ТІЛ ЕМГЕН

Бүгінде жастары алпысты алқымдап қалған журналист аға-апаларымыздың еңбек жолдарына қарасаңыз, бір жылдары газетте де, телеарнада да қатарынан жұмыс істегенін байқар едіңіз. Шынында аға буын өкілдері газетті де, телеарнаны да тел емген.
Ал, бүгінде теле журналистика мен газет журналистикасының арасы ашылып бара жатыр. Бұл бәлкім, күн сайын дамып жатқан технологияға да байланысты шығар… Әйтеуір, қазір телеарнада еңбек еткен журналисттің газетте, газетте тер төгіп жүрген тілшінің телеарнада жұмыс істеп кете қоюы қиын. Өте сирек.
Әрине, мұның басқа да сан түрлі себебі бар шығар. Бірақ қазір қалам ұстап жүрген тілші бір күнде микрофон ұстап кетсе немесе микрофонын тастап, қалам ұстап кетсе, таң қалатын жағдайға жеттік.
Дегенменде сирек те болса екі араны жол
қылып, екі саланы да қатар меңгерген журналистер баршылық.
Соның бірі – Алпамыс бауырым.

Алпамыс еңбек жолын «Jambyl» телеарнасынан бастады. Студент кезінен көзге түсіп, жергілікті телеарнаның жұлдызына айналған.
Солтүстік облыстарда да еңбек етіп келді.
Кейіннен облыстық «Aq jol» газетіне ауысты. Қалай болар екен деп ойлап едік, жоқ, газет жұмысын да меңгеріп кетті.
Одан қайтадан телеарнаға кетті. Былтыр «Aulieata-media» холдингі Бас Директорының орынбасары болып, қайтадан газет жұмысына ауысты.
Сол Алпамыс бауырымыз осы аптада «Ақпарат саласының үздігі» атанып, төсбелгіні облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтың қолынан алды.
Құтты болсын.
Бүгін Алпамыс бауырым мен Әзиза келініміз осы қуанышты жуып, ұжымға кең дастархан жайды.
Айтпақшы Әзиза келін де журналист. «Jambyl» телеарнасында редактор болып жұмыс істейді. Яғни, бұл журналистер отбасы. Журналистер династиясы жалғаса бергей. Лайым, ата-анасының жақсы қасиеттері, кәсіптері балаларына да жұғысты болғай.
Алпамыс та, келін де кішіпейіл, қарапайым жандар. Алла тағалам осы қасиеттеріне бақ-берекесін үйіп-төгіп бере бергей. Шаңырақтан шаттық кетпесін.
Бәрі құтты болсын.

Оралхан Дәуіт, AULIEATA-MEDIA ЖШС-нің директоры