Олар – Қазақстанның «Абыройы»

    Қазақстанның Әнұранын әлемдік ареналарда шырқатып жүрген саңлақ спортшылардың алғашқы аттайтын табалдырығы – жаттығу залы. Елімізде спорт қанша дамып жатыр десек те жоқтан бар жасап, жастарды спортқа баулып, тәрбиелеп жүрген бапкерлер аз емес. Соның бірі Елордадағы «Абырой» спорт клубы. Атының өзі атойлап тұрған клуб бапкерлерімен №4 Жамбыл Жабаев атындағы мектеп-гимназиясында жолықтық. Халықаралық дәрежедегі спортшы Рауан Тоғызбаев мектеп оқушыларын күнделікті сабақ уақытынан кейін залда күтеді. Аядай ғана жерге апарғанда «мұндай залдан да әлем чемпионы шығады екен-ау» деп таң қалғанымыз жасырын емес. Алайда, біз көрген орын алдағы әлем чемпионатына қосымша дайындалып жатқан бес-алты балаға арналған жаттығу залы болып шықты. Негізінде, күнделікті каратэ жаттығулары үлкен спорт залында өтеді екен. Отыз-қырық каратэші бапкерлерімен бірге дайындықты жапон тілінде бастайды. Каратэ жаттығуының басталуы мен бітуіндегі сэнсей мен шәкірттер арасындағы диалог былай өрбиді:  

— Ёй, рэй!

— Осс!

Сапта тұрғанда бапкер «Сэдза!» десе, шәкірттер отырады.   «Макусо!» дегенде,  олар көз жұмып отырады.  «Макусо ямэ!»-дегенді естіген шәкірттер көзін ашып «Осс»- деп еңкейіп сәлемдеседі.

     Ал жаттығу соңында сэнсейдің «бұйрығымен» шәкірттер шаршағандарын басу үшін көздерін жұмып отыра қалады.  

Бапкер:

-Сайанора!

Шәкірттер:

— Сайанорэй,  аригато!-деп қоштасады.

      Жаттығу алдында жас та болса тәжірибелі, каратэ-додан 3-дан, «Қара белбеу» иесі Рауан Тоғызбаевты және оның балғын шәкірттерін әңгімеге тартқан едік.

-Рауан мырза, әңгімемізді ел абыройын асқақтатып жүрген «Абырой» клубы жөнінде бастасақ…

Клубымыздағы каратэшілер әр топта отыз-қырық баладан мектептің үлкен залында дайындалады. Ал мына кіші залда жарыстарға іріктелген оқушыларды дайындаймыз. Каратэ-до бұқаралық спорт түрі болғандықтан мектептерде насихаты жақсы жүреді. Олимпиадалық ойындар қатарына кірмесе де бүкіл әлемде, елімізде бұл спортпен айналысатындардың саны өте көп. Жасөспірімдерге менен бөлек Әділет Үсенбаев және Рүстем Халитов деген жаттықтырушылар каратэ-до шотоканды үйретіп жүр. Аллаға шүкір, жылына кемінде бір-екі баламыз әлем чемпионаттарына қатысып тұрады. Жасөспірімдер арасында Бэлла Самашева мен Еркежан Мүтәліпті ерекше атай аламын. Ересектер сынына өзіміз қатысып, бұйырғанынша жүлделі оралып жүрміз.

Бағындырар биіктеріңіз алда ғой, дегенмен осы жетістіктерге жету жолында неше жыл тер төктіңіз?

Каратэ-домен өзім сегіз жасымнан айналысып келемін. Спорттық мансабым Тараз қаласында басталды деуге болады. Алғаш 2008 жылы Астанаға келгенімде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне оқуға түстім де, «Конгресс-Холлдың» артында орналасқан «Оқушылар сарайында» балаларды жаттықтыруды бастап кеттім. Содан бері міне, бапкер ретінде биыл сегізінші жылға аяқ басып жатқан жайымыз бар.

Еліміздің Каратэ-до Федерациясынан қандай да бір қолдау бар ма?

Қолдау дегенде, Федерация ішкі біріншіліктерге, іріктеу турнирлеріне шақырып тұрады. Әр жылдың басында жарыстардың кестесімен танысып отырамыз. Солардың ешқайсысынан қалмауға тырысамыз. Федерация ұйымдастырған турнирлерден жеңген шәкірттерімізді олармен бірге халықаралық жарыстарға барамыз.

Алда қандай жарыстар күтіп тұр?

Алла қаласа, келесі айдың соңына қарай Польшаға жол жүреміз. Еуропа жерінде каратэ-до шотоканнан VII әлем чемпионатында ел намысын қорғамақпыз.

