Биыл Қарағанды облысында 21 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда

 Үкімет қабылдаған тоғыз ұлттық жоба халықты жұмыспен қамтуды дамытуға бағытталған. Қарағанды облысында биыл 21 мыңға жуық жұмыс орнын құру жоспары белгіленген.

Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Әсем Жүніспекова аппараттық кеңесте атқарылған жұмыстар туралы айтып берді.

– Бес айдың қорытындысы бойынша кәсіпкерлікті дамытудың республикалық жобасымен 10 721 адам қамтылса, оның 7 мыңға жуығы тұрақты жұмысқа орналасты. Еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 204 адам жіберілді. Курстар жұмысқа орналасу кепілдігімен жұмыс берушілердің өтініші бойынша өткізіледі, – дейді баяндамашы.

Басқарма басшысының айтуынша, жастар тәжірибесіне – 191, әлеуметтік жұмыс орындарына – 390, қоғамдық жұмыстарға – 3081 адам жіберілген.

«Алғашқы жұмыс орны» жобасының мүмкіндіктерін 44 адам пайдалана алды. Теміртау мен Шахтинск қалаларында «Ұрпақтар келісімі» жобасы іске қосылды.

Бизнес-идеяларды жүзеге асыруға гранттар беру басталды. Биыл өз ісін жаңа бастаған 755 кәсіпкерге қолдау көрсетіледі.

«Электрондық еңбек биржасы» порталында (enbek.kz) ұлттық жобалар аясындағы бос жұмыс орындары жариялана бастады. Қазірдің өзінде ресурс бойынша Қарағанды облысынан 2405 ұсыныс бар.

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы бойынша белсенді жұмыс істеуді тапсырды. Электрондық еңбек биржасының деректер базасына барлық бос жұмыс орындарын енгізу қажет.

– Ұлттық жобалардың басты міндеті – жаңа жұмыс орындарын ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Жоспарланған барлық көрсеткіштерді қамтамасыз ету қажет, – деп атап өтті аймақ басшысы.

 

Жомарт Шаймұрат