Жаңа жоба халық қауіпсіздігін қамтамасыз ете ала ма?

Төрткүл дүние мейірім мен бейбітшілік діні исламның таза ілімін былғаушылардың кесірінен «исламофобия» диагнозымен ауырып жүр. Бұрын экономикамен, ғылым-біліммен жарысатын әлем елдері енді қауіпсіздікті, бейбіт өмірді бірінші орынға қойып, мониторинг жариялауға мәжбүр. Бүгінде дамыған әрі қауіпсіз мемлекеттердің көшін Швеция бастап тұр. Жалпы алғанда мамандар Скандинавия елдерінің тыныш екенін әуелден айтып келеді. Ал, Қазақстан нешінші орында?..

      Бұл сұрақтың жауабын жарияламай-ақ қояйық. Өйткені, рейтинг үшін емес бейбітшілік үшін өмір сүру керектігін ұғынатын кез жетті. Сан ғасырлар бойы мың өліп, мың тірілген қазақ халқы тәуелсіздіктің ақ таңын күтумен болды. Оған да қол жеткізіп қуанғанмен қиын-қыстау кезеңнің баршасын бастан кешірдік. Енді ғана өз жолымызды таптық па дегенде күллі дүниежүзі «терроризм» деген ұғымның қоршауында қалғасын біз де сол тұңғиыққа бір қырымызды берген жайымыз бар. Көзсіз ерлікке бара алатын қасиеті қанында бар еліміздің батысындағы жастардың санасын улап бастаған радикалды ілім егелері дегеніне жетті. Халқымыздың үрейі күшейіп, мұсылманды жауыздардан ажыра алмай қалды. Ақыр аяғы Президенттің өзін алаңдатып, бақылау күшейді. Бұған дейін республика бойынша жамағаттың ортасына іріткі салғандардың кесірінен болған жантүршігерлік оқиғалардың бәрін тізіп жатқанымыз артық болар, бір ғана Ақтөбедегі естен кетпес жайт алты алашты аяғынан тік тұрғызғаны баршамызға мәлім. Ұятсыздық себебінен азғындық белең алған қоғамды нұрлы дінімізбен құтқарамыз ба дегенде оның да тұнығы лайланып кете барды. Сайып келгенде, ешқандайда өкілеттігі жоқ Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қайда қарап отыр деген жалаң сұраққа үйір болып алғанымыздың несін жасырамыз. Дінді дұрысынан түсіндіріп отырған ҚМДБ-ға көз де тиді, сөз де тиді. Бірақ, Ержан қажы Малғажыұлы бастаған имам-молдалар да ер екен, сыр білдірмей, «бұл да бір Алланың сынағы ғой» деген сыңай танытып үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізе берді. Жат ағым жетегіне кеткендерді қайтарамыз дегендер сол имамдардың көмегінсіз қурайдың да басын сындыра алмайтынын білсе екен дейміз.

