«Жаңбыр жауса – жер тоқ, егін ексе – ел тоқ!»
Өткен сенбі күні Сарысу ауданы әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы С.Дариябеков, Түркістан ауылдық округінің әкімі А.Шортанбаев, Түркістан ауылдық округі әкімі аппаратының бөлімше басшысы Ж.Арыстанбеков болып ауылдық округке қарасты қысқы мал азығын дайындап жатқан шаруалар мен егіндік алқаптарын аралады.
Халық арасында «Көсегенің көк жоны» деп аталып кеткен аймақта биылғы жылы 3112,85 га күздік бидай, 2551,41 га жаздық арпа, 5304,58 га мақсары, 2727,96 га жоңышқа барлығы 13696,80 га егіс егіліп, жоспар 102,21% артығымен орындалды.
Кешегі КСРО-ның кезінде Н.Хрущевтің бастамасымен «Тың совхозы» болып құрылған ауылдық округтің бүгінгі жағдайы өте жақсы деңгейде. Өткен 2021 жылы қуаңшылық болып, егіннен өнім ала алмай қалған несібесін жерден емген дихандар биылғы ауа – райының жауынды, қолайлы болып тұрғанына дән риза.
Ат басын қыстық мал азығын дайындап жатқан «Ұшқын» шаруа қожалығының жоңышқалық алқабынан бастаған аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Сейілбек Шәкенбайұлы мен ауылдық округ әкімі Ахан Амангелдіұлы шаруашылық төрағасы Байпатша Майхиевпен кеңінен пікірлесті.
Ауылдық округ бойынша жоспарланған қысқы мал азығының бүгінде 70% дайындалған. Алда әлі орылатын табиғи сазды алқаптар мен қаншама сабан барлығын есептегенде ауылдық округ шаруаларының қысқа молынан жететін азық дайындалатыны анық көрінуде.
Айнала көз жетер төңірек алқаптар, аспаннан нұрын төккен алланың беруімен жайқалып өсіп тұрған егіс алқаптары. Белуардан келіп жайқалып өсіп тұрған бидай-арпа, мақсары дақылдарын көргенде күзде өнім мол болып, Түркістан ауылдық округі тағы бір түлеп шығады ау деп, тоқ көңілде жақсы әсермен қайттық.
Ж. АРЫСТАНБЕКОВ,
Әшір Бүркітбаев ауылы