АНА ДЕГЕН — ОСЫНДАЙ!

Менің анамның жалғыз ғана көзі болатын. Оны сондай жек көрдім. Себебі, оның осы келбеті мені өзгелердің алдында қатты ұялтатын. Анам мектеп асханасында жұмыс істеді. Бір күні менің халімді білу үшін сыныбыма келіпті. Бұрын-соңды дәл бұлай ешқашан ұялған емеспін. Достарымның алдында намыстанып, кірерге тесік таппадым. Қалай ғана дәті барды? Оны көрмеген кейіп таныттым… Келесі күні сыныптас достарымның бірі «әәә, сенің анаң жалғыз көзді екен ғой» деп бәрінің көзінше айтып қалып еді, бүкіл сынып күлкіге басты. Шарасыз күйге ендім. Анамның біржола өмірімнен жоқ болып кеткенін қаладым да үйге келіп: «Егер сенің мақсатың мені мазаққа қалдыру болса, неге өліп қала салмайсың осы?!» деп айқайладым. Үндемеді. Ашуға берілгендігім соншалық, үйден кетуге бел будым. Мектепті бітірген соң жұмыс істеп, Сингапурға оқуға кеттім. Үйлендім. Үй алдым. Балалы болып, тағдырыма риза күн кештім.
Бірнеше жылдан кейін сыныптастарымызбен туған елімізде бас қостық. Ескі үйге соққым келді. Көршілерім анамның қайтыс болғанын айтты. Қамықпадым. Қайғырмадым. Үйге оралсам, пошта арқылы анамнан хат келіпті. «Қымбатты, балам, әр секунд сайын сені ойлаймын. Сыныптастарыңмен кездесуге келетіңді естіп қатты қуандым. Бірақ мен енді тұра алмаймын. Үнемі сені ұятқа қалдырғаным өкінішті… Білесің бе, сен сәби кезіңде апатқа түсіп бір көзіңнен айырылдың. Анаң ретінде сенің жалғыз көзбен өскеніңді көруге шыдамай, өз көзімді берген едім… Сен жарық дүниені жазбай көре алғаныңда шын бақытқа бөлендім…
Саған деген ыстық махаббатпен – анаң!»
Бұл анамның соңғы хаты еді… Осыдан кейін менің өмірімде де, көзқарас, түсінігімде де үлкен төңкеріс басталды. Ана тек баласының бақыты үшін өмір сүреді екен ғой! Иә, бауырым, кейде анаңның жұқарған жүйкесінен, әжім басқан жүзінен ұялатын шығарсың. Бірақ соның бәрінің себепкері өзің екеніңді ұмытпа. Оның ақ шашы мен қатпар-қатпар әжімдерінде сенің бүкіл өмірің тізбектеліп жатыр…