Ө.ШӨКЕЕВ: «ЖАҚЫН ЕЛДІ МЕКЕНДЕРДЕ ОҚУШЫЛАРДЫ АВТОБУСПЕН ТАСЫМАЛДАУҒА БАСЫМДЫҚ БЕРУ КЕРЕК»

2023-2025 жылдар аралығында Түркістан облысында 89 мектеп салынады. Ол білім ұяларында 72 мыңға жуық оқушы білім алады. Бүгінде өңірде білім ұяларының жобалары, жер телімдері, құжаттарын әзірлеу жұмысы басталуда. Бұл туралы бүгін Түркістан облысы әкімі аппараты отырысында айтылды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев жақын елді мекендерге оқушыларды тасымалдау, автобуспен қамту ісін жандандыру керектігін жеткізді.
– Мектеп салу – бюджетке үлкен салмақ. Сондықтан білім ұяларын салудың логикалық мәні болуы тиіс. Былтыр республика бойынша салынған мектептердің төрттен бірі бізде салынды. Ендігі кезекте жақын ауылдарды сараптап, жақын елді мекендерде оқушыларды автобуспен тасымалдауға басымдық беру керек. 10-15 шақырым жерден балаларды тасымалдаған жөн. Екіншіден, инвесторлар есебінен жеке меншіктегі мектептерді көбейткен абзал, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Д.Болатханұлының мәлімдеуінше, облыста 2023 жылы – 2, 2024 жылы – 31, 2025 жылы – 56 мектепті пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ең көп мектеп қажеттілігі бар аудан, қалаларға тоқталсақ, Түркістан қаласында 8 мектеп бой көтереді. Сонымен бірге Келес ауданында – 8, Сауран ауданында – 9, Сайрам ауданында 12 мектеп салынбақ.
Апталық отырыста Түркістан қаласын дамыту мәселесі де қаралып, шаһар басшысы Н.Тұрашбековтың баяндамасы тыңдалды. Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 2022 жылы 7, 9 және 12 қабатты, жалпы 53 тұрғын үй мемлекеттік бюджет есебінен жүргізіліп, қабылданады. «Арман» тұрғын үй кешенін абаттандыру мақсатында жер тегістеу, аяқжолдар төсеу және автотұрақ орындарын асфальттауға дайындық жұмыстары атқарылды. Қалада саябақтар саны артуда. Облыс әкімі қаланы көгалдандыру, суландыру жұмысын күшейтуді тапсырды.
– Барлық каналдарды жаяу аралап, көріп жүрмін. Егер шілде күні қаланы суландыра алмасақ, бұл іс дұрыс болмайды. Күнде таңертең әрбір су берілетін аумаққа барып, судың жіберілгенін назарда ұстау қажет. Біз қалаға қаншама гидранттар, каналдар салдық. Енді оған су бермесе, жауапты тұлғалар қадағаламаса іс өнбейді. Ағын суды есептеп, бақылау керек, – деді Өмірзақ Шөкеев.
Жаз айларында жасыл желектерді суғаруды қарқынды әрі тиімді жүргізу мақсатында 3 ауысымдық жұмыс кестесі жасалды. Аталған жұмыстарды «Жасыл-Түркістан» КММ және «Жарық-Тазалық» ЖШС бірлесе жүргізіп жатыр. Б.Саттарханов даңғылы бойына күнделікті сағат 21:00-ден 02:00-ге дейін 8 техника қойылып, 3 ауысымдық түнгі кезекшілік ұйымдастырылған.
«Отырар» мөлтек ауданындағы Яссы көшесі бойынан 2,34 га аумақта гүлзар құрылысы басталды. Аталған нысанда үлкен субұрқақ, демалыс орындары, спорт алаңшалары, балалар алаңшалары, аяқжолдар, веложолдар, жүгіру жолақтары мен жасыл желектер қарастырылған. Қазіргі таңда мердігер тарапынан жер жұмыстары жүргізіліп, бетон арықтар және бордюр орнату, инженерлік желілерді тарту жұмыстары аяқталған.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі