ТҮРКІСТАН: МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА СПАРТАКИАДА ҮЗДІКТЕРІ АНЫҚТАЛДЫ
Түркістандағы «Түркістан арена» стадионында мемлекеттік қызметшілер арасында спартакиаданың жабылу салтанаты өтті. Екі күнге созылған сайысқа облыс әкімдігі, департаменттер мен аудан, қала әкімдіктерінен 400-дей мемлекеттік қызметші қатысқан болатын.
Түркістан облысының құрылғанына 4 жыл толуына және Мемлекеттік қызметшілер күні мерекесіне арналған додада спорттың 7 түрінен жүлделер сарапқа салынды. Атап айтсақ, шағын футбол, волейбол, тоғызқұмалақ, бильярд, қазақ күресі, үстел теннисі және жүзуден сайыстар ұйымдастырылды. Нәтижесінде жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Бәйдібек ауданының командасы жеңіп алды. Екінші орынға Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің өрендері ие болды. Ал үшінші орын Түлкібас ауданының мемқызметшілеріне бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге кубок, диплом және медаль тапсырылды. Түркістан облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Қанат Жолдықараев спортты серік еткен өңірдің мемлекеттік қызметкерлерін марапаттап, құрмет көрсетті. Облыстық спартакиада ойындарында топ жарғандар республикалық спартакиадаға қатысады деп күтіліп отыр.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
__