Қазақтың қызы тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған

Қазақтың қызы тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған — Зейнеп Ахметова
«Əуретті жерлеріңді жап» дейді. Ол деген сөз ұятты жерлеріңді жап дегені. Сенің басың, бетің ұятты жер емес қой. Ол құдайдың жаратқаны. Ұятты жер мына мойыннан төмен жақ. Қазақ онсыз да ол жерін ашып шашқан жоқ. Қазақтың қызы тұрмысқа шыққанға дейін басына орамал салмаған. Кəмшат бөрік, құндыз бөрік, үкілі тақия, шашақты сорабақ, моншақты қасаба, жырға деген сондай əдемі бас киімдер болған. Шаштарын он күн тарап бес күн өрген деген, шаш күтіміне көп көңіл бөлген. Қолаң шаш, сүмбіл шаш, қара шаш, алтын шаш соның бəрі қыздың шашы. Сонда не мұсылман болады екенбіз деп соның бəрін жерге көмуіміз керек пе? Ананың барлығы арабтардыкі. Арабтың жері ыстық, құм боран соққан бұрын. Сонда еркегі бар əйелдің бəрі көзінен басқаның бəрін жауып тастаған қарамен. Енді соны алып келіп бізге тықпалайды. Мұсылман болу үшін араб болудың керегі жоқ. Мысалы, арабтар керемет болатын болса, тегі бір, діні бір, тілі бір неге бір-бірін қанға бөгіп жатыр? Қырып жатыр. Қаншама жыл болды. Оның несі ислам? Оның несі шариғат? Құдай сақтасын. Қазақтар бұрын жер дауы жесір дауы деп барымтаға шыққанымен оның өзінде екі ауыз сөзбен бітіріп отырған. Сөзге тоқтаған. Қазақ өте құдайшыл халық.