ҰЛЫТАУДА ӨТКЕН ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ҰЛТТЫҢ РУХЫН КӨТЕРЕ АЛДЫ МА?
Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайды сан саққа жүгіртіп жатқан ағайын көп. Көптің аузына ешкім қақпақ қоя алмайды.
Демократияға қадам басқан елдерде алуан пікірлердің айтылуы – заңдылық. Бізге де осы керек. Қара болсын, хан болсын, орынсыз жерін сынаған, орынды жерін құп алған дұрыс. Қоғамдық пікір сонда қалыптасады. Әйтпесе тұңғыш Президентті «нұрлы жолынан тайдырған да, барлық жеңілдігінен айырған да» асыра сілтеп мақтау еді ғой. Ода мода болған заманда ақ пен қараның аражігін аша алмай халық абдыраған, билік аңыраған шақтарымыз көп болған. Оны да шыққыр көзіміз көрді. Сондықтан екінші Президентті орынсыз мақтаудан да, жабыла даттаудан да аулақ болайық!
Шоғырлану мен турасын айту бір басқа
Қалай десекте, біздің Ақордада Жаңа Қазақстанды құруға деген тым асығыстық бар. Оған Ата Заңға енгізілетін түзетулер жобасы елімізде бір ай бойы қызу талқыланғанда көз жеткіздік. Кейін референдум да ұмар-жұмар тез өте шықты. Халық сәл тыныс алып, өткен-кеткенді саралай бергенде Ұлттық құрылтайдың туы желбіреді. Ақорданың ниеті бір-ақ күнде «қой үстіне бозторғай жұмыртқалатып», ел ішіне «жұмақты орната» салу болса, құба-құп. Ал қаңтардағы қанды оқиғаны ұмыттыру үшін жандәрмен жанталасы болса, қатты қателеседі. Себебі тарих-Ата өте қатал. Жақсылықты да, жамандықты да жылнамасына жазып отырады. Уақыты келгенде ай-күні жеткен анадай шыр еткізіп туа салады.
Адам психологиясы деген қызық қой, әлеуметтік желіде құрылтайға барғандар мақтап, бара алмағандар даттап жатыр. Бұндайда«талғамға талас жоқ» деген дұрыс. Бірнеше жылдар бойы ұлтшыл азаматтар «станнан» құтылып, «Қазақ елі» болмасақ, құлдық қамытынан әзір құтылу жоқ» деп сынап келді. Бұған Президент Тоқаев нүкте қойды. «Кейбір азаматтарымыз референдум кезінде мемлекеттің атауы да өзгеруге тиіс еді деген пікір айтып жүр. Олар «Қазақстан» атауындағы «-стан» сөзін елімізге де, бүкіл Азияға да жат ұғым деп санайды. Мұны да қисынды деп айтуға болмайды. Себебі әлемде дәл осындай Пәкістан, Үндістан, Ауғанстан және Орталық Азия мемлекеттері бар. Ең басты мәселе, біз тәуелсіз еліміз – Қазақстан Республикасы атынан 30 жыл ішінде көптеген халықаралық келісімшарттарға қол қойдық, мемлекеттік шекарамызды бекіттік. Осындай жағдайда мемлекетіміздің атауын өзгерту жауапсыз шешім болар еді. Бұл – ең алдымен, ұлттық қауіпсіздігімізге және халқымыздың бейбіт өміріне тікелей әсері бар өте маңызды мәселе», – деді Президент. Сөзге тоқтаған халықпыз ғой, бұл уәжбен келіспеске шара жоқ.
«Адал еңбекті күлкі етіп, мазақ қылуға болмайды. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуы тиіс» дегенді айтқан Президентті жамандыққа қалай қиярсың? Алда құрылтай аясында мазмұнды әрі белсенді жұмыс атқару міндеті тұр. Себебі бұл институтқа халық үлкен үміт артып отыр. Ұлттық құрылтай елдегі трансформациялық процестерге үлкен үлес қосады деген зор сенім бар.
Бір заманда Шерхан ағам Президент Назарбаевқа жанашырлық танытып: «Президент біреу, қалғанымыз оған тіреу болайық», – деп, көпшілікті ынтымақ пен бірлікке шақырғаны шындық. Ол да бүгін тарих! Сөйткен Президентті мақтап-мақтап тақтан, жақтап-жақтап атақтан айырдық. Сол кездегі жағымпаздар (әлі күнге билікте отыр) «Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болуға» дайын тіпті…
Қазір кім көрінген құмар саясат деген құрғыр да футбол ойыны сияқты нәрсе. Ерік-жігері мықты спортшы-шенеуніктер комбинациялық ойын өрнегін көрсетпесе қиын. Таңдалған команда үнемі жеңілістен көз ашпаған ескі құрама болса, тіпті масқара! Бүгінгі қазақ үкіметі де осы тектес. Шау тартқан кәрі-құртаң мен көзінде оты, жүрегінде жалыны жоқ, рухы пәс тартқан, әлі күнге сағатын Ресейге қарап түзеуге құмартып тұратын, жаңашылдықтан мақұрым, тілден алшақ құрамы көп. Мұндай командамен Жаңа Қазақстан құру, саясат алаңында ерекше көзге түсу өте күмәнді… Сондықтан өткеннен сабақ алып, бүгінгі Президент Тоқаевтың қасына шоғырлану бір басқа, турасын айту бір басқа!
