Облыс әкімі Тараз қаласының тұрғындарымен кездесті
Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов Тараз қаласының №1 аумақтық тұрғындарымен кездесіп, азаматтарды жеке мәселелелері бойынша қабылдаулар өткізді.
Басқосуға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.
№32 орта мектептің мәжіліс залында өткен жиында алдымен Тараз қаласы әкімінің міндетін атқарушы Қайрат Исмаилдың атқарылған жұмыстар бойынша есебі тыңдалды.
Айта кетейік, аталған аумақтық округтің құрамына «Астана» (12) шағын ауданы, «Төрткөл», «Дорожник» тұрғын алқаптары кіреді. Ондағы халықтың саны 32800 адамды құрайды.
Қайрат Исмаил көшелерді жарықтандыру, абаттандыру, аялдамалар орнату, тұрғын үйлерді жаңғырту және тағы басқа да бағытттағы жұмыстар жөнінде баяндады. Бірқатар өзекті мәселелерге де тоқталып, шешілу барысын жеткізді.
Бұдан соң облыс әкімі тұрғындардың өзекті сауалдарына жауап берді. Көтерілген сауалдардың дені көше жөндеу, кәріз, қоғамдық көлік және әлеуметтік мәселелер болды.
— Округте қаланың жоспарына сәйкес жұмыстар атқарылуда. Барлық мәселені бір жылда шешіп тастау мүмкін емес. Ең алдымен өзекті мәселелерге ден қоюға тиіспіз. Жұмыстар бюджеттің мүмкіншілігіне қарай кезең-кезеңімен орындалады.
Бізге бұл тұрғыда халықтың билікке деген сенімі маңызды. Сенім, өзара түсіністік болған жағдайда ғана қандайда бір жетістікке жете аламыз, -дей келе Нұржан Нұржігітов кейбір жағдайлар бойынша жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Аймақ басшысы кездесуден соң бірқатар азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.
Жамбыл облысы