Бозымбаев Баталовтан қалған былықты жөндей ала ма?
«Жөндейміз! Жасаймыз! Іске асырамыз!» деп Бозымбаев мырза уәдені үйіп-төгіп, қалың көпшілікке жауап беріп, аттың үстінде нық отыр. Баталов биліктен кетті. Бірақ артында таудай- таудай проблемалар, ойсыраған кемшіліктер қалды.
Баталов пен Бозымбаев кім? Баталов – Алматы облысының бұрынғы әкімі, Бозымбаев – қазіргісі. Екеуі де орыстілді шенеуніктер. Бірақ қазақшаны күштеп болса да сөйлей алады немесе дайын баяндаманы оқып бере алады. Оған да шүкір дейміз. Қандай былық, қандай проблемалар мен кемшіліктер?
Осы сауалдарға жауап ретінде көрген-білген, халықпен сөйлескен нақты деректермен сіздермен бүгін бөліскіміз келеді. Жабулы қазан жабулы күйінде қалдыруға да болар еді, оған журналистік арым жібермеді. Жылаған, мұңға батқан, амалдары таусылған, жабыққан, жігерлері әбден мұқалған қарашаның үнін жеткізерміз, жазармыз-ау біз, алайда оны еститін үкімет, әкім-қаралардың барына күмәніміз бар. Біз ғана емес, бұған қалың бұқара да күмәнді. Қазір әкімдердің жер-жерде халыққа есеп беру жиналыстары қызу жүріп жатыр. Осындай жиналыстарға бас сұға алмай ызаланған жандарда есеп жоқ және ішке кіруге жол тапқандардың кезегін көрсең, таң қаласың. Не деген көп проблемалар десеңші! Бұл – Назарбаев жүйесінің 30 жылда жасап кеткен былықтары (әлі де сол жүйе мызғымай отыр). Жемқорлық, парақорлық, жең ұшынан жалғасу, сатқындық тәрізді лас тірліктері арқылы мемлекетімізді жар жиегіне әкелген оларға қандай ауыр жаза қолданса да болатынын қаһарлы халық айтып, шырылдап жеткізіп жатқанын жақсы білеміз. Сонымен, іске көшейік!
Жолы жамау-жамау,
Мәдениет сарайлары жоқ қайран Нарынқол!
Өткен аптада Кеген, Нарынқолға сапар шектік. Алдымен жол-жөнекей көргендерімізге тоқталайық. Кеген – Нарынқол арасындағы ойдым-ойдым жолдармен жүрудің азабын тілмен жеткізуге болмас. Бұл жол мәселесін қанша жаз, жазба, «баяғы жартас – бір жартас». Доңғалақтары майысқан, сынған бірнеше машиналарды көрдік. Жол жөндеушілер жылда жамап-жасқағанмен, көп өтпей баяғы ойдым-ойдым қалпына түседі. Біз бара жатқанда да жер жамап жатқандарды көріп, олармен тоқтап әңгімелестік. Облыс әкімі Бозымбаев келе жатыр екен. «Әкім келмесе жөндемейсіздер ме?» деген сауалымызға «Жөндейміз ғой. Бірақ бәрі қымбат. Нән әкімнен қорыққаннан қазір амал жоқ, аз-мұз қаржы бөлді. Сіздер әкімнің есеп беру жиналысына қатыссаңыздар, мына мәселені айтыңыздаршы. Бұл күрежол республикалық дәрежедегі мәртебеге ие. Біздің аудан бұл мәртебеде тұрғанда оны жөндеуге, қайта салуға құқысы жоқ. Біздің «осы жолды асфальттаңыздаршы» деп Үкімет тарапына жазған ресми немесе ресми емес хатымызда есеп жоқ. Осы өңірге ат ізін салған лауазымды тұлғаларға айтатын ең бірінші өтінішіміз – әрқашанда жол мәселесі. Бірақ олардан еш нәтиже жоқ. Бәрі желге ұшқанмен бірдей. Енді біздің діттегеніміз – бұл жолды республикалық мәртебеден аудандық мәртебеге айналдыру. Сөйтіп, оны өзіміз қаржы тауып, жөндеу немесе қайта салу» деді олар өтініштерін қиыла айтып.
Біз іссапардан оралған кезде белгілі журналист, Парламент депутаты, осы өңірдің тумасы Жанарбек Әшімжан Үкімет басшысына Кеген – Нарынқол жолының мүшкіл жағдайы туралы кесімді сөзін айтып жатты. Бұл да болса көңілге демеу.
Қайдан өтіп кеткені белгісіз, біз Нарынқолға келгенде облыс әкімі Бозымбаев жергілікті тұрғындармен кездесіп, кетіп те қалыпты. Орнын сипап қалғанмен, сол кездесудің куәгері болған қарттармен кездестік.
– Сұрақ қоюшылар, өңірдегі көкейтесті мәселелерді қаузаған тұрғындар көп болды, – деп сөз бастады Құрманбай Мүсәпірұлы ақсақал. – Әлбетте, жолдың жағдайы әдеттегіше бірінші айтылды. Сондай-ақ, су мәселесінде қиналып отырған Сүмбе, Қызыл шекара ауылдарының жағдайын да жеткіздік. Канал қазылған. Бұрын аста-төк келетін ағын су соңғы жылдары біржола тоқтады десе де болады. «Жасаймыз!» деп облыс әкімі уәде берді. Тағы бір үлкен мәселе ауылдардағы Мәдениет сарайлары жайлы болды. Бірен-саран ауылда болмаса, Мәдениет сарайы жоқтың қасы. Ұят нәрсе. «Саламыз!» деді Бозымбаев бірден жауап беріп. Жайылымдық жердің тарылып бара жатқандығына да алаңдаулы елге басу айтып, көңілдерін демдеді. Менің таң қалатыным, әкімдер есеп беру жиналысында уәделерін үйіп-төгеді. Бірақ оның дені орындалмайды.
Сүмбе ауылының тұрғыны Құрекеңнің сөзінде ащы шындық бар. Әйтпесе 30 жылдан бері осы айтылғандарды, кемшіліктер мен көкейтесті мәселелерді құзырлы орындар білмейді дейсіз бе? Біледі. «Жасаймыз!» деп шығарып салма өтірік сөздерді қалайша шімірікпей айтып, уәдесінде тұрмайды? Орындай алмайсың ба, уәде берме, халықты балаша алдама! Халық содан да билікке сенбейді. Сенімсіздік осыдан туындайды.
Шекарамызды «қарақшылар» күзетсе, жетіскен екенбіз!
Сүмбе, Қызыл шекара – тура Қытайдың іргесінде орналасқан ауылдар. Бейтарап жерді қоршаған шекараның арғы жағында ішіне құпиясын бүгіп Қытай елі жатыр аяғын кеңге алып. Қорқынышты да күңгірт көңілді Қытай жақта орманды алқап көрініс береді.
– Әнеу заставасы, таудың басында үлкен кеңсесі орналасқан. Тұрғындары бұрын негізінен қазақтар болатын. Қазір ол жерлерде қытайлар көп деседі. Жолдарын қараңызшы, тақтайдай тегіс. Ал мынау бейтарап жерге егін егеміз. Негізінен, біздің егінжай. Күзде егін жиналған соң, малды осы жерге жаямыз. Әнеу тұрған – біздің застава. Бұрын онда әскерлер саны көп болатын. Қазір бес шекарашы ғана бар. Екі жағында бірнеше шақырым. Олар ол жерлерді қалай бақылайды, соған түсінбеймін. Ал егер арғы жағындағы Қытай әскерлері бізге аяқ астынан лап берсе ше? Топан судай қаптаған мың сан әскерге осы санаулы әскеріміз дес бере ала ма? – деп, жолбасшым Дәурен бауырым осылай әңгіме шертті.
Өте қорқынышты сауал. Жүрегің дір ете түсті. Тағы да мәжіліс депутаты, әріптес інім Жанарбектің Үкіметке жасаған депутаттық сауалнамасы есіме түсті. Ол шекара бекеттеріндегі жағдайдың өте нашар екендігін ашына жеткізді. Мәселен, ұмытпасам, Алматы облысы Панфилов ауданындағы шекара застава үйі Ақ патшаның заманында 1892 жылы салынған ескі үйде тұрады екен. Шонжыдағы «Райымбек» заставасындағы әскерлер тұратын үй мен спорт, мәжіліс залдары, кітапхана төбесінен су тамшылап, қабырғалары жарылып-жарылып кетіпті. Тіптен қару-жарақ сақтайтын орындар түртіп қалсаң құлайын деп тұрған сияқты. Негізінен, шекарадағы жағдайымыз дәл осындай аса мүшкіл екенін депутат үкіметке жеткізді.
