ӘЙЕЛДІҢ ҚЫРЫҚ ЖАНЫ ЖОҚ.

Алты перзентіне қарау, ас-ауқат дайындау, кір жуу, нан пісіру, ауланың бұрышына времянка салып жатқан күйеуіне лай қарысып, кірпіш тасу, келіндік қызмет. Бәрі мойнында. Анда-санда күйеуіне «дәрігерге қаралсам ба, белiм шыдатпай тұр» дегенге «өлмейсің, әйелдің қырық жаны бар» деген жауап еститін.
Ауыруға қақы болмаған соң, дерті қатты қысса да, шыдауына тура келді. Ақыры төсек тартып жатып қалды. Ауыл дәрігері берген шөп дәріден көмек болмады.
Облыстағы ауруханаға жатқызды. Сонда да нашарлай берді. Күннен-күнге өңі қашты. Дәрігер күйеуін шақырып алып, «өте кеш әкелдiңдер, ауру денеге тарап кеткен» деп, үйіне қайтарды.
Ауруы жеңіп, көзін аша алмай жатқан әйелін еркек жедел жәрдем көлігімен әкетіп барады. Тізесіне басы қойылған келіншегінің жүзіне карап жылап жіберді: «Көзіңді ашшы, сен бізге керексің, балаларды жеткізуіміз керек, апасы» деді. Барған сайын сағаты таусылып, емір шамы сөніп бара жатқан әйел көзін әрең ашты. Күйеуінің күшті қолын әлсіз, дірілдеген саусақтарының арасына алып, сәл ғана мұңлы жымиды:
— Әкесі, балаларды сізге, сізді Құдайға тапсырдым. Қыздарыма бір сөзді жақсылап жеткiзiнiз, өздеріне қарасын. Оларға айтыңыз, әйелдің қырық жаны жок екен. Олардың да бір ғана жаны бар. Сол жанды абайлап сақтасын, өздеріне қамқор болсын. Әйтпесе… Әйел сөзін аяқтай алмады. Қырқыншы жаны үйге жетуге бірнеше қадам қалғанда…
Қырғыз тілінен аударылған. Авторы: Каттабек Шамшиев Аударған: Нұргүл Тапаева