Тоқаевтың сөзі әлемді дүр сілкіндірді Бұл ерлік пе, әлде?..
Өткен аптадағы елді елең еткізген жаңалықтардың бірі Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ресейде сөйлеген сөзі төңірегінде болды. Қазақ елінің басшысы Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған форумда журналист сұрағына жауап бере отырып, «жұрт күтпеген» жауаптар айтып еді. Сахна төріне жайғасқан екі Президенттің жанында отырып сұрақ қойған Маргарита Симоньян: «Қазақстан Украинадағы «арнайы операцияға» қалай қарайды?» – деді әңгіме арасында. «БҰҰ жарғысының екі қағидасы – халықтардың өз тағдырын өзі анықтау құқығы мен мемлекеттік аумақтық тұтастығы қайшылыққа тап болды. Егер халықтардың таңдағаны бола берсе, әлемде БҰҰ құрамына кіретін 193 ел емес, жер бетінде 500 немесе 600 ел болар еді. Әрине, бұл хаосқа бастайды. Сондықтан біз Тайваньды да, Косованы да, Оңтүстік Осетияны да, Абхазияны да мойындамаймыз. Бұл принципті Луганск пен Донецктің квазимемлекеттік құрылымына да қолданамыз»,– деді Қасым-Жомарт Кемелұлы. Сонымен қоса қазақ елінің басшысы сөз арасында «осы алаңды пайдалана отырып, Қазақстанға қатысты кейбір ресейлік депутаттардың негізсіз сөздеріне наразылық танытқым келеді. Олардың ішінде журналистер, мәдениет қайраткерлері де бар. Біздің арамызда қандай да бір үлкен мәселе жоқ. Барлық іріткі салу әрекеттері біздің халықтарымыз бен Ресейдің өзіне зиянды. Осы бір мәлімдемелері маған мүлде түсініксіз. Қазақстан басшысының шешімдеріне немесе еліміздегі жағдайға негізсіз пікір білдіру арқылы олар нені көздеп жүр?» – деді Тоқаев.
Орыс әлемі не дейді?
Міне, осы әңгімелер сол сәттен бастап жер бетіне желдей есіп тарап кетті. Ең әуелі «орыс әлемінің» назарын аударса, кешікпей күллі Еуразиядан асып өтіп, жер шарының арғы бетіне дейін жетті. Айтылған пікірлер алуан түрлі. Қазақстан қоғамында пікір білдірушілердің ойлары бір арнаға тоғысқан жоқ. Бір бөлігі Президенттің бұл «тосын ерлігіне» таңғалса, тағы бір топ Президенттің «әккілігіне» жағаларын ұстап отыр. Мұның барлығы алдын ала келісілген сценарий болуы мүмкін. Себебі экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев осының алдында ғана Ресейге барып, Путинмен жолығып қайтып еді. Халықаралық қоғамда абыройдан жұрдай болып, санкциялардың қыспағында қалған орыстардың тарылып бара жатқан тынысын қазақ елін айналып өту арқылы кеңітуге жасалған астыртын қадам болуы ғажап емес дейді олар.
Ал тағы бір топ «Қазақстан Луганск пен Донецктің тәуелсіздігін мойындамайды деген пікірді қазірге дейін ашық айтып келген болатын. Сондықтан Президенттің бұл сөзі ешқандай да «жаңалық» емес. Есесіне Қазақстан туралы қаңқу сөздерге қарата орынды түрде тойтарыс берді. Бұл жағында кәнігі дипломат екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп шықты» деп, салқынқандылық танытып отыр.
Ресейдің өзінде де қазақ Президентінің бұл сөздеріне қарап екі түрлі пікірге бөлінген сияқты. Дегенмен наразылық көңіл күй оларда басым екенін айта кеткен жөн. Ресей Мемлекеттік Думасының депутаты Константин Затулин радиода сұхбатта отырып, сөз арасында Донецк пен Луганск халық республикаларын мойындамаймын деген Тоқаевты сынға алды. Алайда «Единая Россия» партиясы бас кеңсесінің хатшысы Андрей Турчак Ресей шенеуніктерінің «құзыретіне кірмейтін мәселелер бойынша арандатушылық түсініктеме бермеуі керек екенін» мәлімдеп наразылық білдірді. «Тоқаевтың мәлімдемесін түрлі тараптан қарауға болады, бірақ бұл шенеуніктер үшін БАҚ-та арандатушылық, тенденциялық пікір айтуға болады дегенді білдірмейді. Және ол өз құзыретінің шегінен тыс екені анық. Константин Фёдорович өз комитетінің функцияларына назар аударуы керек еді, оның ішінде ең маңыздысы бұрынғы КСРО елдерімен қарым-қатынасты нығайту болып есептеледі», – деді Турчак.
Украиналықтардың көбінің Тоқаевқа іштері жылып қалған сияқты. Дегенмен олқысынып отырғандарын да жасырмапты. «Бұдан да маңыздысы айтылмай қалды. Егер Тоқаев мырза сол жерде отырып, «бұл әскери операция емес, бұл – нағыз шапқыншылық соғыс» деген болса, тіпті де керемет болар еді», – депті кейбір саясаткерлері.
Қытай әлемі не дейді?