Жақында «Жас Алаш» газетінде «Қазақстан шекарасын «қарақшы» күзетеді» деген дабылды мақала шықты. Сарбаздар жетіспеген соң, арғы жаққа көз қылып қарақшы қояды екен. Ойбай-ау, бұдан өткен масқара бар ма? Оны көздері қыранның көздеріндей қытай әскері білмейді, көрмейді деп ойлайды ма екен?
Қытаймен арадағы шекарамыздың ұзындығы 1780 шақырымға созылады екен. Шекара жағдайын жақсы білетін бір азаматпен әңгімелестік. Аты-жөнін жария етуге қарсы болды. Қытай шекарасын әбден нықтап алған. 200 метр сайын бір пост бар. Посттарға жергілікті жердің тұрғынын шекарашы етіп алады екен. Ол вахталық әдіспен жүзеге асырылады. Бұл шекарадағы ауылдардағы тұрғындардың жұмыссыздығын азайтады. Посттарда жылу, жарық жүйесі, ғаламтор желісі тартылған. «Батысты игеру» деген саясатпен шекара бойына қалалар салынып, ішкі жақтан ханзуларды әкеліп, шоғырландырып тастаған. Ал бізде керісінше. Пост деген атымен жоқ. Жол жағдайы өте нашар. Жылу, ғаламтор мәселесі түсімізге де кірмейді. Біз шекараға барғанда телефонымызды бірден қытай «иеленіп» алды. Дәурен бауырым айтқандай, ен шекараны қолмен санағандай сарбаздар қалай игереді, қалай бақылайды? Бұл сауал Жаңа Қазақстанда жедел шешілмесе, аяқ астынан «жау шауып» жағдайымыз қиынға айналуы әбден мүмкін.
Аралас мектептің дау-дамайы әлі бітпеген бе?
Талғар ауданының әкімшілігіне бір орыс келіншек бізбен қабаттаса кірді. Ашулы. Аяқтарын дік-дік басады. Мән-жайды сұрадық. Сөйтсек, орыс ата-аналары балаларын мектепте орын жоқтықтан орналастыра алмай жүр екен. Себебі аралас мектеп болады деп үміттенгендері аяқ астынан қазақ мектебіне айналған. Біз бұл мәселенің шешімінің түйіні көпке дейін шешілмегенін жақсы білетінбіз. Сұрастырып едік, сол мектеп екен. Иә, аралас мектепке айналдырамыз деп күрескен топтың бір мүшесімен танысудың сәті түсті.
Бұл мәселе ушығып, аудандағы белсенді мүшелер, тіл жанашырлары қазақ баспасөзіне көмек сұрап келді. «Қазақ әдебиеті» және «Қазақ үні» газеттерін де, сондай-ақ түйінді материалды біздің газетіміз де берді. Мәжіліс депутаты, мемлекеттік тіл мәселесінде ерекше көзге түсіп жүрген Қазыбек Иса да Талғардағы тартысты мәселеге белсене араласты, өз ойларын ірікпей ортаға салып: «Аралас мектеп емес, қазақ мектебі болуы тиіс!» – деп дабыл көтерді. Сөйтіп, енді-енді өмірге келуге талпынған жаңа мектептің басынан біразға дейін қара бұлт кетпеді. Талғар ауданының әкіміне ұлт зиялылары қадау-қадау ойларымен шығып, өз үндерін жеткізді.
Осыдан бір айдай бұрын ұлттық кітапханада депутат Қазыбек Иса бастаған ұлт зиялылары, мұғалімдер, тіл жанашырлары бас қосып, үлкен дөңгелек үстел жасады. Бір мектептің талайлы тағдыры «Аралас мектептердің бәрін жабу керек!» деген толғақты тақырыптың өзегіне айналды, үкіметке үндеу қабылдады. «Биылғы 1 қыркүйек – Білім күніне аралас мектепсіз барайық!» деп, олар ұран-үндеу көтерді.
