Алаш үкіметінің 100 жылдығы өз деңгейінде аталып өте ме?
Азаттық аңсаған қазақ зиялылары тәуелсіздікті аңсап өтті. Бүгіндері кер ауыздар сөз етіп жүргендей, Қазақ автономиясын құрған Кеңес өкіметі емес, Алашорда кеңесі мен Алашорда үкіметі болатын. Алашорда үкіметі 1917 жылдың желтоқсан айында құрылды, ал 1919 жылдың желтоқсан айында оны Кеңес өкіметі ресми мойындады. Сәл кейінірек Қазақ Автономиялы республикасы 1920 жылы қазан айында жарияланды. Бізге жеткен деректер осылай дейді. Парламенттің жалпы отырысында «Ақ жол» демократиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев Үкімет басшысына Алаш Орда үкіметі жайында депутаттық сауал жолдады. Осы сауал жөніндегі сұхбатты назарларыңызға ұсынып отырмыз.
— «Алаш» партиясы жайлы, олардың елге жасаған қызметі мен елеулі еңбектері туралы «Ақ жол» партиясы аз айтып жүрген жоқ. Бұл жолы Парламент мінберінен Алаш Орда Үкіметі жайлы Үкімет басшысы Б. Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдадыңыз. Сауалдың мәнісіне тоқтала кетсеңіз.
— 2017 жылы Алаш ұлттық автономиясының, Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толады. Бұл — ұлттық-демократиялық қозғалыс тарихындағы елеулі кезең. Алаш қозғалысының ұстанымдары қазақ мемлекеттігін мақсат етті. Бірақ азаттықтың жаршысы болған Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлеріне көздеген мақсаттарына жетуге мүмкіндік болмады. Алаш арыстарының ең басты еңбегі — олар заманның қиыншылықтарына қарамастан ел еркіндігіне атсалысып, қолдан келгеннің бәрін жасады. Сол жолда олар қанын да, жанын да аяған жоқ. Осындай ұлт үшін жанкештілікті ел жадынан шығармау — ел Үкіметіне сын. Депутаттық сауал осы мәселені қаузайды. Және біздің ұсынысымызды ескере отырып, көтерілген мәселеге орай Үкімет тарапынан қабылданатын шаралар жөнінде хабардар етуді сұрадық.
— Расын айту керек, Алаш арыстарының еңбектерімен бүгінгі көзі ашық қауым етене таныс. Олар жайлы әңгіме туса, рухымыз көтеріліп қалатыны бар. Қалай ойлайсыз, арыстардың арман-мұраттары бүгіндері қаншалықты орындалды?
— Мынаны есте сақтайық. Бостандық жолында құрбан болған Алаш арыстарының еңбегі мен ерлігі зая кеткен жоқ. Олардың арман-мақсаттары бүгінгі таңда орындалды. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстан оған дәлел. Алаш қайраткерлерінің тәжірибесі Елбасы айқындап берген «Мәңгілік Ел» патриоттық актісімен үндесіп жатыр. Президентіміз Н.Ә.Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» еңбегінің «Алаш мұрасы және осы заман» атты тарауында «ХХ ғасырдың басындағы қазақ қоғамында зиялы қауым қалыптасуының ұрпақтар эстафетасы сияқты сипаты болғанын атап айтқан абзал» деп көрсеткен болатын.
— Алаш партиясының және Алаш Орда үкіметінің құрылғанына 100 жыл толуы ұлтымыз үшін үлкен мереке екені даусыз. Қарап тұрсақ, 2017 жыл да таяқ тастам жерде тұр. Дайындық барысына көңілдеріңіз тола ма?
— Дайындық жоқ деп ауызды құр шөппен сүртпейік. Әзірлік жүріп жатыр. Бірақ ел Үкіметі қанатының астына алса, көптеген түйткілдердің түйіндері шешілері даусыз. Біз «Алаштың» 100 жылдығын ел өміріндегі маңызды тарихи оқиға ретінде бағалап, жас ұрпақты отансүйгіштікке, мемлекетшілдікке тәрбиелеудің бірден-бір жолы деп санап, оның дайындығына Үкіметті, басқа да мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдарды қазірден кірісуге шақырамыз. Оны өткізуді салмақты әрі сапалы дайындықпен жоспарлау қажет деп санаймыз. «Ақ жол» фракциясы Қазақстан Республикасы Үкіметіне, қазақ халқының бостандығы үшін аянбай еңбек еткен Алаш қайраткерлерін лайықты ұлықтауға арналған танымдық іс-шаралар белгілеп, іске асыруды ұсынады.
— Уақытыңызды бөліп, сұрақтарға жауап бергеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК