Назарбаев зияткерлік мектебі – білім саласындағы басты бағдар
Биыл ел тарихында айтулы жыл. Себебі биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. Бұл Қазақстан үшін ерекше той. Ширек ғасыр уақыт ішінде мемлекетіміз егеменді ел атанып, түрлі салада үлкен табыстарға жетті. Айтулы өзгеріс білім саласында да орын алды. Мұның дәлелі — бүгінде еліміздің түкпіртүкпірінде көш бастаушы білім ордаларының ашылуы. Сондай мектептің бірі түрлі пәндерді тереңдетіп оқытатын Назарбаев зияткерлік мектептері десек, артық айтқанымыз емес. Бүгінде аталған білім ордасы еліміздің барлық өңірінде бар. Назарбаев зияткерлік мектебі 2015 жылы ақ маржан қала Ақтауда да ашылды. Мұнайлы аймақтағы білім ордасы оқушыларды химиябиология бағытында тереңдетіп оқытады. Ашылғанына көп бола қоймағанымен, мектептің жетістіктері жетерлік. Мектептің тыныс-тіршілігін білу мақсатында біз аталған оқу орнының директоры Ермей Пайзовпен сұхбаттасқан едік.
— Ермек Серікұлы, 2016-2017 оқу жылы табысты болсын! Шыны керек, Назарбаев зияткерлік мектебінде оқу әрбір бала үшін үлкен жетістік. Маңғыстау облысында сіздерге оқуға түсуге ниет білдіретін оқушылар саны көп. Оқушылардың мұншалықты қызығушылығын тудыратындай, сіз басқарып отырған мектепте оқудың ерекшелігі неде?
— Мектебіміздің ерекшелігіне келетін болсақ, жалпы, біздің оқу бағдарламамыз — кіріктірілген оқу бағдарламасы. Себебі Назарбаев зияткерлік мектептерінің мұғалімдері мен Кембридж университетінің мұғалімдерінің бірігіп жасаған бағдарламасы. Яғни оқушы бірнеше пәнді біріктіріп оқиды. Мысалы, бізде «Өнер» пәні бар. Ол сызу, сурет салу сынды бірнеше пәндерден тұрады. Бізде бағалау жүйесі мүлдем басқаша. Жалпы орта мектептерде «5» балдық бағалау жүйесі болса, бізде сабақтың мақсаты болады. Оқушыға сол сабақтың мақсатына жеткені немесе жетпегені бойынша баға қойылады. Оған мұғалімдер арнайы өздерінің критерийлерін құрады. Сол критерийлер бойынша мақсатына «жетті» немесе «талпынады» деген баға қойылады. Мақсатына жетсе, онда бала сол тақырыпты түсінгені. Егер бала «талпынады» деген баға алса, онда мұғалім оқушыға тақырыптың мақсатына жетуіне тағы бірнеше рет мүмкіндік береді. Тағы бір ерекшелігіміз — мектебіміз 12 жылдық. Оны бастауыш, орта мектеп және жоғары мектеп деп бөлеміз. Орта мектеп дегеніміз — 7-10 сынып аралығы. 10 сыныптан кейін балаға орта мектепті бітіргені жөнінде аттестат беріледі. Одан кейін бала жоғары мектепке көшіріледі. Жоғары мектеп дегеніміз — 11-12 сынып. Балалар 11-12 сыныпта физика, биология, химия, информатика пәндерін ағылшын тілінде оқиды. 12 сыныпта оқитын балаға біз ЖОО оқытатын 1 курстың бағдарламасын да оқытамыз. 12 сынып бітірген бала шетелдің кейбір ЖОО-да «foundation» оқымай, бірінші курсына түсіп кетуіне мүмкіндік бар. Тағы бір ерекшелігіміз, оқушыларымыз таңғы 8.00-ден 17.00ге дейін сабақ оқиды. Сондай-ақ, бізде «Өркен» білім алу гранты бар. Ол — ҚР Президенті тағайындаған грант. Аталған грант бойынша оқитын балалар 3 мезгіл тегін тамақ ішеді. Интернатта жататын оқушылар 5 мезгілде тегін тамақтанады. Және оларға кітаптары мен мектеп формасы, спорттық киімдері тегін беріледі. Біздің мектепте шетелден келіп жұмыс жасап жатқан 10 мұғалім бар. Олар Ұлыбритания, АҚШ, Австралия, Оңтүстік Африка мен Колумбиядан келген мұғалімдер ағылшын тілі, физика, химия, биология пәндерінен ағылшынша сабақ береді. Сондай-ақ, біздің оқушылар сағат 15.30-дан 17.00-ге дейін қосымша білім беру бағдарламасымен оқиды. Яғни балалар түрлі үйірмелерге қатысады. Айта кетсем, өткен жылы бізде 50-ден астам үйірмелер болды. Биыл да үйірмелеріміздің саны сол шамада. Оқушы қай үйірмеге қатысқысы келсе, соған барып қатысады. Яғни таңдау өз еркі.
