Халқыңның көзайымына айнал, «ЕлАна»!
Төл жаңа жылымызда ақпараттық кеңістікке шығып жатқан «ЕлАна» қоғамдық-танымдық әлеуметтік сайты қазақ халқының өміріндегі зор оқиға дер едім. Себебі сайттың аты мен заты өзгелерден өзгеше. Біздің халқымыз ежелден аналары мен аруларын тек құрметтеп қана қойған жоқ, қызын төрге отырғызып, данышпан да батыр аналарға билік тізгінін берген. Аналар ұлты үшін қанын да төккен, жанын да пида еткен. Міне, сондай айтар сөзін жасқанбай айтып, халқына жанын сала демеп, көмектесіп жүрген қайсар аналарымыз жанымызда жүр. Солардың бірі ҚР еңбегі сіңірген қайраткері,ҚР журналистер одағының мүшесі орақ тілді Сәуле Мешітбайқызы тәтеміз. Ол кісіні осы қайраткерлігі, қайсарлығы үшін халқымыз оған «ЕлАна» деп құрметтеп ат қойған болатын. Тәтеміздің мұрындық болуымен ұзақ толғатқан сайт мінеки, дүниеге келді. Құтты болсын! Сайттың тағы бір ерекшелігі «Әлеуметтік» деген бір саланың жүгін көтеретіндігі. Шындығын айтсақ еліміз кедейшілік жөнінен әлемдегі 178 мемлекеттің ішінде 146 орында екенбіз. Бұл біздіңше мына дағдарысты заманда, қымбатшылық қысқан шақта біздің халқымыздың өте ауыр жағдайда екенінің заңды көрінісі. Яғни қалың бұқара көмекке зәру. Билікке бұқара үнін, жанайқайын Бұқар жыраудай тайсалмай жеткізетін сайт ауадай қажет. «ЕлАна» сол жүкті көтере алатын ғаламтордағы зор үніміз болатынына толық сенімдіміз.
Әрине, тек әлеуметтік жағы ғана емес әлі де болса басқа рухани салаларымызда ақсап жатқан тұстарымыз жетерлік. Солардың бірі де бірегейі ұрпақ тәрбиесі, отбасылық жағдай. «ЕлАна» осы мәселелерге аналық мейірімін, шуағын төксін! Көкейтесті мәселелерді, күнделікті уақыт тынысын тек айтып қана қоймай, солардың шешімдерін шығару, сараптамалық басалқылы қуатты пікірі арқылы биліктің назарын аудару сайттың міндеті мен парызына айналуы тиіс. Сонымен қадірлі «Елана» сайты, қадамың аршынды, үнің қуатты, күнің шуақты, көтерген мәселең алымды, мақалаларың қарымды болсын және халқыңның сүйіктісіне, ардақтысына, қорғанына, көзайымына айнал! Халқымыз әз-Наурыз мерекесімен, төл жаңа жылымен құттықтай отырып, берекелі, ырысты, ғибратты, ынтымақты, бірлікті ел болуын Аллам нәсіп етсін!
Ертай Айғалиұлы,
Халықаралық «Қазақстан ZAMAN»
газетінің бас редакторы, жазушы