Тоқаевтың сөздері қытайтілді аудиторияға да тез тарап кетті. «Тоқаев Путиннің көзінше Донецк пен Лугансктің тәуелсіздігін мойындамайтындығын ашық айтты» деген тақырыппен таралған хабар қытайлардың назарын бірден аударды. Қасым-Жомарт Кемелұлының қытай тілін жақсы білетіндігін айтып, жылы қабақ танытып жүретін қытай саясаткерлерінің көбі бұл жолы да теріс пікір айтқан жоқ. Тек әлеуметтік желі бетіндегі желдей ескен пікірлер арасында қазақ еліне қарата жағымсыз ойларын ортаға салушылар да кездесіп жатты. Негізінде қытай қоғамында бір түсініксіз пікірлер жиі айтылатындығын еске сала кеткен жөн. Олар – «қазіргі Қазақстан территориясының біраз бөлігін Кеңес одағы кезінде сыйға берген орыс жерлері» деген қате көзқарас. Сөйте тұра өздерінің тарихтағы Қытай қорғаны асып, Орта Азия даласына дейін созылған шекараларының шындығы туралы ешқашан мойындаған емес. Есесіне «Орталық Азиядағы Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің аумағында Қытайға тиесілі талай аймақтарымыз қалып қойды» дегенді жалықпай айтып келе жатыр. Олардың уәждеріне құлақ түрсеңіз, айнала жұрттың барлығына еселері кеткен… Хош, сондай «теріс азулар» осы жолы да аянбапты. «Қазақстанның қазіргі аумағы Кеңестер одағы кезінде бөліп берілген жерлер еді. Сол үшін қазақтар орыстарға мәңгі қарыздар деуге болады. Алайда олар орыстарды үнемі сатып кетіп жүр. Бұл жолы да солай істеді…Мысалы, оқырманы көп «www.163.com» сайтында «Тоқаев Луганск пен Донецктің тәуелсіздігін мойындамаймын деген күннің ертесінде, орыстар Қазақстан мұнайының экспортына шектеу салды» деген мақала жариялапты. Мақалада: «ресейліктер «Император» Путиннің әскери күшпен қолдауының арқасында (Қаңтар оқиғасы кезіндегі ҰҚШҰ әскерлерінің Алматыға келгендігін меңзеп отыр) екі аяғын тік басқан Тоқаевтан мұндайды күтпеген еді. Путиннің түсі бұзылып кетті. Ол дереу кек алуға көшті. Сол күннің ертесінде «Коммерсант газеті» хабар таратты. Онда «Новороссийск портындағы акваторияда Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде мина болуы мүмкін объектілер табылғандықтан, Каспий құбыры консорциумының қашықтағы шваргының маңындағы су айдындарын зерттеу және миналардан тазарту мақсатында жабылды» деп жазды (әрине, көп жылдардан бері қауіпсіз жұмыс істеп келген порттың маңынан аяқ астынан мина табылғандығы күлкілі нәрсе). Қазақтар бұл порт арқылы жыл сайын 67 млн тонна мұнай экспорттайтын еді»,– деп жазыпты.
Дегенмен Тоқаевтың сөздеріне оң баға берушілердің қатары көп болды. Халықаралық саясатқа ғылыми тұрғыдан талдау жасайтын ғалымдар да Тоқаевтың ойын қолдайтындықтарын ашық айтыпты. Қытай Гуманитарлық ғылымдар академиясының зерттеушісі Чжань Нинь журналистің сұрағына қарата Ресейдің әрекетін сынға алыпты. «Шындығында, Қазақстан жақсылықты ұмытушы емес, керісінше, Ресейдің араны өте ашылып кетті, ол жаһандық тәртіпті қайта орнатып, Кеңес одағын қалпына келтірмек, бұны ешкім де құптамайды. Биыл қаңтарда Ресейдің көмегімен Тоқаевтың қарсыластарын тойтарып, билікті түгелдей қолға алғаны, екі ел қатынасының нығая түскені рас. Украинаға соғыс ашқаннан бері қарайғы жерде ресейлік кейбір саясаткерсымақтардың «Қазақстанды да орнына қою керек, қазақтар жақсылықты ұмытты» деп байбалам салғанын да білеміз. Ресей айналасындағы елдерден шар патшаның кезінде орыс, меніңше де болған, бірақ кеңестік кезеңде бөліп берілген жерді қайтарып алғысы келеді. Қазақстан бұнымен, әлбетте, келіспейді. Ресей Батыспен жауласып, халықаралық тәртіпті өзгертіп, жаһандық сөз құқығына қол жеткізгісі келеді, бірақ Қазақстан үшін бұл керек емес. Ресей Қазақстанға шынымен үлкен жәрдем берді, енді жаны қысылғанда қарымта тілеуін түсінуге болады. Алайда Қазақстаннан өз территориясы мен елдік мүддесін Ресейге көмектесу жолында құрбанға шалуды талап етсе, онда Ресейдің ол талабының өсімқордан не айырмасы бар? Бұл достық пейілдегі әріптестің әрекеті емес», – депті саясаттанушы.
Жалпы әлемдік БАҚ беттерінде біршама оқыс қозғалған бұл сөзге қарата пікір білдірген адамдардың көбі «баспасөз бетінде айтылып жүрген мәлімдемелерден гөрі қазақ Президентінің Путиннің бетіне айтқандығы «қызық» болды» дегенге көбірек тоқталыпты. Әрине, мемлекеттер мүддесі, халықаралық саясат және тәртіп, достық дегендердің барлығы да жадағай ойлауға келмейтін күрделі тақырыптар екені белгілі. Сондай кездерде Қасым-Жомарт Кемелұлының үлкен алаңды пайдалана отырып, кейбір мәселелерге қарата өз пікірін ашық айтқандығы көп адамға ой салғаны жасырын емес еді.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