Сылдыр атты қарағандылық тазы Нұра ауданындағы турнирде бірінші болды
Қазақ тазыларының жарысына Қарағанды және Ақмола облыстарынан елуден астам тазы қатысты. «Тазы жарысы» турнирі Нұра ауданында иттердің екі жас санаты арасында өтті: бір жасқа дейінгі күшіктер бір километрге және ересектер – бір жарым километрге жүгіруден жарысты.
«Жарыс ұлттық спорт түрін насихаттау, тәжірибе алмасу және тазы тұқымын дәріптеу мақсатында ұйымдастырылды, – деп атап өтті ұйымдастырушылар. – Біздің ауданда және жалпы облыста бұл құнды тұқымға деген қызығушылық күн сайын артып келеді. Оған дәлел турнирлерге қатысқысы келетіндердің санының артуы».
Күшіктердің жарысында бірінші орынды Ақмола облысынан келген Жұлар атты тазы алды. Екінші орынды – Нұра ауданының Кертінді ауылындағы Үш ақ атты тазы. Үшінші болып Нұра ауданы Егінді ауылының Алау күшігі атанды.
Ересек тазылардың жарысында Қарағандыдан Сылдыр атты тазы бірінші орынға ие болды. Екінші боп Ақмола облысының Басар тазысы келді. Үшінші орынға Осакаров ауданынан келген Аққұм атты тазы ие болды.
– Жарыс бес тазыдан ұйымдастырылды. Әр топтағы жеңімпаздар финалға өтіп, өзара жарысты. Нәтижесінде біз ең жылдам деген үшеуін таңдадық, – дейді турнирдің бас төрешісі Төлеген Әбдікешев. – Басар есімді тазы көптеген жарыстардың жүлдегері екенін атап өткім келеді. Бұл үнемі жақсы нәтиже беретін әйгілі таза қанды тазы.
Жеңімпаздар Нұра ауданының дене шынықтыру және спорт бөлімінің кубоктарымен және медальдарымен және демеушілердің ақшалай сыйлықтарымен марапатталды.
Жомарт Шаймұрат