ӨМІРІ ЕҢБЕКПЕН ӨРІЛГЕН ӘЙГЕРІМ
Арманшыл жас Алматы экономика және статистика академиясында білімін шыңдаған кәнігі экономист. Жоғары оқу орнынан алған ілімін маман ретінде Жамбыл ауданының халықты жұмыспен қамту орталығында жастар тәжірибесімен жүзеге асырды. Араға уақыт салып, табандылығы мен өжеттілігінің арқасында аталған мекеменің есепшісі деген жауапты қызметтің тұтқасын ұстады. Иә, ерекше біліктілікті қажет ететін есепші мамандығына бәрінің бірдей жүрегі дауалай бермейтіні шын.
– Бірлігі мығым ұжыммен бірге барлық қуаныш пен қиыншылықты бірге өткеруге әркез дайын болу қажет. Ең бастысы, өз қызметіңе адал болсаң, азды-көпті нәпақаңды айырып отырған жұмыс орнына әрдайым алғыс сезімімен, жанашырлықпен қарасаң, әріптестеріңе деген сый-құрмет, көзқарасың түзу болса, абырой сенен алыстамайды. Өзің адал, тәубешіл, еңбекқор болуың керек, – дейді кейіпкеріміз бізбен тілдескенде.
Әріптестерінің айтуынша Әйгерім өз жұмысына жауапкершілікпен қарайды, өте ұқыпты, тапсырылған жұмыстарды дер кезінде орындауға дағдыланған. Қызмет барысындағы өрелі істерге бел шеше араласады.
Сұхбат барысында байқағанымыз, жас та болса бойында жігерлілік, шыдамдылық, шапшаңдық, икемділік, ептілік және иілгіштік қабілеттерінің бәрі жоғары деңгейде. Бұл өз кезегінде артына өсіп әріптестеріне өнеге болып тұрған іспеттес.
Еселі еңбегімен үлгілі атанған жанның Жамбыл ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін аудан әкімінің алғыс хатымен мекеменің Құрмет грамотасын иеленген. Бұл талапшыл жастың – еңбек жолында алған игі марапаттарының бір топтамасы ғана. «Еңбек ерлікке жеткізер» дегендей, әрқашан шыншылдық пен адалдықты ту еткен кейіпкерімізге сәттілік пен бар жақсылықты тілейміз тілейміз.
Түйін: Ай бойы төккен теріміздің өтеуі ретінде банктегі есепшотымызға жалақы түсіретін де,іссапарға шығып жатсақ, қалтамызға тиісті қаржыны салып беретін де есепшілер. Мереке күндері жақындағанда сыйақыны сарғая күтіп есеп-қисап бөліміне үмітпен қарап отырамыз тағы бар. Қаржыдан тапшылық көріп айдың бел ортасында аванс аларда есепшілердің әр әрекетіне құрметпен қарап, еңбектеріне алғыс білдіретініміз тағы рас…
Жәнібек АЙТБЕКҰЛЫ,
Жамбыл ауданы.