Сонымен, Ұлытау – ұлы мекен. Ол жерде Ұлттық құрылтай өткізу – ұлылыққа іңкәрлік! Ел болуға талпыныс! Егер Президент Тоқаев ата-баба жолын аңсап, жер болған қазақты төбе басына шығарамын деп Ұлытауға жинап жатса – ірілік! Қасындағы идеологтарының айдауымен, абырой-атақ жинау үшін тырбанып жатса – қу тірлік! Босқа дау қумай, осының аражігін ашып алу – бізге міндет!
Бірден айтайық, Жаңа Қазақстанды құру жолындағы тарихи қадамның киелі жерден басталуы – жақсы ырым. Жошы ханның басына барып Президенттің құран бағыштауы да көрегендік! Көргендік!
«Ұлттық құрылтай ұлтымыздың тілінде өтті» деп қуанып жатқандарға айтарым – «Енді қай тілде өтуі керек еді?». Өз елінде, өз жерінде тұрып, өзінің ана тілінде өз ұлдарының сөйлегеніне мәз болудан өткен бейшаралық болмас! Ел боламыз десек, осыны жадымызға мықтап тұтайықшы!
Хош, сонымен Ұлытаудағы Ұлы Құрылтай қалай жасақталды, несімен есте қалды? Құрылтайда құнды ойлар айтылды ма? Ұлттық мәселе көтерілді ме? Кімдер ұлықталды, кімдер сырт қалды? Ұлттық құндылықтар қалай дәріптелді? Осы тектес сауалдар легі де бір шоғыр.
Ұлттық құрылтай барысын әлеуметтік желіден үзбей бақылап отырдық. Әу баста Ұлытауды мекен ретінде таңдағанынан бастап, соңында Мұхтар Шахановтай асылдың кеудесіне «Еңбек ері» алтын жұлдызын таққанына дейін. Осы жерде ел Президентінің назарына мынаны ұсынғым келеді: МҰХТАР ШАХАНОВТЫ ҰЛЫҚТАУ – ҰЛТТЫ ҰЛЫҚТАУ! МҰХТАР МАҒАУИНДІ ЕЛЕМЕУ – ЕЛДІККЕ СЫН!
Президент Тоқаевтың сөзі де, өзі де ұстамды көрінді. Үндеуіндегі сөздері қандай! Жарқырап атқан ақ таңдай! Ақылға қонымды тұстары да мол. Арғымақ биліктің қос тізгінінен мықтап ұстап алғаны байқалады. Баяғыдай маңайына жалтақ-жалтақ қарамайды, әр сөзін талдап-талдап, қадап-қадап айтуға бейім.
25 қазанға «Республика күні» деген мәртебесін қайтарам дегені көңілден шықты. (Кезінде бұл күн Наурыз мерекесін тойлауға тағы бір күн қосымша демалыс беруіне байланысты қысқарып қалды-ау, қателеспесек. Енді Екінші республикада Республика күнін тойлаймыз). Бұл күн 1990 жылы 25 қазан Қазақ КСР-нің егемендігі туралы Декларация қабылданған күн екенін де естен шығармайық! Қайта жаңғыртылыпты! Халықтың бір талабы орындалды деген осы! Әйтпесе «Тәуелсіздік мейрамы Жаңа жыл көлеңкесінде қала бергенше, неге 25қазанға жылжытпаймыз?» деген сөз халық арасында жиі айтылушы еді.
ҚҰРЫЛТАЙДА ҰЛТЫМ ДЕГЕН АЗАМАТТАР НЕГЕ ЖОҚ?
