КƏСІПКЕРЛІК ҚҰРЫЛЫМЫНА ЖАҢАША КӨЗҚАРАС
Ел экономикасын орнықтыратын бірден бір сала, ол – кәсіпкерлік бағыты екені белгілі. Аталған бизнес әлемі «белін бекем буып», екі аяғымен нық тұрғанда ғана жұмыссыздыққа «жүген» салынып, көп жағдайда кең көсілуге мүмкіндік болмай, көңілімізге қаяу түсіретін бюджет қоржыны да қалыңдай түсетіні анық.
Осы ретте, елімізде «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» дайындалып, жүзеге асырыла бастады.
Басты мақсаты – кәсіпкерлік құрылымындағы сапалы өзгерістерді қамтамасыз ету, халықты жұмыспен қамтуды арттыру үшін шағын бизнесті дамыту, экономика салаларын әртараптандырудың драйвері – орта бизнеске сүйену мен кәсіпкерлік субъектілері үшін тең жағдайлар – бәсекелестікті кешенді дамыту болып табылатын жобаның аталмыш бағыттарын іске қосу аясында 10 міндет, 30 көрсеткіш пен 69 іс-шара да көзделіп отыр.
Бұл Ұлттық жобаны қаржыландыру көлемі де қомақты, ол шамамен 8,5 трлн. теңгеден астам қаржыға келіп тірелген. Оның 1 трлн. теңгесі республикалық бюджеттен алынса, жергілікті бюджеттерден 125 млрд. теңге қарастырылып, 7,3 трлн. теңге сомасына жеке инвестициялар тарту қамтамасыз етілмек.
Соншама қаржы құйылатын аталған Ұлттық жобаның негізінде кәсіпкерлік субъектілері үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру және экономикадағы мемлекеттің үлесін төмендету, сонымен қатар, ұлттық тауар өткізу желісін құрып, оны жаңғырту жағы да кең көлемде жоспарланған.
Ал, енді аудан көлеміндегі шағын және орта бизнесті қолдау жағына ойыссақ, мысалы, «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясында субсидия тетігі бойынша 2021 жылдың қорытындысымен 112,1 млн. теңгені құрайтын 21 жоба несиелері екінші деңгейлі банктер арқылы мақұлданған. Кепілдендіру тетігі бойынша 85,4 млн. теңгені құрайтын 24 жобаның да несиелері мақұлданып, іс бастауға мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, өндірістік инфрақұрылымды дамыту тетігі бойынша 53,1 млн. теңгені құрайтын 2 жобаға, жалпы, 250,6 млн. теңгені құрайтын барлығы 47 жобаға барынша қолдау көрсетіліп, арғы жылға қарағанда 13 жоба артығымен орындалған.
Өзінің ісін одан әрі дамытпақ ойдағы кәсіпкерлерге заңды түрдегі ақпараттарды ұсынар болсақ, кәсіп иелері мемлекет тарапынан несие пайызының бір бөлігін субсидиялау үшін мына шарттарды орындауы қажет: кәсіпкердің несие алуы үшін кепілінің болуы, яғни, кепілге қоятын мүлкінің болуы шарт, кәсіпкер кемінде бір жыл мерзім ішінде мемлекеттік кірістер басқармасына салық төлеуші ретінде тіркеліп тұруы керек.
Бағдарлама аясында несие алуға шектеу жоқ, бұл дегеніміз – кәсіптің барлық түрі қаржыландырылады, оның ішінде, сауда-саттық, өнеркәсіп өндірісі мен халыққа қызмет көрсету саласы да бар. Мемлекеттік бағдарламаның ережесіне сәйкес, облыстық 2-деңгейлі банктерден 15 пайыз мөлшерлемесімен несие беріліп, оның 6 пайызын кәсіпкер төлесе, 9 пайызы «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ы арқылы субсидиялануға жатады.
Ендігі кезекте, мемлекеттік гранттар беру бағытын зерделесек, жалпы, 2010- 2021 жылдар аралығында «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы аясындағы грант тетігі бойынша ауданымыздан 26,5 млн. теңгені құрайтын 13 жоба жеңімпаз атанған екен. Бүгінгі күнде грантқа қол жеткізген кәсіп иелері жылыжай шаруашылығы, бөдене өсіру, моцарелла ірімшігі мен кептірілген жеміс өндірісі, түрлі-түсті құрт пен сабын өндірісі және т.б. істермен айналысу үстінде.
