ҚОРДАЙДАҒЫ ОРТАЛЫҚ САЯБАҚ ЖАҢАРТЫЛУДА

Жергілікті тұрғындар демалатын қоғамдық орындарды, әсіресе саябақтарды заман талабына сай жаңарту және түрлі іс-шаралар өткізуге лайықты жағдай жасаудың маңызы жоғары. Осы мақсатта қордайлықтардың сүйікті демалыс орындарының бірі — орталық саябақ аудан әкімі Мәден Тоқтарбайұлының тапсырмасына сәйкес толықтай жаңғыртудан өтуде. Аумағы 1.6 гектарды құрайтын демалыс орнына жөндеу жұмыстары соңғы рет 2013 жылы жасалған екен.

Қордай ауылының әкімі Б.Сахатовтың айтуынша, алдағы уақытта саябақ аумағына үлкен сахна қойылып, мәдени-шаралар өтетін орынға айналады. Әрине, бұл жаз айларындағы шағын шараларды өткізуге ыңғайлы орын болары сөзсіз.

Сонымен қатар, орталық саябақ аумағында жарық бағаналары, асфальт, тротуар плиткалары жаңартылып, жаңа орындықтар мен қоқыс тастайтын құтылар орнатылып, сыртқы қоршауы толығымен ауыстырылатын болады. Демалушылардың қауіпсіздігіне де көңіл бөлініп, саябаққа бейнебақылау камерасы мен полиция пунктінде салу ойластырылған.

Наурыз айында жұмысты бастаған мердігер компания бүгінде саябақтың сыртқы қоршауын биік темір дуалмен қоршап, тратуарлар қазып, ескірген ағаштарды кесіп үлгерген. Ауыл тұрғындары көптеп жиналатын саябақ маңынан және ішінен сауда нүктелерін ашуға ниет білдірген азаматтар қатары да көбейген. Қазірдің өзінде саябақтың дәл ортасынан жеке кәсіпкер «Inzhu Terrassa» атты дәмхана мен балаларға арналған ойын алаңшасын ашып, маусым айынан жұмысын бастаған.