Ұлытаудың төрінде, Ұлттық құрылтайдың белінде Президент Тоқаев тіл реформасы, сот жүйесі, шетел асқан ақшаны қайтару, мемлекеттік қызмет т. б. көп дүниенің жайын сөз етті. Бұған дейін де айтылған ойлар болса да, Ұлытаудың төрінде айбары асып, айбыны таси түскендей әсерге бөледі. «Түрлі көзқарас, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануымыз қажет деген жері де көңілге майдай жақты. Расымен, бір-біріміздің ойымызды тыңдап, пікірімізді құрметтей білсек, алға баспай, қайда басамыз? Идеологиялық салмағы ауыр тартатын, жігерлендіретін қуаты да бар сөз осындай-ақ болар.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Отбасын асырау үшін табанды еңбек етіп жүрген, заңға бағынатын адамдар құрметке ие болуы керек. Өкінішке қарай, бізде көше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пиғылмен айқай шығаратын адамдар бүгінгі күннің батырына айналды. Депутаттар мен атқарушы билік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды. Түрлі деңгейдегі шенеуніктер солардың ғана талабын орындауға жүгіреді» дегені – ащы болса да шындық. «Әттеген-ай!» дегізгені – Президент жағымсыз кейіпте сипаттаған блогерлердің бірнешеуі, сайқымазақ әзілкештер көшбасшысы төбе көрсетті. Әсіресе тілден мақұрым саясаткерсымақтың Ұлттық құрылтайда қалғып-шұлғып отыруы елдің ашуын туғызғаны сөзсіз. Бәріне кінәлі «оң жамбасына келетін» үйреншікті тілдің биік мінберден асқақтамауы ғой… Онда жанып түсер еді шіркіндер. Осындайды көргенде бүгінгі қоғамдағы бетперде киген, ұлттық құндылығыңды ұрмайтын, тіліңді «сызбайтындардың» пейілі мен пиғылына қынжыласың. Ұлттық идеологияға жауапты азаматтар асыл мен жасықтың бағасын біліп, өзекке тепсең де өзгермейтін өз ұлына құрмет көрсетіп, «өзгергендерді» өзеуретпей тәубасына келтіріп отырса, жетістікке жылдам жетудің жолы болар еді демеске шара жоқ…
Толқыннан толқын туғаны секілді, ойдан ой туа береді екен. Айтпаса тағы сөз – жетім. Ұлттық құрылтайға небір ығай мен сығай шақыртылғаны даусыз. Той болғасын базына да айтыла береді қазақ ортасында.
Ығай мен сығай демекші, мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай құру туралы Жарлыққа қол қойып, онда оның ережесі мен құрамын бекіткенде-ақ көз жүгіртіп шыққанбыз. Жаңа қоғамдық институттың мүшелері қатарындағы танымал тұлғаларға да қарап, риза болғанбыз. Танымал композитор, жазушы, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақанов; Қазақстанның Халық жазушысы, ақын, қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов; қазақтың тұңғыш ғарышкері, Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы Тоқтар Әубәкіров; танымал журналист әрі қоғам қайраткері Сейдахмет Құттықадам; көрнекті ғалым-математик, академик Асқар Жұмаділдаев; ірі экономист және қоғам қайраткері Жақсыбек Күлекеев; танымал мемлекет қайраткері, саясаткер Әлихан Бәйменов; журналист, медиа-менеджер, қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи; мемлекет және қоғам қайраткері, Парламенттің бірнеше шақырылымының депутаты Нұртай Сабильянов; әлем чемпионы, Сеул олимпиадасының күміс жүлдегері, қоғам қайраткері Дәулет Тұрлыханов; ғалым-биотехнолог, «QazVac» вакцинасын әзірлеуші Күнсұлу Закария; қоғам қайраткері, дінтанушы Қайрат Жолдыбай; танымал тілші-ғалым Анар Фазылжанова; эколог, азаматтық белсенді Азамат Әміртаев.
Жалпы Ұлттық құрылтайдың құрамында 117 қатысушы бар. Аттары аталған елге еңбегі сіңген тұлғалармен қоса, тағы айтамыз, әлеуметтік желі арқылы біреуді ықтырып, біреуді бұқтырып жүрген қыз да, қылжақбас комик те, жылт етіп көрінуге құмар жазушысымақ әйел де еніпті тізімге. Қазақ айтатын «бір май, бір ет» деген астарлы сөз ойға оралады. «Әттеген-ай!» дегізгені де осы болып тұр. Біреуді қызғанудан, біреуді көре алмаудан аулақпыз. Көзге шыққан сүйелдей бадырайып тұрған кемшіліктерді айтпасақ, кім болғанымыз?
Қазақта игі жақсылар бұрын да болған, қазір де мол. Соның бірі – Зейнеп апай. Атақты батыр Бауыржан Момышұлының келіні. Ұлттық құрылтайда Зейнеп апа жүрсе, мәртебесі асқақтай түсеріне кім дау айтар? Ол кісінің тағылымды әңгімесіне қоғам сусап отыр.
«Қазақтың тілі үшін жаным пида» деп, бар ғұмырын тілге арнаған Асылы Осман апам қайда? Ол кісінің орны құрылтайда ойсырап-ақ тұр. «Қазағым деген қара қызды» кеудесінен итерсек, келер ұрпақ бізді төбемізден ұрмай ма?
Қоғам қайраткері Амангелді Айталы ағаның айтары әлі таусылған жоқ. Таудай ағаның тау тұлғасы мен телегей теңіз білімін керек етпеген биліктің бір жағы ойсырап қалмақ!