— Сарапшылардың айтуынша, 12 жылдық оқу бағдарламасымен оқыту — әлемдік тәжірибенің озық үлгісі. Ал, сіздің ойыңызша, балаға 12 жылдық білім беру қаншалықты тиімді? Оқушы одан жалығып кетпей ме?
— Менің ойымша, 12 жылдық білім беру балаға тиімді. Себебі балаға көп тақырыптар тереңдетіп ашып оқытады. Мысалы, 11 жылдықта кейбір тақырыптарының сағаттары қысқартылып берілсе, бізде керісінше, бағдарламамызда әр тақырып тереңдетіліп оқытылады. Мысалы, бізде статистикалық математика деген пән бар. Бұл пән орта мектептерде оқытылмайды. Бұл көбінесе ЖОО бағдарламасында кездеседі.
— Биыл алғашқы рет түлек ұшырғалы отырсыздар. Қанша оқушы мектепті бітіреді және олардың дайындығы қандай?
— Иә, біз биыл алғаш рет 90 түлек ұшырғалы отырмыз. Бұл оқушылармен кездесу жұмыстары жүргізіліп тұрады. Оқушыларымыз қараша айында «Ielts» тапсырады. Одан кейін, наурыз айында Назарбаев университетіне түсетін емтихандарын тапсырады. Былайша айтқанда, оқушыларымыз шілде айына дейін емтихан тапсырып, соған дайындалады. Өзіміздің дайындық жүйеміз бар. Сол жүйе арқылы балалар дайындалады. Қазіргі таңда әр оқушының жеке даму жоспары бар. Сол жоспар бойынша балалар қаншалықты дайын екендігін біліп отырамыз.
— Ақтаудағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің бүгінгі таңдағы жетістіктері қандай?
— 2015 жылдың қыркүйек айында ашылдық. Бір жылдың ішінде оқушыларымыздың дарынын да, талантын да анықтадық. Айта кетсек, республикалық олимпиадада физика пәні бойынша 2 орын алған және география пәнінен 1 орын алған оқушыларымыз бар. Ал ғылыми жобалар бойынша оқушыларымыз Мәскеуге барып келді. Оқушыларымыз Астанада өтетін наурыз кездесулерінде 2-3-орын алып келді. Жаз айында оқушыларымыз АҚШ пен Малайзияға курсқа барып келді. Ол ағылшын курсы емес, өзінің пәндері бойынша білімін жетілдіретін бағдарламалар бойынша білім алып келді.
— Мектепке оқушыларды қабылдау қалай жүргізіледі? Іріктеу конкурсы жайлы айтып берсеңіз.
