Нан созған қолды қайтарған әке…..
Бағдат қаласын аштық жайлағанды. Аштық әсіресе, жүк тасушы арбакештерге қатты тиді.
Жаңа піскен нанның иісі көшеден-ақ мұрынды жарып бара жатқан соң бір арбакеш сол үйдің есігін қағып:
– Аллаһ Разылығы үшін бір үзім нан беріңдерші, қанша күн болды нәр татпадым, – деді.
Пештің жанындағы әйел жаңа піскен нанды қызына ұстатып,
– Мына нанды апарып бер,- деді.
Қызы нанды әдемілеп орап, аш арбакешке берді.Арбакештің қуанышында шек жоқ. Үйіне бет алғаны сол еді, қарсы жақтан келген бір өктем дауыс тоқтатты.
-Тез айт, нанды қай үйден алдың?
Арбакеш артқа бұрылып, нан алған үйді нұсқады.Адам ашулы кейіппен:
-Жаңылмаппын, осындай бір уақытта басқа кімнің үйінен алсын нанды? – деп, үйге қарай бет алды.
Есікті ашар-ашпас:
-Арбакешке нанды кім берді? – деп байбалам салды.
Әйелі қорыққанынан қызын көрсетті. «Қызы ғой, жаны ашып, ештеңе істей қоймас» деп ойлады. Бірақ, іштарлық пен шүкірсіздік әкесінің ішкі дүниесін жаулап алғанды. Қолындағы таяқпен қызының нан берген алақанынан салып қалғанда, қолы қайырылған күйде қала берді. Әкесі:
– Мен барлық аш адамдарға нан таратсам, бұл үйде нан қайдан қалсын?- деп өз-өзіне мырылдап қояды.
Бірақ әрбір нығмет шүкір қалары хақ. Шүкірсіздік болса нығметтің қайта алынуына себеп еді. Әке жасаған әрекеттің нәтижесі де айдан анық болды.
Көп ұзамай жұмыстары жүрмей, базардың орталығындағы кірісі мол дүкенін сатуға мәжбүр болды. Уақыт өте, үйіне нан әкелетін жағдайдан да қалды. Бір күні қызына:
– Енді маған үміт артпаңдар. Себебі, бүгін нан ала алатындай ақша да таба алмадым. Базарға барып, қайыр сұрап, нан алатын ақша әкел,- деді.
Қызы базар жаққа барып, ұялып қысылса да, өздерінің ескі дүкенінің қасына келіп тұрды. Мүмкін, таныстарды көрермін солардан сұрармын деп ойлады. Дүкеннің ішіндегі кісі қызды көріп қасына жақындап:
– Сен бейкүнә жанға ұқсайсың, бұл жерде не күтіп тұрсың? – деп сұрады. Әрине мән-жайды түсінгенді.
– Нан алатын ақшамыз қалмады, таныс біреу кезіксе ақша сұрағым келген,- деп тіл қатты.
Қолын қалтасына салып, барлық ақшаны қызға ұсынып:
– Ал,- деді. Бұл акшаға қалағаныңша нан ала аласың. Осылайша менде берілген нығметтің шүкірін өтеген боламын,- деді.
Сол мезет дүкеншіні қыздың бір қолын тығып тұрғаны бейжай қалдырмады.
– Қолыңда жара болса емдетейін, неге тығып тұрсың?-деп сұрады. Жаратқан маған нығметті молынан берді, шүкірін тек жақсылық жасау арқылы өтей аламын.
Қанша айтқысы келмесе де, дүкенші қоймағасын, өткен мән-жайды баяндады.
– Мен аш арбакеш біреуге нан берген едім. Жолда арбакешті көрген әкем нанды қайдан алғанын сұрайды, ол біздің үйді сілтейді.
Ашуға булыққан әкем үйге келіп нан берген қолымды таяғымен салып қалғанда қолым қайырылып, осылай қисық боп қалды. Жұртқа көрсетуден ұяламын, сол себептен үйде отырып қалдым деп, – қыз сөзін аяқтады.
Бұл оқиғаны естіген дүкенші айқайлай бастады:
-Көрші қолаң! Дос-жаран! Мына жерге жиналыңыздар! Мен қиялымдағы аруды таптым, өмірлік жарым қарсымда тұр.
Сіздер де куә болыңыздар,- деп оқиғасын айта бастады
– Нан сұраған мүшкіл жан мен едім. Қолыңның осындай халге душар болуына мен себепші болдым. Себепші бола тұра сені осы халде жалғыз тастай алмаймын.
Бұл іске Аллаһ Разы болмайды. Сені көргенде жүрегім лүпілдеп, маған нан берген қызға қатты ұқсайды екен деген ой келгенді. Жаңылмаппын. Әкең ашкөзденіп, шүкірлік қылмағаны үшін Аллаһ Тағала дүкенін қолдан алып маған нәсіп етті.
Ал, енді сынақ уақыты маған келді. Әкең түскен шүкірсіздік орына түскім келмейді. Кел, некемізді қидырып, әкеңді күйзелістен бірге құтқарайық, – деп нан берген қолды жаралаған шүкірсіз әкеге қарай беттеді.
Ұлту Қабаева.