Қоғам қайраткері Ермұрат Бәпи құрылтайға шақырылыпты. Өте дұрыс шешім. Бірақ жалғыз. «Жалғыздың үні шықпас». Неге оппозиция серкелері Рысбек Сәрсенбай мен Балташ Тұрсынбаев екі жағында екі қамалдай қоршап тұрмайды оны? Жаңа Қазақстанның жаңара бастағанына да осы кісілерді көрген халық илана түсетін еді ғой. Ұлт болашағына қатысты ұлы істерге жауапты Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мырза оппозиция өкілдерімен де ынтымақ орнатқаны дұрыс болар еді, негізі. Қорқатын не бар? Өткір ойлы азаматтар қоғам дамуына өте қажет. Бас шұлғып, қалғып-шұлғып отыратындар емес, қоғамға қызуқанды, табанды, білікті азаматтар әсер етеді, қозғайды. Олар халықтың назы мен ашуын, талабы мен қалауын билікке жеткізеді. Сынағанның бәрі жау емес. Мақтағанның бәрі дос емес.
Мысалы, бір айтары бар саясаткер Мұхтар Тайжан жер туралы сөз қозғамақ ниетімен Ұлытауға дейін барып, құрылтайдың табалдырығынан қайтты. Әлеуметтік желіде ол туралы жазды да. Оны көзге ілген жан болмады. Жігері мұқалып, көңілі пәс тартып оралды. Ұлтжанды азамат, қоғам белсендісі Бурахан Дақанов та «Солтүстікке қазақты көшіру» жайлы айтамын деп жолға шығып, тауы шағылып ол да қайтты. Түсінген билікке Ұлттық құрылтайдың мәнін осындай өткір сауалдар өтімді етпейтін бе еді?! «Ас ішіп, аяқ босататын» уақыт па қазір?
Анау Арман Шораевтай ұлттық рухы бойында тасыған, саяси сауаты кемелденген, намысы қайралған, бір айтары бар жігіттер Президенттің маңына топтасса, қандай жарасымды?! 24 жастағы шымкенттік Құрмет Талапқазы – әлеуметтік желі арқылы елді қуаңшылықтан зардап шеккен өңірлерге көмек беруге шақырған азамат. Еңбегімен еленген жігіт. Саясаттан аулақ, бойында күш-қуаты тасып тұр. Қайдағы бір «айқайшыл», «күлдіргіш» қыз-жігіттерден көрі Ұлттық құрылтайда сөзі мен ісі қабысатын, елге шын жаны ашитын жастардың болғаны билікке бедел, Президентке абырой болатын еді ғой!
Бұл Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мырзаға құлаққағысымыз. Әйтпесе жылпос, өз есебін түгендеп жүрген «қайраткерлер» Ақорданы төңіректеп, жылт-жылт етіп көрініп жүр… «Аузы күйген үрлеп ішетін» кезеңде тұрмыз…
Пікірлер:
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев), жазушы-публицист: ҚҰРЫЛТАЙДЫҢ «ПЛЮСТЕРІ МЕН МИНУСТАРЫ»
…Президент «Билік пен халық арасында мазмұнды диалог орнаттық. Бұған Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі зор септігін тигізгенін атап өткім келеді» деді. Бұл шындықпен үйлеспейді. Билік пен халық арасында диалог орнаса, онда Жаңаөзенде газ, бензин, басқа қалаларда азық-түлік қымбаттамас еді. Диалог орын алса, қантөгіс те болмас еді. Бұл – үлкен минус. Президенттің демократияны дамыту туралы айтқандары да солқылдақ болып шықты. Бұл – минус. «Нағыз мемлекетшіл адам қара басының қамын емес, халқының игілігін ойлауы керек» дегенін ең алдымен шенеуніктерге арналған сөз деп ұқтық. Бұл – плюс. Сыбайлас жемқорлық тұрғанда әділетті Қазақстан құру мүмкін емес. Жер-жерде тұрғындар құқық қорғау, сот орындарының әділдігін көргенде ғана сенімі туады. Әзірге ол жоқ.
Президенттің тарихи әділдік орнатуға байланысты қағидалары құлаққа қонды. Репрессия мен қолдан жасалған ашаршылық құрбандарын зерттеуді одан әрі жалғастыру өте-мөте маңызды. 7 миллионнан астам адам тағдыры – тез ұмытыла салатын құрбандық емес. Бұл – плюс…
…Жаңа Қазақстанды ескі режимнің кадрларымен құруға болмайды. Сондықтан Назарбаев билігіне қолшоқпар болған кадрларды сарымайдай сақтамай, тездетіп ауыстырған жөн. Бұл бағыттағы саясаттың минусы басым…
…Президент «Қара қылды қақ жарған билер жолын жалғастыруға тиіспіз. Қазіргі таңда елімізде үш жүзге жуық судья жетіспейді. Сол орындарға әділ, адал және білікті жастарды тартуымыз қажет» дейді. Сот судьяларын сайлап қоймай, әділеттілікке жету мүмкін емес. Сот орындары коррупция ошағы екені жұрттың бәріне мәлім. Сотқа ісі түскен адам судьяның әділдігіне сенбейді, олар дереу таныс іздей бастайды. Сондықтан әділдікке ұмтылған шынайы қадам жоқтықтан, бұл – минус!..»
Әлихан Бәйменов, белгілі саясаткер:
«ЖЕТІСТІКТІ КӨРМЕУ – СОҚЫРЛЫҚ, КЕМШІЛІКТІ КӨРМЕУ – ЖАНЫ АШЫМАҒАНДЫҚ»
«Айыр пікір айып емес, айыр пікірсіз өмір – абақты» деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов айтып кеткендей, ағымдық саясаттағы пікір алуандығы – демократияның шарты. Ендеше, ішкі саясатта ешкімді өзектен теппей, өңменінен итермей тәрбиелеу, ағарту, қажет болғанда көзі ашықтың көкірегін ояту, көкірегі ояудың көзін ашу – біздің ортақ парызымыз.
«Жетістікті көрмеу – соқырлық, кемшілікті көрмеу – жаны ашымағандық». Сондықтан ағымдық саясатта әр саладағы кемшілікті айтқандарға жанашыр ретінде қарау «еститін мемлекет» мәдениетінің сипаты болуы тиіс. Ал күнделікті өмірде әркім өзінің және өзгенің абыройын, еңбегін, уақытын, хақын құрметтейтін мәдениет қалыптастыру абзал.
Ең бастысы, бәрінен де қастерлі Тәуелсіздік, мемлекет тұтастығы, ел бірлігі, жер иелігі, мемлекеттік тіл тағдырына келгенде барлығымыз бірігіп, ортақ құндылықтарымызды қорғауға тиіспіз. Осы сауапты да жауапты істе Ұлттық құрылтайға баянды табыс тілеймін!»
Асқар Жұмаділдаев, математик, ҰҒА академигі:
«Мылжың ел болып қалмайық!»
Президент жанынан құрылған Ұлттық құрылтайға мүше болды. Ғалым Nege.kz порталына берген көлемді сұхбатында құрылтайға мүше болуға не үшін келіскенін, сондай-ақ Президентпен кездесуінен алған әсері жайлы айтып берді.
«Мен үшін Жаңа Қазақстан деген ұғым үш нәрседен тұрады. Бірінші – сөз бен істің жақындығы. Екінші – әділеттілік. Үшінші – жалқы ұмтылыс. Осы үшеуі орындалса, төбедегі келеді. Орындалмаса, мылжың ел болып қаламыз. Міне, осы үшеуін алып қарағанда, Президент Тоқаевтың ісі дұрыс бағытта келе жатыр. Шынымды айтсам, бұл кісіге ішкі симпатиям бар. Сондықтан да бұл ұсынысты қабылдадым. Әрине, мұндай әңгімелер бұрын да болған. Ұлттық кеңес деген болды. Жалпы, мен айтатынымды айтып жүрмін. Президент пікірімді қабыл алды. Өзім көп емес, ғылым-білім, қоғам, тіл жөнінде үш-төрт көлемді мақала жаздым. Соны оқыған екі-үш-ақ адам бар. Соның бірі – Қасым-Жомарт Тоқаев. Мен оны анық көрдім», – дейді Асқар Жұмаділдаев.
АТА САЛТЫМЕН ДАТ АЙТҚАНДАР ДА БАР
Ұлттық құрылтайдан соң ел Президентіне дат айтқан кісілер бар. Соны жаза кеткенді жөн көрдік. Бәлкім, «еститін Үкіметтің» құлағына шалынып қалар деген үмітіміз де бар.
Батырларды асқақтату, қайраткерлерді құрметтеу – бәрімізге сын!
Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану музейінің меңгерушісі, Сырым аудандық мәслихатының депутаты А.Ойшыбаева (әлеуметтік желіде мені белгілеп жіберіпті): «…Сол келелі кеңесті мұқият тыңдай отырып, Президенттің айтқан мына сөздері осы мақаланы жазуыма себеп болып отыр. «Бір кездері ұмытылып кеткен ұлт перзенттерінің есімін қайта жаңғыртуымыз керек», – деген еді Президент. Сондай-ақ, «Ел тағдырын айқындаған тарихи оқиғаларға лайықты баға берген жөн. Өткенге әділ баға берілмесе, жарқын болашақтан үміт күту қиын. Мұны терең түсінген абзал», – деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы бір ауыз сөзді естіп, қатты қуандым. «Өлгенім тіріліп, өшкенім жанды» дейді ғой атам қазақ. Кезінде абыз ағамыз Әбіш Кекілбайұлы: «Қазақта қадірлеуге тиіс бір тұлға болса, ол – Сырым Датұлы! Сырым – исі қазаққа ортақ тұлға. Оны барша қазақстандықтар бірдей құрмет тұтып, бірдей бағалауы керек», – деген болатын. Менің айтқым келетіні – Ұлт-азаттық күрестің көш басында тұрған Сырым батыр қазаққа ортақ насихатталмай келе жатқанына қиналғандықтан, осы ойды ортаға салмақпын. Сырымның өмірі мен шығармашылығы, атқарған қызметі қандай кино түсірсең де, балалар мультфильміне де сұранып тұрған дайын кейіпкер. Азан шақырып қойған аты – Шынтемір атымен талай дүние жасауға болады. Өз заманында турашылдығымен танылған әділ би, дана Сырым – батырлықтың да ерен үлгісі болған аңыз адам. Ал оның туған жеріндегі жымпитылықтар үшін Сырым туған топырақта туып, қызмет ету – әрі мақтаныш, әрі екі есе жауапкершілік. Біз сол жауапкершілікті қаншалықты адал атқарып жүрміз? Қаншалықты Сырымды насихаттай алудамыз деген ой «менің елім» деген азаматтарды бей-жәй қалдырмасы анық. Биыл батырдың туғанына – 280 жыл. Жылда атап өтілетін шараларды қазақтың әр облысы бірге атап өтсе деп, талай ұсыныстар жаздық. Батыс Қазақстан облысындағы тарихи аудан да Сырым ауданы. Аудан басшылығы қанша жылдан бері өз күштерімен батырдың тойын атап өтіп, жерленген жеріне мазар тұрғызып, түрлі шараларды өз деңгейіне атап өтіп келеді. Бірақ ауданның да әлеуеті жете бермейтін қызметтер болады. Соның бірі барша қазақстандық аймақтарда Сырымды атап өтетіндей іс-шаралардың деңгейін көтере алмауында…».