— Балалар емтиханды 2 күн тапсырады. Бірінші математика, қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілі пәндері бойынша тест сұрақтарына жауап береді. Екінші күні балалар ойлау қабілетін анықтайтын логикалық сұрақтарға жауап береді. Олар көбінесе математикалық сұрақтар болып келеді. Бірінші күні болатын тест сұрақтарын Голландияның «Сито» білім ұйымы жасайды. Сол жақтан келеді. Екінші күні болатын сұрақтарды АҚШ Джон Хопкинс университетінің «Талантты жастар» орталығы жасақтап жібереді. Біздің мұғалімдеріміз ешқандай тест сұрақтарын дайындамайды. Біздің мұғалімдер мен менің өзім тек ұйымдастырушы ретінде ғана қатысамыз. Комиссия құрамында шетелден келген сарапшылар отырады.
— 2016-2017 жылға арналған оқу жоспарыңызбен бөліссеңіз. Балаларға қандай тың жаңалық ұсынасыздар?
— Биылғы оқу жылының жоспары — түлектерімізді дайындау, екінші — жаңадан түскен оқушыларды мектепке бейімдеу. Биылғы оқу жылының еншісінде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Нуева мектебінде «Әріптестік мектеп» бойынша 9-10 сыныптан 13 баланы іріктеп, 2 апталық дизайн курсынан оқытайын деп отырмыз. Әріптестік мектепті біз биыл алғаш бастап жатырмыз. Бұл әріптестік келер жылы да жалғасын табады деген үміттемін. Айта кетсем, Нуева мектебі — АҚШ-тың көш бастаушы мектептерінің бірі.
— Мектептегі кадр мәселесіне тоқталсаңыз. Мұғалімдерді таңдауда неге мән бересіздер?
— Бізде мұғалімдерді іріктеу 3 этаптан тұрады. Бірінші этап — тестілеу, екінші этап — эссе жазу, үшінші этап әңгімелесу түрінде өтеді. Егер бос орындар болса, арнайы БАҚ-қа жарнама береміз. Егер бос орын болса, біздің мектепке жұмысқа тұрғысы келетін кез келген мұғалім келіп, емтихан тапсыра алады. Сыннан сүрінбей өтіп жатса, жұмысқа қабылдаймыз. Қазіргі таңда мектебімізде 108 мұғалім жұмыс жасайды. Ұстаздарымыз Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген. Мұғалімдеріміздің барлығы жаз айларында біліктілігін арттыру курстарын оқыды.
— Маңғыстаудан басқа қай облыстың балалары білім алуда?
— Қазіргі таңда 596 оқушымыз бар. Олардың басым бөлігі (97 пайызы) маңғыстаулық балалар. Сонымен қатар, Атырау, Ақтөбе, Астанадан келіп оқып жатқан оқушыларымыз бар. Олар көбінесе атаанасының жұмыс бабымен ауысып келген балалар.
— Жақында робототехника байқауын ұйымдастырдыңыздар.Сол байқау жайлы және жалпы мектепте жүргізілетін робототехника пәніне тоқталсаңыз.
— Робототехника пәні бізде информатика пәнінің қосымшасы ретінде жүреді. Мектебімізде робототехника үйірмесіне қатысып жүрген оқушыларымыз көп, яғни оқушылардың қызығушылығы жоғары. Жақында мектебімізде робототехника өңірлік байқауын өткіздік. Жаңаөзеннен, Ақтаудан, Ақшұқыр ауылындағы гимназия мен өзіміздің оқушыларымыз қатысты. Жарыс 9 номинация бойынша өтті. Өте қызықты өтті десем, артық айтқандық емес. Бұл байқаудан көп балалардың құлтемірге деген қызығушылығын байқадым. Сайыста жеңіске жеткен оқушыларымыз Астанада өтетін байқауға қатысады. Астанадан жеңгендер халықаралық сайысқа кетеді.
— Ермек Серікұлы, ХХІ ғасырдың көшбасшыларын дайындауда жұмысыңызға сәттілік тілеймін. Сұхбатыңызға рақмет!
СҰХБАТТАСҚАН АЙМАН ОҢҒАРБАЙҚЫЗЫ