Басқа спорт түрлерімен салыстыра отырып каратэ-доға қандай баға бересіз?

Каратэ-доның шотоканнан бөлек дүниежүзілік федерация (WKF) құрамына кіретін тағы үш түрлі стилі бар. Осылардың барлығы қамтыла отырып ел чемпионаты жыл сайын ұйымдастырылып тұрады. Содан бағы жанып, бабы келіскендер Азия ойындарына, халықаралық турнирлерге, әлем чемпионатына барып жүр. Азия ойындарында біздің каратэшілер боксшылармен тең дәрежеде өнер көрсетіп, кемінде екі алтыннан олжа салып жүр. Жоғарыда айтқанымдай, бұл спорттың елімізде насихаты өте жақсы дамыған. Ата-аналардың, ұстаздардың ұсынысымен талай бала каратэ үйреніп жүргенін жасырмаймын. Құдай қаласа, 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиаданың спорттық бағдарламасына кіреді деп үміттеніп отырмыз.

Спортшы жастар арасындағы әлімжеттіктің алдын қалай алып отырсыздар? Балалардың бір-бірімен сөзге келісіп қалып, арты төбелеске айналған кездер болды ма?

Ондай жағдайлардың алдын аламыз. Біз балаларға басқаға күш көрсетуді, ұрып-соғуды үйретпейміз. Рухани жағынан да тәлім береміз. Спорт залында өздерін физиологиялық жағынан дамытса, жаттығу арасында ақыл-кеңесімізді айтып отырамыз. Оларға қоғамдық орындарда, көшеде өзін қалай ұстап жүру керектігін үйретіп отырамыз. Байқап қарасаңыз, мектеп оқушылары арасында осы каратэмен айналысушылардың тәртібінің жақсы екеніне көз жеткізесіз. Барлығы да –оқуда үздік, ой-өрістері кеңейіп келе жатқан жастар.

                         Балалардың арманы – Олимп шыңын бағындыру

      2020 жылы Токиода өтеді деп жоспарланған ХХХІІ Жазғы Олимпиада ойындарына каратэ-доның енетіні белгілі. Дүниежүзілік спорт додасында топ жарып, алтыннан алқа тақсам деп армандайтын өреннің бірі – Бэлла Самашева. Каратэ жарыстарын қалт жібермейтіндерге етене таныс Бэлланың спортты серік еткеніне төрт жыл болыпты. «Кішкентай кезімде далада ойнап жүргенде ұлдар шашымнан тартып, ұратын. Кейін осы жағдайларды әкем естіп, мені каратэ үйірмесіне берді»,-дейді ол. Шашымен ойнағандардан есесін қайтармаса да, бүгінде ешкім тиіспейтінін айтып күлді.  Алғашқы үлкен жарысын 2013 жылы Польшада өткен Халықаралық турнирде бастаған. «Ката» және «кумитэ» бағдарламалары бойынша бірінші орын алған жас каратэші, 2014 жылы Португалияда өткен турнирде әртүрлі бағдарламалар бойынша 3 алтын, 1 күміс, 1 қоламен елге олжалы оралады. Былтыр Оңтүстік Африка Республикасынан бір өзі 5 алтын алған Бэлланың ендігі мақсаты – алда өтетін турнирлерде де топ жарып, тәжірибесін шыңдап, өзінің Рауан, Әділет ағайлары секілді жаттықтырушы болу. Ал, бесінші және төртінші класс оқушылары Мақсат Шаншаров пен Алмас Мубараковтардың арманы – «қара белбеу» иесі атану. Иә, «Генерал болуды армандамайтын солдаттың солдат еместігін» балғын каратэшілер де жақсы біледі. Ел біріншіліктерінде өз қатарластарынан басым түсіп жүрген қос жеткіншектің алар асулары әлі алда. Десе де, 2015 жылдың қысында Бішкекте өткен «Кейхацу Кубогі» Халықаралық турнирінде екеуі де ел мерейін үстем етті. Тек бір ғана әттеген-айы балғын спортшылардың жол шығынын ата-аналары көтеруге мәжбүр…

P.S. Кезекті каратэ жаттығуы басталмай тұрып қос бірдей балғын спортшы шотокан стилінде жекпе-жекке түсіп кетіпті. Бірі жерге сұлап түссе, оның қарсыласы жұдырығы қатайып келе жатса да жүрегінің жұмсақтығын байқатып, кешірім сұрасты. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» демекші, ұл-қыздарға каратэ-домен бірге ұстамдылықты үйретіп отырған «Абырой» клубы ел абыройын асқақтата берсін деп тіледік. 

ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