Бұл датты неге айтып отырмын? Бұл тек Жымпиты шаһары ғана емес, дүйім қазақтың ауылындағы жағдай. Елін қорғау үшін атқа қонып, ақырында азаптың неше түрін көрген есімі ескерусіз жатқан арыстар аз ба қазақта? Келешек ұрпақтың ұлтжанды болып өсуі үшін, тарихына құрметпен қарауы үшін өткенді дәріптеу, батырларды асқақтату, қайраткерлерді құрметтеу – ұлтқа сын! Айтайын дегенім, Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселе жеріне жетуі тиіс! Ұлттық идеология деген – нақ осы!
«Тойдың болғанынан боладысы қызық» деген рас-ау. Бір күн де болмай зу етіп өте шықты. Көпшілік жұрттың көкейіндегі жүрген ойды дөп басқан Президент Ұлттық құрылтайда ұғымды сөз айтты:
«Жаңа Қазақстан бір күнде немесе бір жылда құрылмайтыны анық. Бұл – бүкіл қоғамды өзгертетін күрделі әрі ұзақ үдеріс. Мұны жүзеге асыру үшін бір ғана билік әрекет етсе, әрине, бұл жеткіліксіз. Бүкіл ел болып жұмылсақ, көздеген мақсатымызға жетеміз. Сол себепті мен Жолдауымда Ұлттық құрылтай шақыру туралы бастама көтердім.
Құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.
Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды».
«Жақсы сөз – жарым ырыс» демей көр осыдан кейін. Осы құрылтай жаңашылдықтың басы болғай!
ТҮЙІН СӨЗ: ТІЛ ПРОБЛЕМАСЫ ТҮРКІСТАНДА КӨТЕРІЛСЕ ИГІ
Әлем шулап жазып жатқан, қазақ халқы рахаттана қол соққан Санкт-Петербург Халықаралық экономикалық форумының бас кейіпкері Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев болғаны да дәтке қуат! Референдумның алдында Ресейдің журналисін шақырып алып тұрып, «қаңтарда көмектескен Ресей емес, ҰҚШҰ (ОДКБ) әскері» деп мәлімдеген Президентіміз енді Ресейдің өзіне барып тұрып, Путин мен Тигранның зайыбы Симоньянға «ЛХР» мен «ДХР»-ды мойындамайтынымызды, Қазақстанға қатысты ауызға келгенді лақ еткізе бермеу керектігін беттеріне айтып қайтты. Мықты дипломатия мектебі, «мақтамен бауыздау» деген осы шығар. Ұлт ордасы – Ұлытаудан рухтанып барып, орыс басшысына ойындағысын ойып жеткізді. «Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деген осы емес пе!
Қазақтың рухын оятуға, негізі, көп нәрсе керек емес екен. Президент жүрген жерінде ана тілінде сөйлеп, ұлтының, жерінің беделін сақтап, тіл тигізгендерге ұтымды жауап беріп отырса, жетіп жатыр. Қара орман қазағы соған да риза! Кешегі Ресейде өткен экономикалық форумда маған қатты ұнағаны – «Невский» орденін алмағаны. (Жалпы «салпыншақ» атаулыдан бас тартқаны туралы бір жерден оқыдым). Президентіміз Ұлытауға барғанда ұлы хандардың рухын сезініп, солардан күш алса игі. Орыстар ұлы патша санаған Невский кім еді? Шапқылап жүрген «Алтын Орданың» қолбаласы ғана болатын. Кішкентай ғана князьдықты басқарып, салығын уақытымен төлеп, «Алтын Ордаға» арқа сүйеп күн кешкен «сүйкімді ғана ұл» еді бар болғаны. «Күштінің құйрығы диірмен тартқан» заман ғой. Өтірік тарих өңмеңдеп тұр! Ұлытаудағы Жошының басына барып құран бағыштаған Президент Тоқаевтың «Невскийді» «менсінбеуі» – аруақтарды аттамауы! Рухын сезінуі!!! Президентті мақтамай-ақ қояйық, ол оған мұқтаж емес, тіпті орыс пен қырғыздың берген орденьдерінен бас тартты дейді. «Осы қызметте тұрғанда маған марапат керек емес» деп. Оу, ағайын! Ол сөзбен емес, іспен дәлелдеп жатыр ғой. Маңдайдағы көздермен көріп отырмыз ғой. Енді не керек?!