Көп ұзамай сүйінші хабар ел құлағына жетті: «Талғардағы жаңа мектеп қазақ мектебі болады» деген жылы хабар қазақ белсенділерін бір қуантып тастады. Бұл мәселемен тағы да беттесеміз деп ойлаған жоқ едік. Әлгі орыс келіншекпен бірге тағы да сыбайластары болу керек, бәріміз ішкі саясат бөліміне ентіге кірдік. Ішкі саясат бөлімінің бастығы Фарида Дегенбаева ханым екен. Мың шаруасы қабаттасып, қайсысын қолға аларын білмей сасыңқырап отырғанын байқадық. Оның үстіне біз келдік. Орыс ханымдардың сөздерінде өктемдік бар. Ойлары жүзеге аспағанына ашулы. Фарида оларды салқынқандылықпен тыңдап, сол күйін сақтай отырып, оларды шығарып салды.
– Осы екі келіншек бастаған топ наразылығын үдетіп тұр. Біздің шығарған шешімімізге мойынсұнатын түрлері көрінбейді, – деді Фарида ханым ренішпен. Бұл мәселе әлі де шешілмей, аяғы шатаққа айналмаса не қылсын? Біз де Фаридаға «Ел-жұрт түгел құлақтанды. Шешім шықты. Енді қайтпаңыздар!» – деп нығыздадық. Иә, «жау кеткен соң, балтаңды тасқа шап» деген – осы.
Шұбатылған кезек… сансыз проблема…Жаңа Қазақстан…
Еңбекшіқазақ ауданы әкімшілігіне бас сұқтық. Абыр-сабыр, бәрі шапқылап жүр. Бозымбаев келіп, елмен кездеспекші екен. Өз жұмысымызды тамамдаған соң, түс ауа Мәдениет сарайына ат басын бұрдық. Халық сыймай сыртта іркіліп тұр. Бізге әзер орын табылды. Сөйлеушілер кезегі шұбатылып жатыр. Үш бірдей микрофонға кезекке тұрандарда есеп жоқ. Қаншама адам, соншама проблема. Біз қойылған сауалдардың бәріне болмаса да бірнешеуіне тоқталайық.
Ащысай ауылына әлі газ жетпеген. Жайылым жоқ есебі. Жердің барлығын байлар иемденіп алып, қоршап тастаған. Мектеп ескі. Ғимарат құлайын деп тұр. Жол нашар. Жаңбыр жауса, халық батпақтап жүре алмайды.
Ахметова Гүлзия бұрын білім бөлімінде істеген екен. Мектептердегі жағдайларға көңілі толмайды. Мәселен, Казаткомға мектепте спорт залы жоқ. Қойшыбек пен Өркен ауылдарында да солай. Абай атындағы мектептің ғимаратында бұрын шошқа базы болған. Оқушылардың оқуына толық жағдай жасалмаған. Түрген мектебі 640 орындық. Бірақ бұл мектепте қазір 1200 бала оқиды екен.
Бөлек ауылында да жайылым тар. 5-6 гектар жерге ғана ауыл тұрғындары мал баға алады. Қалған жерлер қоршаулы. «Жығылған үстіне жұдырық» дегендей, енді сол тар жайылымға карьер қазамыз деп біреулер келгіштеп жүр. «Мұны айтып барсақ, облыс департаменттері бір-біріне сілтейді» дейді тұрғындар.
Көгілдір отын мәселесі толық шешілмей тұр. Ауданда 79 ауыл бар. 2014 жылдан бері соның бар болғаны 34 пайызына көгілдір отын жеткізілген. Әлі 50-дей ауыл бар. Оны есептегенде бұл ауылдарға газ жағу үшін 16 жыл керек. Міне, қандай парадокс!
Төлеби ауылында жол ойдым-ойдым. Жайылым жоқтың қасы. Аурухана үйі ескі. Тіптен ауыл әкімдігінің тұрақты кеңсесі де жоқ.
Міне, бір-біріне ұқсас, тізбектелген көкейтесті мәселелер. Бозымбаевтың басы шарадай болғаны анық. Бірақ «жөндейміз, жасаймыз, көмектесеміз» деп, шыр-шыр етеді. Баталовтан қалған былық па, әлде Назарбаевтың қалдырған былығы ма бұл? Ал ендеше түсініп көр! Жаңа Қазақстанды бұл түрімізбен қалай құрамыз? Ескі жүйе, ескі проблема…
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ,
Асим СУЛАЙМАНОВ