Миллионер анадан кеңес: Баланы қалай тәрбиелеу керек?

Дени Джонсон кедей отбасында өсті. Ол 17 жасында бала туып, 21 жасында баспанасыз қалады, ал 23 жасында алғашқы миллионын тапты. Табысы мол әрі іскер әйел, бес баланың анасы және бірнеше немеренің әжесі балаларды тәрбиелеу принциптері туралы айтып берді.

Адамның мақсаты бала кезінен бастап болуы керек

Бай адамдар баласының қандай мақсатқа қол жеткізуі керек екенін анық түсінеді. Сол себепті олар Гарвард түлектерін, болашақ басшы қызметкерлерді, дәрігерлер мен президенттерді тәрбиелейді. Ал адамдардың көбі баланы өмірге әкелген кезде сәттілікке сенеді.

«Бір досымның жеке баспаханасы бар. Оның ұлы білім алуды қаламады, жалпы өмірде не істеуі керек екенін білмеді. Сонда әкесі оны бір аптаға баспанасыз қалғандар тұратын жерге жұмыс істеуге жібереді. Арада бір апта өткеннен кейін жасөспірім оқуға, отбасылық бизнесті жүргізуге қызығушылықпен оралады», – дейді Джонсон.

Теледидар мен мобильді телефонсыз өмір

Теледидар, компьютер және мобильді телефон қазіргі балалардың жақын досына айналған. Ал Дени Джонсонның балалары алғашқы телефондарын 16 жастарында алған болса, үйлерінде теледидар болмаған. Сонымен қатар әкелерінің ескі компьютерін пайдаланған.

«Балаларым мобильді телефон ала алмайды, өйткені олар әлі ақша таппайды ғой. Телефон адамды уақытын жоспарламай жүруге үйретсе, теледидар өмірдің дұрыс емес заңдылықтарын көрсетеді. Өзіңіз ойланып көріңізші, Губка Боб туралы мультфильм сізге не үйретеді? Ол – жалқау, нигилистік кейіпкер. Сіз балаңыздың сондай болғанын қалайсыз ба? Әрине, жоқ. Айта кетейік, егер теледидарды 30 күн бойы көрмесе, оған деген тәуелділіктен құтылуға болады», – дейді ол.

Балаңызға істеп жатқан жұмысын жақсы көруді үйретіңіз

Демалыс күндері жақындап қалды. Үйде балалар қандай әңгімені жиі естиді? «Құдайға шүкір, жұма», «бұл жұмыстан да демалатын уақыт келді», «жұмысым ұнамайды». Таныс сөздер ме?

Бұл сөздер баланың санасына «жұмыс – жаман, қиын және жағымсыз» деген ойды салып береді. Бұлай өскен баланың сәйкесінше жұмыс істеуге деген құлқы болмайды.

Джонсонның балалары 2 жасынан бастап үйдің жеңіл-желпі жұмыстарын жасай береді, ал 11 жасқа келгенде бұл олар үшін үйреншікті әрекетке айналады. «Олар осылайша үйде тұрғандары үшін ақы төлейді. Өмірде ештеңе тегін емес», – дейді Джонсон.

Сонымен қатар бала өзіне ұнамайтын істермен де айналысып көруі керек. Себебі соның нәтижесінде адамның ерік-жігері мен мінезі қалыптасып, дамиды. Егер ол тек өзіне ұнайтын іспен ғана айналысса, оның қосымша пайдасы болмайды.

Сіз балаңызға арналған банкомат емессіз

«Балама аяқ киім үшін жылына 50 доллар беріп, төрт джинс шалбарын сатып аламын. Мұндай ақшаға сәнді аяқ киім сатып ала алмайсыз. Бірақ қаласа табыс тапсын немесе жеңілдік болатын кезді күтсін», – дейді Джонсон.

Оның айтуынша, бала өте қажетті заттармен ғана қамтамасыз етілуі керек. Ал жеке қалауларына өздері ақша тапсын.

«Ата-ананың ең үлкен қателігі – бала кезінде өзінде болмаған нәрсені баласына алып беру үшін ақша табу. Мұндай жағдайда балалар өскенде өздерін бұрынғыдай өмір сүре алмайтын әлемге тап болғандай сезінеді».

Ақмарал БЕРЕКЕТ