Бұл жердегі түйін сөз: Тоқаевтың сыйлықтан бас тартқаны дұрыс екен. Енді оның аппараты да елге жаппай грамота таратуды тыйса дұрыс болар еді деген емеурін.
Жаңа Қазақстанның алдында жаңа бетбұрыстар кезеңі тұр. Соның бастысы – қазақ тілі! Тілі жұтаң биліктің халыққа айтар сөзі де кедей. Ұлттық құндылықты дәріптеу ең алдымен билікке сын! Кез келген мемлекетті бірінші тілі мен туы арқылы таниды. Осы екеуінің біреуі төмендесе, ол мемлекеттің келешегі бұлыңғыр, тіршілігі қараңғы! Айтыңыздаршы, қай елде қосарланған мемлекеттік тіл бар?
Сондықтан Жаңа Қазақстан құруға талаптанып жатқан азаматтар тіл мәселесін күн тәртібінен түсіруі тиіс. Оған қазақ халқының саны да, сапасы да келіп тұр. Шындығын айтсақ, мемлекеттің тұғырына қонуына орыстар емес, биліктегі орыстілді қазақтар кедергі келтіруде. Сүйекке таңба болып тұрғаны да осы ғой. Оларда құлық та жоқ, ниет те жоқ. Қайтпек керек?
Біз тараптан Ақордаға бір уәж. Президент Тоқаевтың өзі Ұлттық құрылтай қарсаңында «Ұлттық құрылтайға қатыспадым, сөйлей алмай қалдым дейтін жандар болса, халықтың пікірін тыңдауға біз дайынбыз» дегендей ыңғай танытқан еді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Аналар атынан айтар датым: Елімізде ата-аналар қоғамы бар, әр өңірде өздерінше тырбаңдап қояды. Бірақ қолдары қысқа, жүрістері шабан. Айтпақшы, «Аналар кеңесі» де жұмыс істеп тұр. Ассамблеяның құрамында. Алайда үндері бәсең, белсенділігі төмен. Жалтақ. Өз беттерімен іс етуге дәрменсіз. Сөйте тұра Ассамблея құрамындағы Аналар кеңесіне кім көрінген кіре бермейді.
Елімізде ұлттық құндылықтардың құлдырауы, бала тәрбиесінің кенжелеп қалуы тікелей Ана тәрбиесінің аздығынан. Аналардың жұмысбастылығынан. Аналарға жағдай жасалмағанынан.
Құрметті Президент, алдағы уақытта «Аналар» деген құдіретті атау жаңадан құрылып жатқан Ұлттық құрылтай кеңесінде «Аналар Одағы» болып, ойып тұрып орын алса деген тілегім бар. Оған Қазақстандағы белсенді аналардың бәрі мүше болса, қандай жарасымды болар еді! Бұл мемлекетке де тиімді. «Себебі қазақ «Ана тілім» дейді. Өзге ұлттар олай айтпайды. Қазақ халқының даналығы да сонда! Сол тілде әлемге үн қатады. Мақтанады. Шаттанады. Жасырмаймыз, көкірегі қазынаға толы аналар көп дүниені уысынан шығарып алды. Күйкі тірлік күйбеңінен аса алмай қалды. Бала тәрбиесі жәйімен кетті «түйе айдап». Қыздарымыз қылмыңдап, ұлдарымыз жырқылдап жүр. Отбасыдан береке кеткесін, өзгелерге келеке болып жүрміз. Әлі де кеш емес. Биліктен қолдау болса, аналардың жотасы да қоңдана түсері сөзсіз! Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов: «Адамды хайуандықтан адамшылыққа кіргізген – әйел. Адам баласының адамшылық жолындағы таппақ тарақияты әйел халіне жалғасады. Сол себепті әйелдің басындағы сасық тұман айықпай, халыққа адамшылықтың бақытты күні күліп қарамайды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, тағліміңді, бесігіңді түзе! Оны түзейім десең, әйелдің халін түзе!» – деген. Қоғамда қазір не көп? Одақ көп. Тіпті аяқ алып жүре алмайсыз. Олай болса ұлттық құндылықтың қайнар көзі саналатын «Аналар одағы» Ұлттық құрылтай ішінен неге құрылмасқа! Анасына төрден орын берген қазақ билігінің ұтары да осы тұс. Әрине, бұл одақ жансыз, жағымпаз, жалтақ, рухсыз одақ болмауы тиіс! Бұл одақтың мүшелері жалын болып лапылдап жанып, ел намысын қайрайтын, билікке де сөзі өтімді, іскер одақ болмаса, бәрі бос сөз. Атқа қонып айбарын төгетін аналар ғана тағылымымызды, бесігімізді түзей алады. Біз одаққа осындай айбарлы, айдынды аналарды тартайық!
