Қарағанды облысының өнеркәсіпшілері өз өнімдерін Екатеринбургтегі халықаралық көрмеде ұсынды

Қарағанды облысының кәсіпкерлері Екатеринбургтегі «Иннопром-2022» халықаралық өнеркәсіптік көрмесіне қатысты.
Көрмеге қарағандылық тоғыз компания қатысуда: «АрселорМиттал Теміртау», «ТМӨЗ», «Сантехпром», «QazTehna», «PROLUX LED», «Казтехфильтр», «Maker», «Altynarna Geosynthetics» және «Ѕunрарег».
Олардың өнімдерінің ассортименті әртүрлі: металл прокаты, автобустар, жарықдиодты жабдықтар, машина жасау өнімдері, ауа сүзгілері, геомембраналар, қағаз сүлгілер мен майлықтар. Мұның бәрі экспорттық әлеуетке ие.
Сонымен қатар, Теміртау тұрғыны Евгений Бондаренко құрастырған бэтмобиль көрмеге келушілерді таң қалдырады.
Қарағандылық кәсіпорындар өнеркәсіптік кооперацияға қатысуға дайын. Көрме барысында ресейлік компаниялармен ынтымақтастық туралы сегіз меморандумға және келісімге қол қойылды. Мысалы, QazTehna зауыты ірі фирмалардың бірі – «Луидормен», сондай-ақ бірқатар ресейлік өндірушілермен ынтымақтасуға ниетті. «Maker» ЖШС мұнай машина жасау саласындағы серіктестік туралы келісімге келді. Ынтымақтастық туралы меморандумдарға «ТМӨЗ» АҚ мен Орта Орал мыс балқыту зауыты, «Казфильтр» ЖШС және «Норильск никель» ТКМК арасында қол қойылды.

 

«Иннопром» – бұл Ресейде өткізілетін индустрияландыру саласындағы ең ірі көрмелердің бірі. Биыл көрменің тақырыбы «Өнеркәсіптік өткел: сын-қатерлерден жаңа мүмкіндіктерге». Биыл Қазақстан іс-шараның серіктес елі болды. Көрменің ашылуына Қазақстан Республикасының премьер-министрі Әлихан Смайылов және Ресей Федерациясы үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин қатысты.
Қазақстандық экспозицияның ауданы 1600 шаршы метрді құрады, онда өнеркәсіптің барлық салаларын қамтитын 200-ге жуық отандық компания орналасқан.
«Иннопром-2022» 4–7 шілде аралығында «Екатеринбург-Экспо» көрме орталығында өтеді. Оған 30 елден 500-ге жуық компания қатысады.

Жомарт Шаймұрат