ДӘРІГЕРЛЕРГЕ МЫҢ АЛҒЫС!
Құрметті медицина саласының қызметкерлері!
Сала ардагерлері!
Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!
Сіздердің еңбектеріңіздің өлшемі – адамдардың өмірімен байланысты.
Бұл үлкен мәртебе әрі зор жауапкершілік.
Халық денсаулығын жақсарту – мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі. Мемлекет басшысы отандық медицина алдына үлкен әрі жауапты міндеттер қойып отыр.
Соңғы жылдары әлемді шарпыған қауіпті індет адамзат баласын әбігерге түсірді. Осынау қиын-қыстау кезеңде медицина саласының қызметкерлері аянбай еңбек етті.
Қордай ауданындағы биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты базасында алғаш рет қазақстандық Covid-ке қарсы вакцина әзірленді.
Қазіргі таңда Жамбыл облысының денсаулық саласында бірқатар оң өзгеріс орын алып, көптеген мәселелер шешілуде.
Өткен жылы жергілікті жердегі кадр тапшылығын шешу мақсатында облысқа 98 жас маман тартылып, оның 68-і ауылдық жерлерге жолданса, биыл 23 маман жұмысқа келді.
Жылдан жылға облыстағы медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы нығаюда, жаңа денсаулық нысандары бой көтеруде. Қызметкерлердің еңбек жағдайлары жақсаруда.
Айталық, өткен жылы облыс бойынша 8 нысанның құрылысына 1,2 млрд теңге бөлінсе, биылғы жылы 9,1 млрд теңгеге 24 нысанның құрылысы жүргізілуде. Олар жыл соңына дейін пайдалануға берілетін болады.
Үстіміздегі «Балалар жылы» аясында 120 төсектік «Аяла» облыстық балаларды оңалту орталығы ашылды.
Алдағы 2023-2025 жылдарға 54 медициналық нысанның құрылысы жоспарлануда.
Іскерлік ынтымақтастықтың арқасында Меркі және Жамбыл аудандарында, сондай-ақ, Тараз қаласының №5 қалалық емханасында алғашқы үздік практикалық орталықтар ашылды.
2,3 млрд. теңгеге заманауи үлгідегі 20 дана медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы жылдары да жалғасын табатын болады.
Жыл санап денсаулық сақтау саласындағы маңызды көрсеткіштер жақсаруда.
Жақында ғана Жамбыл облыстық көпбейінді балалар ауруханасы еліміз бойынша “Үздік балалар ауруханасы» номинациясын жеңіп алды. «Елдің үздік аудандық ауруханасы» номинациясында — Меркі аудандық орталық ауруханасы 176 аудандық ауруханалардың арасынан құрметті 2 орынға ие болды. «Елдің үздік жедел жәрдемі» номинациясында біздің облыстық жедел жәрдем стансасы үздік үштікке кірді.
Бұл жетістік өңірдің денсаулық сақтау саласында жүргізіліп жатқан үлкен жұмыстың нәтижесі, Сіздердің кәсіби білімдеріңіздің нәтижесі екені даусыз.
Осынау сауапты да, салауатты істеріңіз үшін алғыс білдіремін.
Ел мүддесі жолындағы қиындығы мен қуанышы мол еңбектеріңізге табыс, отбасыларыңызға амандық тілеймін.
Мереке құтты болсын!
Нұржан Нұржігітов, Жамбыл облысының әкімі