Елдің сөзі, әлеуметтік желінің дүмпуі Президенттің де құлағына шалынатыны байқалады. Мысалы, көпшілігіміз «Ескі кадрлармен Жаңа Қазақстан құру қалай болар екен» дейміз. Президент Тоқаев оған да жауап беріп қойыпты: «Қоғамда қызу талқыланып жатқан тағы бір мәселеге тоқталсам. Бұл – кадр саясаты. Әділетті Қазақстанды құру – кадрлардың орнын ауыстыра беру деген сөз емес. Өз ісін жетік білетін кәсіби мамандар, отаншыл азаматтар қашанда бағалы. Мемлекеттік қызметшілерге қандай да бір кланның мүшесі ретінде қарауға болмайды. Әрине, олардың құрамын жаңартып отырған дұрыс. Бірақ мұны терең ойланып, байыппен жасау қажет. Кадрларды жаппай жұмыстан шығару жақсылыққа апармайды. Әлеуметтік желіде «ескі кадрмен Жаңа Қазақстанды қалай құруға болады?» дейтіндер бар. Бұл – орынды сұрақ. Бірақ, негізінен, кадрларды біртіндеп ауыстыру керек», – деді.
Құрылтайда мемлекет басшысы түйінді сөзін былай жеткізді: «Біз бүгін құрылтай жұмысының негізгі бағдарын айқындадық. Бұл құрылым демократия құндылықтарын орнықтыруға зор үлес қосары сөзсіз. Құрылтай жұмысы мұнымен шектеліп қалмайды. Біз жыл сайын тұрақты түрде кездесіп тұрамыз.
Қазақ даласында ел тағдыры шешілген тарихи орындар аз емес. Ұлытаудан бөлек, қаншама киелі жеріміз бар. Мен келесі басқосуды киелі Түркістанда өткізуді ұсынамын. Құрылтайдың әр аймақта өтуі сол өңірдің дамуына серпін береді. Оның мүшелері әр жолы бір өңірдің тыныс-тіршілігімен танысады».
Президент мырза дұрыс айтып отыр. Ордабасы, Мәртөбе, Күлтөбе сияқты қастерлі жерлерге де кезек келер. Сол өңірлерде де ел мұраты сөз болар, Алла жазса…
Келесі құрылтай қасиетті Түркістанға шақырылады. Олай болса әр өңірде құрылтай өткен уақытта қоғамдағы ең өзекті проблеманы ту етіп көтерсек. Сөйтіп, рухымызды тіктесек. Болмысымызды түзесек. Қайратымызды қайрасақ. Ой тереңіне бойласақ. Әр құрылтайда ұлтқа жаны ашитын, халқына сөзі өтетін ақылмандар мен даналарымызды жинасақ. Олай болса киелі Түркістанда мемлекеттік тілді басты орынға шығарсақ дейміз. Сонда ғана талап күшейіп, сана есейіп, ұлттық құндылықтарымызды рет-ретімен жөндеуге мүмкіндік зор.
Тоқаев мырзаның Ұлттық құрылтайдағы тіл туралы айтқан мына сөзі көңілімізге демеу. Болашаққа деген үмітімізге желеу! «…Қазақ мемлекеті аман тұрғанда қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек. Біздің елде ұлтына, тіліне бола ешбір азаматтың құқы шектелмеуге тиіс. Әйтпесе, қоғамда жанжал тууы мүмкін. Ел ішіне іріткі түскенін қалайтындар осыны тілеп отыр. Сондықтан тіл мәселесі бойынша бәріміз ұстамдылық танытуымыз керек деп ойлаймын. Әйтпесе, бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіздігі, тіпті, әлсіздігі сияқты көрінеді. Баршамыз тілге құрметімізді құр сөзбен емес, нақты іспен көрсетуіміз керек. Әсірерадикалдық іс-шараларға, мысалы, тіл патрульдеріне жол бермеуіміз қажет. Олар – нағыз арандатушылар, өзге елдердің мүддесіне қызмет етеді».
«Ұлытауға бармасақ та, ұлар етін жемесек те, Ұлы құрылтайға шақырылмасақ та, технология заманында, әлеуметтік желінің арқасында бәрін көрдік, бәрін көңілге түйдік. Жақсыға қуандық, нашарға уандық! Ең бастысы ұлы хандар аманатына Ел Президентінің адалдығына сүйсіндік. Сөзімен ісі қабыспайтын кей пенделерді Ұлттық құрылтайдың төрінен көріп, күрсіндік. Ақырында Асан қайғы бабам айтқандай «Су түбінде жатқан тас – жел толқытса шығатынын, Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығатынын» дәлелдеп, осы ойларымызды ортаға салдық. Сіздер не айтасыздар, көңіл көзі қарақты оқырман?
Сәуле Мешітбайқызы,
ҚР Еңбек сіңірген қайраткері