Тағы бір айта кетерлігі, бизнесті қолдап, оны дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес- идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттар экономиканың басым секторларында шағын кәсіпкерлік субъектілеріне, оның ішінде, ісін жаңадан бастаған кәсіпкерлерге мемлекеттік гранттар өтеусіз негізде беріледі. Осы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік гранттарды мемлекет шағын кәсіпкерлік субъектілерінің өтінімдерін іріктеу бойынша Жамбыл облысы әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасы арқылы 2-5 млн. теңге аралығында беріледі.
Кәсіпкерлік бойынша сөз қозғағанда өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту мәселесіне де тоқталып өткеніміз абзал.
Аталған бағыт бойынша 2010-2021 жылдар аралығында 528,2 млн. теңгені құрайтын 13 жобаға қолдау көрсетілген екен. Өндірістік (индустриялық) инфрақұрылымды дамыту жекелеген жобалар үшін дербес (оның ішінде, бірнеше жобаларды қамтамасыз ету үшін), сол сияқты индустриялық аймақтарды құру шеңберінде де жаңа өндіріс құруға, жұмыс істеп тұрған өндірістерді жаңғыртуға және кеңейтуге бағытталған шағын және орта кәсіпкерлік жобаларына жетіспейтін инфрақұрылым жүргізуді білдіреді.
Жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу үшін бөлінетін қаражат су бұру, сумен жабдықтау (сумен жабдықтау үшін ұңғымаларды бұрғылау), газдандыру, су таратқыштар, бу құбырлары, жылумен жабдықтау, су құбырлары, теміржол тұйықтары, теміржол кірме жолдары, телефондандыру, кіші электр станциялары, электр беру желілері, септиктер мен бу-газ қондырғылары салалары үшін бағытталады.
Осы жетіспейтін инфрақұрылымды жүргізу шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің объектісі аумағының шекарасына дейін жүзеге асырылады, бұл ретте, кәсіпкерлік объектісі аумағының ішінде инфрақұрылым жүргізуге қаражат бөлу көзделмейді. Сонымен қатар, инфрақұрылымды салу (реконструкциялау) құны шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жобасы құнының 50 пайызынан аспауға тиіс.
Ал, енді жоғарыда аталған «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаның» және басқа да бағдарламалардың басты мақсаттарының бірі – халықты жұмыспен қамтамасыз ету үшін шағын бизнесті дамыту мен экономика салаларын әртараптандырудың драйвері – орта бизнеске сүйену болғандықтан, осы мақсатта ауданымызда атқарылып жатқан бірқатар жанды істерге нақты цифрлар мен ақпарлар арқылы зерделеу жүргізіп өтейік. Оған сүйенсек, 2021-2025 жылдары аралығында ауданымызда жалпы құны 15 млрд. 338,0 млн. теңгеге 10 инвестициялық жоба іске асырылып, 283 жаңа жұмыс орындары ашылады деп жоспарлануда екен. Оның ішінде, 2022 жылы жалпы сомасы 1391,0 млн. теңгеге 5 жоба іске қосылып, 134 адам жұмыспен қамтылады. Олардың бірқатарына жеке тоқталсақ, құны 250,0 млн. теңге болатын «Балық шаруашылығы және балық өңдеу» жобасы бойынша 15 адам жұмысқа тартылып, жылына 200 тн. балық өндіріледі. ЖК «Қалманбетов С.» «Тас-шағал өндіретін
шағын зауыты» жобасы (құны 150,0 млн.теңге) арқылы сағатына 30 тн. инертті материал өңдейді, 12 адам жұмысқа орналаса алады. Ағымдағы жылдың 5-сәуірінде «Мералко» ЖШС-нің спирт зауыты іске қосылды. Нәтижесінде, 100-ге жуық адам жұмысқа орналасқан. Алдағы 2023-2025 жылдары аралығында 1397,0 млн. теңгеге 5 жоба қамтылып, 149 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Иә, біз атап өткен Ұлттық жоба арқылы және кәсіпкерлікті дамытуды басты назарға алған басқа да бағдарламалар
негізінде Жаңа Қазақстанды жаңаша жолмен жаңғырту ісі ширатыла түсетіні даусыз. Себебі, еліміз тың бағытты таңдады, қайта өркендеу даңғылына түсті.
Әлихан НҰРАЛИЕВ,
«Меркі тынысы».