Қарағандыда Жақсыгелді Сейілов туралы көркем фильм көрсетілді
Қарағандының Достық үйінде Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, композитор Жақсыгелді Сейіловтың өмірі мен шығармашылығы туралы баяндайтын «Неге солай?» көркем фильмінің тұсаукесері өтті. Картинаның қоюшы режиссері – Кенжебай Ахметов.
«Неге солай?» фильмі әнші және композитордың жастық шағы туралы әңгімелейді. Ол екі жыл бұрын түсірілген, бірақ пандемия кезіндегі шектеу шараларына байланысты оның премьерасы кейінге қалдырылды.
– Біз картинаны бір жылға жуық уақыт бойы түсірдік. Фильм Жақсыгелді Сейіловтың туған жерінде, оның жастық шағы өткен Теректі станциясында, Жаңаарқа ауданының Қарағаш ауылында және Жезқазғанда түсірілді. Жалпы алғанда, түсірілім процесіне 150-ге жуық адам қатысты. Біздің фильмде кәсіби актерлер жоқ, негізінен қарапайым адамдарды түсірдік, – деді Кенжебай Ахметов.
Фильмде басты рөлді Жезқазған политехникалық колледжінің 18 жастағы түлегі Абдулрасул Нұртазин сомдады. Болашақ бағдарламашы түсірілімге өзінің белсенді азаматтық ұстанымының арқасында түскенін мойындайды.
– Студенттік кезімде белсенді волонтер болдым. Айтыскерлердің бір сайысы кезінде режиссер мені байқап қалды, сол жерде ұйымдастыру мәселелеріне көмектестім. Ол маған өзімді басты рөлде сынап көруді ұсынды. Композитормен сыртқы ұқсастық шешуші фактор болған шығар, – дейді Абдулрасул. – Рөлді сомдау маған оңай болған жоқ. Жақсыгелді аға – тарихи тұлға. Оған сәйкес болу керек еді. Түсірілім менің жүрегімде ұмытылмас әсер қалдырды, менің өмірім 180 градусқа бұрылды.
Режиссердің айтуынша, бір фильмде Жақсыгелді Сейіловтың таланты мен қағидалары туралы айту мүмкін емес, сондықтан осы картинаның тағы екі бөлігімен жұмыс жалғасады, олар қазақстандықтарға әнші өмірінің басқа да кезеңдері туралы баяндайды.
– Көптеген қазақстандықтар бала кезінде көру қабілетінен айырылған Жақсыгелді Сейіловтың әндерін біледі. Олар: «Ана туралы баллада», «Ұлытау», «Әке туралы ой», «Кездесу», «Неге солай?», «Сүйінші», Жезқазған қаласының әнұраны «Жезқазған шеруі». Оның репертуарында 50-ге жуық шығарма бар. Олар бұрыннан тыңдаушылардың жүрегін жаулап алған. Бірақ автордың өзі туралы аз біледі. Біздің фильм оларға осы құпияның шымылдығын ашады, – деп қосты Кенжебай Ахметов.