлкен түсініспеушілік болып жатқаны анық. «ДАИШ-тан кейінгі жағдай турасында белгілі келісімдер бар ма?» деген сұраққа Барзанидің «Біздің де осындай саяси жоспарымыз болғанын қалаймыз. Бағдат операцияға бірінші болып қатысты. Алдағы уақытта мәселелер туындап жатса, Бағдатпен бірге шешуді қалаймыз» деген жауабы назар аудартарлық.
КІМ НЕ ҚАЛАЙДЫ?
Әрине, Бағдат қаланың өз бақылауында қалғанын қалайды. Сүнниттік арабтар шиғалардың, шиғалар болса сүнниттік арабтардың бақылауына өтуіне қарсы. АҚШ Анкара — Бағдат мәселесінде Иракты қолдайды. Эрбиль (Ирак, Күрдстан астанасы) болса, Бағдатпен арада болған мәселелерге қарамастан, Түркияның Иракпен келісімге келуін қалайды. Себебі Эрбиль Ирак пен АҚШ-қа қарсы тарапта болудан қорқады. Иран да бұл мәселеде үлкен күшке ие екені белгілі.
ТҮРКИЯ НЕЛІКТЕН ОПЕРАЦИЯДАН СЫРТ ҚАЛДЫ?
Ердоған «Біз операцияға қатысамыз…» деген болса да, «әзірше» ойыннан тыс болып тұр. Түркия не болса да Мосул мәселесінде орын алуды көздейді. Алайда “Ақ Партияның” (Түркиядағы жетекші партия) тым мазхабшыл ұстанымы басқа қатысушылардың мазасын алуда. Түркия мен Сауд Арабиясы шиға жасақтарының қатысуы Иранның күшін арттырады деп қауіптенеді. Сонымен қатар, Түркия ПКК-ның (Күрдстан жұмысшылар партиясы) күші артады деген оймен жергілікті күштерден құралған «Шенгал Дирениш Бирликлеринің» (Ирактағы Езиди аймағын қорғайтын әскери күш) операцияға қатысуына қарсы.
ДАИШ ҚАЙДА ҚАШУЫ МҮМКІН?
Маңызды мәселелердің бірі — қаладан шығарылған ДАИШ содырларының кейінгі жағдайы. Ирак басшылары мен Күрд күштері Мосулдан ДАИШ содырларының Сирияға қашуына жағдай жасалатынын айтады. Тұрғындар саны 2 млн-ға азайған қалада 7 мыңға жуық жиһадшы бар деген болжам бар. Бұл әскерлерді Раккаға қарай жіберу арқылы Сирияда жаңа мәселелер туындауы мүмкін. Сириядағы маңызды фигуралардың бірі «Лубнан Хизбуллахтың» басшысы Хасан Насраллах қаладағы ДАИШ содырларының Сирияның шығысына қарай қашуы мүмкін деп ескертті. ДАИШ содырларының Мосулдан шығуын қолдамайтын шиғалар Ирак басшыларына «АҚШ-тың ойынына келмеуін» ескертті.
МОСУЛДАН КЕЙІН НЕ БОЛАДЫ?
Мосул операциясы арқасында ДАИШ түгелдей Ирактан жойылады. Содан кейін басты назар Ракка операциясына ауысады. ДАИШ-тың астанасы атанған Раккадан шығарылғаннан кейін террорлық ұйым «тұрақты мекенсіз» қалады. Алайда бұл олардың қауіпсіз екендігін білдірмейді. Жердің түкпір-түкпіріне тарап кеткен ДАИШ содырлары өзара бірігіп, шабуылдар жасауын жалғастыруы мүмкін.
ДЕҢГЕЙЛЕР АУЫСА МА?
Таяу Шығыстың белгісіз саяси жағдайында алынған орындар күтпеген жерден ауысып кетуі әбден мүмкін. Әзірше, шетте қалып отырған Түркия алдағы уақыттарды Сириядағы өз позициясына оралу мүмкіндіктерін қарастырады. Барзанидің «Анкара операцияға қатысқысы келсе, Бағдатпен келісуі керек» дегенін де ұмытпаған жөн.
ТҮРКИЯНЫҢ 1, 2-ЖОСПАРЛАРЫ ЖҮЗЕГЕ АСПАДЫ. 3-ЖОСПАРЫ ІСКЕ АСАДЫ МА?
Түркия Мосул операциясы басталмай тұрып, 3 жоспары бар екенін мәлімдеді. 1-жоспары — операция ортасына кіру. Алайда операция басталды, Түркия орнында табылмады. Осы кезде 2-жоспарын іске асыруды ойлады. Эрбиль басшылары арқылы Мосулға үміткерлер қатарында болу. Барзанидің «…Бағдатпен келісімге келу керек» деген мәлімдемесінен кейін бұл жоспары да құрыды. Ендігі жерде 3-жоспары қалды. Түркия сүнниттік арабтардан құралған одақтарды әрекеттендіруді көздеуі мүмкін.
РЕСЕЙ НЕЛІКТЕН ТЫНЫШ ОТЫР?
Сирия — Ресейдің ескі досы. Осыған байланысты Кремль Мосул мәселесінде Алепподағыдай аса белсенді емес. АҚШпен жасалған бүркеншікті келісімдер нәтижесінде Иракты Вашингтонға қалдырғандай. Ресей Алеппо операцияларымен айналысып жүргенде, Мосулдан қашатын жиһадшылардың жаңадан мәселелер тудырмауы үшін стратегиялар ойластыруда дейді сарапшылар.
Дайындаған — Серік Әбішев