БИЫЛ ОБЛЫСТА «ЖАСЫЛ ЕЛ» ЕҢБЕК ЖАСАҒЫНА 2 МЫННАН АСА ЖАС ҚАМТЫЛАДЫ
Бұл туралы ӨКҚ баспасөз алаңында әкімдіктің жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Серікбол Берікқожа айтты. Ол аймақта биыл жастар саясатын жүзеге асыруға 1 млрд. 358 мың теңге қаржы қаралғанын жеткізді. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде 65,9 млн. теңгеге 22 жоба қаржыландырылып, волонтерлар мектебінің жұмысын жандандыру, жастар арасындағы экологиялық мәдениетті нығайту, отбасы құндылықтарын насихаттау, әскери-патриоттық тәрбиелеу секілді қоғамдық-саяси маңызға ие іс-шаралар ұйымдастырылуда.
«Жыл басынан бері 4 489 жас жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылды. Енді «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жоба аясында 21 838 жасқа қолдау көрсетілмек. Жұмыссыз, оқымайтын жастардың үлесі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,2-ден 7,6 пайызға төмендеді. Жастарды бос уақытында еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағын іске асырамыз. Бұған бюджеттен 85 млн. теңге қаржы қаралды, 2 056 жасты тартамыз. Қазірдің өзінде 1 мыңға жуық жас жұмыс істеп жатыр», — деді спикер.
Серікбол Қайратұлы жалпы облыста 5 мыңнан астам жас кәсіпкер тіркелгенін де атап өтті. Сондай-ақ, ағымдағы жылы кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында 1 622 адамды «Бастау бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жоспарланған.
Жамбыл облысы ішкі саясат басқармасының Өңірлік коммуникациялар қызметі