Сиыр баққанды ақтан айырған оңбас
Білікті мамандардың жоғарыдағылардың құлақ етін жеген сынынан кейін Ауыл шаруашылығы министрлігі бұрынғы райынан қайтып, олардың сөзіне құлақ аса бастағандай болды. Ауыл шаруашылығы саласын кооперативтендіру мен ұжымдастыру қажеттігі сан мәрте көтерілгендіктен болар, соңғы кездері осы саладағы тоң жібіп, аталған ведомствоны басқарып келген экс-министр А.Мамытбеков мырза өткен жылы сүттің тауарлық өндірісі мен өнімдерді қайта өңдеуден өткізу күш-қуатын арттыруды шетелдік трансұлттық компаниялар тәжірибесіне сүйене отырып, ауыл шаруашылығы кооперативін ауылда дамыту есебінен жүзеге асыруды жоспарлап отырғандықтарын жария еткен.
Бұрынғы министрдің айтуына қарағанда, ауылдағы кооперативтік өндірісті дамытуға жаңазеландиялық FONTERRA және даниялық ARLA іс-қызметінің схемасы негізге алынатын болса керек. Шенеунік өндірістік кооперативтерді құру есебінен 2020 жылдарға қарай сүт өндіруді 500 мың тоннаға дейін арттырып, өнімді қайта өңдеуден өткізу күш-қуатын қазіргі 40-тан 70 пайызға дейін өсіруді, сүтті сырттан тасымалдау үлесін 28ден 18 пайызға дейін қысқартуды көздеп отырғандықтарын паш еткен. Ауылдағы кооперативтерге мемлекеттік қолдау көрсету ретінде қосымша құн салығын қайтару мерзімін бір жылдан бір тоқсанға дейін қысқартып, кооперативтер арнайы салық тәртібін қолданған кезде олардың иелігінде ауыл шаруашылығы жерлерінің болуына шектеуді алып тастау қарастырылып отырғанға ұқсайды. Министрлік мәліметіне сенсек, сонау 2014 жылы Қазақстанда 5 миллион тоннадан астам сүт өндіріліпті. Солардың 82 пайызы жекеменшік шаруашылықтарының, 18 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесіне тисе, сүтті қайта өңдеуден өткізу үлесі жалпы өндірістің 40 пайызын құрайды екен. Ұлттық «Нақты 100 қадам» жоспары аясында Ауыл шаруашылығы министрлігі сүт пен сүт өнімдерін өндіруді дамытуға стратегиялық инвесторларды тартпақ көрінеді. Бұл жердегі басты міндет алдағы үш жыл ішінде ТМД елдерінің нарығына шығарылатын өнімнің жартысына жуығын экспортқа шығаруды қамтамасыз ету екен. Сондай-ақ, ұлттық басқарушы «Бәйтерек» және «КазАгро» холдингтері есебінен АӨКке (АПК) жобаларды қаржыландыру, несиелер мен лизингтер бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялауды арттыру, сауда алаңдарын кеңейту, логистикалық орталықтар құру мен техникалық реттеуді дамыту жолымен отандық тауар өндірушілер үшін қолайлы жағдай жасалмақшы. Залалды азық-түлік өнімдерін анықтап, отандық өндірушілердің тамақ өнімдерін тұтынудың беделін арттыру үшін зертханаларды заманауи құрал-жабдықтармен жасақтауға уәде берілген. Бұдан басқа өндіріске жаңа технологияларды енгізуге байланысты ғылыми-практикалық шараларды өткізу үшін мемлекеттік тапсырысты арттырып, білім тарату орталықтары арқылы оқыту семинарларын өткізуге сүтті мал шаруашылығы саласындағы білікті шетелдік сарапшыларды тарту да көзделіпті. Министрліктегілердің сөзіне сенсек, өмір сүріп отырған кәсіпорын базасында Ақтөбе облысында тәулігіне 60 тонна, Алматы облысында 100 тонна, Ақмола облысында 50 тонна сүтті қайта өңдеуден өткізетін ферма бой көтермек екен. Сыртқа бейімделген Қазақстан экономикасы үшін экспорт пен импорт бәрі екенін ескерсек, ішкі экономикамыз тікелей иә болмаса орташа деңгейде болса да шикізатты өндіру мен оны сыртқа шығаруға тәуелді. Мұндай жағдайда сыртқы белсенділікті 36,2 пайызға дейін тежеу апатты болып саналмағанмен, оның салдарының арқаға аяздай батары анық. Дана қазақ «Сиыр баққанды сүттен қаққан оңбас» деп баяғыда-ақ айтып кеткен. Сондықтан биліктің тек мұнай мен газға ғана иек артпай, ауыл шаруашылығы саласына, соның ішінде сүт өндіру саласына жіті көңіл бөлгені дұрыс