МЕНІҢ АНАМ
Біз үлкен шешеміздің тәрбиесін көрдік. Апамыз Дүйсенкүл Сатыпалдықызының туғанына биыл 100 жыл толып отыр. Ол кісі Арқаның «шынжыр балақ, шұбар төстерінің» бірі – Төлмағамбеттің әулетінде, Мұңлы-Қулы тауының баурайында дүниеге келіпті. Өткен ғасырдағы нәубет жылдары әкесі қуғын-сүргінге ілініп, айдалып кеткеннен оралмаған. Шешесі Әден де күйеуінің күйігін көтере алмай сол жылдары дүние салған.
Апам жастайынан қилы заманның барлық қиындығын көріпті. Содан да болса керек, мінезі қатал еді.
Бала күнімізден ерте тұрғызып, жұмыс жоқ жерде жұмыс тауып беріп отыратын. Қандай шаруаны бастатса, бітіргенше демалдырмайтын. Ештеңе таппаса үйдегі судың бәрін төгіп, бұлақтан су тасытатын. Айтқанын істемеген баланы қолындағы білезігімен салып жіберетін.
Қазақтың салтын, ұлттық дәстүрлерді, небір ырымдарды айтып отыратын. Аңыз әңгімелерге шебер еді. «Жасында байқары жоқтың, қартайғанда айтары жоқ», менің айтқандарымды жазып алыңдар» дейтін.
«Құлға ұқсап жұмыс істеп, ханға ұқсап ас іш» деген мақалды жиі айтатын. Сендердің замандарың туды. Іс қылыңдар. Сауда жасаңдар. Біз сауданы тығылып жүріп жасадық. Мұндай заман енді қашан келеді» дейтін.
Жақсылық жасауды, біреуге қиянат жасамауды үйрететін. «Бұл дүниенің қысастығы о дүниеге өтпейді» деуші еді. «Аталарың елге көп жақсылық жасады. Сендердің ел қатарлы қарайып жүргендерің соның арқасы» дейтін.
Үлкен атам Мәдібек Харьков қаласын азат етуге қатысып, жараланып, Тамбовтағы әскери госпитальде қайтыс болыпты.
БергіатамБейсенбекмайданға соғыстың соңғы жылдары шақырылып, әскерде 8 жыл жүріпті. Ол кісі Сарысудағы алғашқы жүк көліктерін жүргізгендердің бірі, ауылдарға алғаш электр жарығын тартқан монтер болған. 51 жасында сол электр желісін жалғап жатып қайтыс болған. Осының бәрін апам жік-жігімен айтып беретін.
Апам өле-өлгенінше аяқтыға жол, ауыздыға сөз бермеді. 83 жасында кетті. Соған дейін әулеттің бүкіл билігін қолында ұстады. Кетерінде барлық дүние-мүлкін бала-шағаларына бөліп беріп, маған ескі сандығын, өзінің жатып жүрген жастығын берді.
Әкеміз Қайшыбектің арқасында ештеңеден таршылық көрмедік. Білім алдық. Үйлі-жайлы болдық. Әлі күнге дейін көмектесіп тұрады. Өзімнің шешем Ақмарал Тельманқызы маған осы уақытқа дейін даусын көтеріп сөйлеген емес. Атымды атамайды. Барлық жеңгелеріммен бірге Қану дейді. Апамды құрметтегенінен
болса керек.
Анамыз өте бейнетқор
адам. Біз жаспыз. Көп жұмысты өзі істейтін кезі. Күніне 6-7 таба нан көмеді. 3-4 сиыр сауады. Құрт қайнатады. Отын дайындайды. Үйдің пешіне от жағып, жылытады. Ол кезде кірді қолмен жуатын.
Өзі мектепте өте жақсы оқыған екен. Арасында балалардың сабағына көмектесіп жүреді.
Таңның атысы, күннің батысы тыным таппайтын. Қазірдің өзінде келіндерден бұрын тұрып кетіп, шаруасын істеп жүреді.
Сол тәрбиеден шығар, қарындастарым бір-бір үйдің отын тұтатып, бақыт шамын жағып, барған жерлерінде сыйлы болып отыр. Келіндері «Қайынененің топырағынан» дегендей, бәрі жақсы.
Бұрынғылар айтады екен «Үйінде анасы отырған жігіттің кеудесінде қозы жауырын көкжендет ала алмас торғайкөзді сауыты болады» деп. Сондықтан, үлкендеріміз аман болсын дейміз. Анамыз немере-шөберелерінің қызығын көріп, аман-есен жүре берсін.