2016-09-29-photo-00001245-%d0%ba%d0%be%d0%bf%d0%b8%d1%8f

«ТЕРРОРЛЫҚ ӘРЕКЕТКЕ» 13 МЫҢ АДАМ ДАЙЫН

      Сонымен, Ақтөбе тақырыбына қайта келейік. Террорларды тілі бар, іштен шыққан жау десек ешкім бізге ешкім қарсы бола қоймас. Әрине, Құдай сақтасын дейміз, әйтсе де, террорлық әрекет кезінде әр адам не істеуі керек? Бұған да Бас Прокуратура жауап іздеп, халықты алдымен үрейленбеуге шақырды. Иә, бейне бір жер сілкінісі немесе өрт кезіндегі әрекет секілді террорлық акт кезіндегі мінез-құлықтың, іс-әрекеттің қандай болуы керектігі 13 мың тұрғынға түсіндірілді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» тобының Ақтөбеге ерігіп бармағаны белгілі. 200-ден астам түрлі сала қызметкерлері жиналған жұмыс тобында атақты боксшы Ермахан Ыбрайымов та бар екен. Шалқар ауданының оқушылар үйінде былғары қолғап шеберімен кездесу ұйымдастырылып, оған екі жүздей жасөспірім қатысқан. Бас Прокуратураның ресми мәліметіне сүйенсек, Жалпы профилактикалық жұмыстар, соның ішінде мақсатты жұмалық уағыздар арқылы 36 мың адаммен үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Дінімізге қауіп төнгендіктен діндарлар мәселесіне ерекше көңіл бөлінуде. Нақтырақ айтқанда, жергілікті 20 имамды олардың теологиялық білімдерін және дағдыларын көтеру мақсатында оқыту бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Сонымен қатар, тәжірибелі имамдарды тағайындау, ауылдық мешіттер қызметіндегі келушілердің рөлі мен маңыздылығын арттыру, садақаларды ашық санау арқылы тұрғындар арасында ресми дінбасыларының беделін арттыру қолға алынды. Мәселен, ҚМДБ төрағасы, бас муфтидің бұйрығымен Шалқар қаласының жұмысшылар кентіндегі мешітке имам болып Е.Наурызбаев тағайындалды. Осы орайда жергілікті жамағаттың ұсынысы ескерілгенін айта кетейік. Мешіт қызметкерлерінің мінсіз бейнесін қалыптастыру үшін аймақ мешіттерінің 572 келушілері мен тыңдаушыларына «Имамның бір күні» атты бейнеролик көрсетілді. Ақпараттық қызмет шеңберінде насихат жұмыстары жалғасып жатыр. Атап айтқанда, 22 әлеуметтік топта 17 бейне ролик жарияланып, 9 деректі фильм мен 2 спектакль көрсетілді, оларды 9 мың адам қарады. Тіпті, кең ауқымды түсіндіру жұмыстары барысында жетекші теологтар, имамдар, психологтар және өзге сарапшылар тобы ауылдырдың тұрғындарымен, соның ішінде дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушылармен жеке және топтық кездесулер өткізді. Оларға экстремизм мен терроризмге қатысқаны үшін жауапкершілік туралы құқық нормалары жеткізілді, қарсы насихаттық бейнероликтер көрсетілді. Ғаламторда да жат ағымды ғаламат қылып көрсетіп торға түсіруге талпынған радикалшылардың іс-әрекеттеріне тосқауыл қойылып отыр. Мысалы, Интернетте құқыққа қайшы мазмұны бар 350 материал анықталды. Қабылданған шаралар бойынша ресурстардың иелері өз еркімен 118 материалды алып тастап, 7-не қол жетімділікті шектеді. Сондай-ақ, радикализмді насихаттауға қарсы іс-әрекеттердің тиімділігін арттыру мақсатында «YouTube» видео-хостингінде «Anti Terror» арнайы каналы жасалды. Ақпараттық сүйемелдеу шеңберінде республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында 596 материал, соның ішінде интернет-ресурстарда 265 материал, телеарналар эфирінде 181 сюжет, БАҚ-тың баспа өнімдерінде 150 ақпарат жарияланды. Қауіптің көкесі дінбұзарлардан күтілетіндіктен ведомствоаралық топтың жұмысының басым бөлігі Пайғамбар (с.а.у) және оның ізбасарларының жолын түсіндірумен және жоғарыда тәптіштеп тұрып атағанымыздай, радикализм абыздары тұжырымдарының тұрғындар санасына сіңуіне тосқауыл қоюмен болды.

80c6515f99ed3460b75ce5d67f2e9744

      Одан бөлек, БАҚ-та кеңінен айтылғандай, бизнес өкілдеріне жағдай жасау, жеке кәсіп бастауға тәуекелі жетпей жүрген жандарға көмек көрсетуді және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде де әртүрлі семинар-тренингтер өтті. Қорыта келгенде, 20 күннің ішінде 2екі мыңға тарта әртүрлі іс-шаралар жүргізіліп, аймақтың 95 мыңнан астам тұрғыны қамтылғанын айта кетейік. Төрт мың адам консультативтік және практикалық көмек алды. Ал, әлеуетті көмек объективті себептермен қиын өмірлік жағдайға тап болған адамдарға тікелей көрсетілуде. Ол, бірінші кезекте, әлеуметтік мәселелерді шешу арқылы жүргізіліп жатыр. Осы күндері жұмыс тобы Алға, Мұғалжар, Шалқар және Темір аудандарында 354 мүгедекке аяқтай барды, олардың ішінде 61-іне көмек көрсетілді. Әрине, мұндай істердің жылдам-жылдам жасалуы құптарлық дүние. Дегенмен, «аурудың алдын алу керектігін» бәріміздің білгеніміз және оған амал еткеніміз жөн болар.

ЕРМҰРАТ ШОПАН