болмақ. Мәселе сиыр бағумен ғана шешілмейді, себебі «Сиырдың сүті — тілінде» деп халық айтқандай, мол сүт алу үшін сол сүтті беретін сиыр малын жаятын жайылымдық жер, қысқы азық-түлік сынды өзекті мәселелерді оң шешу де қажет. Мәселен, мемлекет басшысының «Қазақстан — 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы маңызды міндеттердің бірі — отарлы мал шаруашылығын дамыту және жаңа ғылыми технологиялық, басқару жетістіктерін отандық мал шаруашылығына енгізуді және экологиялық таза өнім өндіруді ескере отырып қайта өрлету. Аталған бағытта Ауыл шаруашылығы мен Ұлттық экономика министрліктері мен облыс әкімдіктеріне жайылымдарды оңтайлы пайдалану саясаты мен оған арнайы мониторинг жүргізумен қатар, геоботаникалық зерттеулер жүргізудің схемасын әзірлеу; жайылымдарды ұзақ мерзімді пайдалану мен оны субсидиялаудың бағыттарын анықтауды және соған қатысты салалық бағдарламасын дайындау мәселелерін қарастыру қажет. Бұл мәселе жыл басында Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитеті мен Мәжілістегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы жанындағы Экономикалық саясат жөніндегі кеңестің бірлескен отырысында қаралған да. Сонда сөз сөйлеген Мәжіліс депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Төлеген Ибраев: «Бүгінгі таңда біздің еліміздің жер көлемі кең болғанымен, ондағы жайылымдық және шабындық жерлерді реттейтін арнайы заң жоқ. Сондықтан да тұрғындар үшін бұзау байлап, қозы көгендер жер жоқ болып отыр. Депутаттар аталған заңның қабылдануына мүдделілік танытып, жағдаймен жіті танысып қайту үшін Шығыс Қазақстан мен Батыс Қазақстан және өзге де өңірлерге барып, жергілікті тұрғындармен мәселені талқылады. Жағдай шынымен де күрделі. Сондықтан да біз осы бағытта жүйелі түрде жұмыс істеуіміз керек. Себебі заң жобасының қабылдануын ауылдағы ағайындар мен қала маңының тұрғындары тағатсыздана күтіп отыр», — деген-ді. Осы айтылғандарды ескерсек, үкіметтің елдің сыртқы экономикалық жағдайының кері кетіп бара жатқанына мазасыздық білдірмеуі таңдандырады. Себебі әлсіреп бара жатқан валюта толқыны мен шығынға құрбандыққа шалынған Ұлттық қор әмиянының бүйірінің солуына қамқор қолын созатындай бірде-бір даму көзі бой көрсетпей отыр. Ал әлемдік нарықта мұнай бағасы құлдырап, оның ауқымы әлгі нарықтан қашықта жатқан біздің елдің аз да болса рентабельділігін қамтамасыз ететін деңгейге дейін төмендеуі алдағы біраз жылдарға азық болғанмен, күллі елді ұзақ асырап-сақтауға жетпесі кәміл. Рас, егер мемлекет өзін-өзі ішіп-жеммен қамтамасыз ете алып, қазіргі ауылдық және қала маңының өзін-өзі қамтамасыз еткендер санатына жатқызылғандар аграрлық кооператив пен ұжымдық аграрлық өндірістен қолдау тапса, кез келген қиын кезеңнен қиналмай өтуге болады. Олай болмаса, таз қалпымызға қайта түсіп, сүттен өзен ағатын кезді күтумен уақытымызды босқа өткізеріміз айдан анық. Егер Елбасы айтқан: «Қиын кездері біз Ұлттық қордың қаражатын негізсіз шығындай алмаймыз. Бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан ендігәрі біз Ұлттық қордан ақша бөлмейміз. Біздің бәріміз ең алдымен үнемдеуді үйренуіміз керек.
Үкімет ішкі резервтерді қарастырып, бөлініп қойған қаражатты тиімді пайдалану жолдарын қарастыруы тиіс», — деген тапсырмасын атқарушы биліктен бастап, өңір әкімдерінің бірде-бірі орындауға құлшыныс танытпаса, мұнайға инеге отырғызылған Қазақстан экономикасының көсегесі көгерері екіталай. Құрғақ уәде берумен елді алдамай, үкімет пен билік сөзден іске көшкені жөн болмақ. Қалың жұртшылықтың ендігі үміті су жаңа үкімет пен билікте. Олар қаймана халықты тағы да орта жолда лақтырып тастап кетсе, күллі жұрттың сенімінен біржолата айырылары хақ.
ЕРМЕК САХАРИЕВ