«Бақытты отбасы – бірін-бірі риясыз жақсы көретін жандар»
Бақытты және үлгілі отбасы дегенде көпшілігіміздің көз алдымызға қайратты әке, мейірімді ана, жадыраған балалар келеді. Шынында да солай. Отбасының бақыты үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Жанұя мүшелерінің сыйластығы, махаббаты, бір-біріне деген құрметі мен сүйіспеншілігі болса жетіп жатыр.
Адам баласы өмірді отбасы арқылы тани бастайды, яғни ең маңызды базалық танымды отбасынан алады. Ал, ата-анасы, бауырлары баланың өмірінде үлкен рөл атқарады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі», деп дана халқымыз бекер айтпаса керек.
Отбасы – баланың эмоционалды, рухани құндылықтарды бойына сіңіретін ортасы. Ата-анасы балаға тәлім-тәрбие береді, жақсы мен жаманды, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйретеді. Басқа сөзбен айтқанда, отбасы – үлкен өмірге дайындайтын мектеп. Осындай бірлігі жарасқан отбасынан шыққан адам ғана өзінің отбасын бақытты ете алады, өмірде жолы болатын тұлға ретінде қалыптасады.
Осы ретте, бүгінгі біздің әңгімемізге Шақпақата ауылында тұратын, сыйластығы мен бірлігі жарасқан көпке үлгілі жанұялардың бірі – Қозбақовтар әулеті арқау болмақ.
Шақпақата ауылының тумасы Санат Қозбақовтың ауылдағы «Әлихан» азық-түлік дүкенінің ісін жүргізіп отырғанына 20 жылдай уақыт болған. Ол осы ауылдағы бұрынғы С.Киров атындағы орта мектептің түлегі.
Ал, отанасы Гүлзағира Ырыскелдиева Шақпақата ауылдық дәрігерлік амбулаториясында медбике болып жемісті еңбек етуде.
Екеуі бірге үш қыз, екі ұлды тәрбиелеп өсірген. Ұл-қыздарының барлығы мектепті, жоғарғы оқу орындарын үздік тамамадаған екен. Мұны біз үйдің отағасы Санат Қозбақовпен әңгімелесу барысында білдік.
Үлкен қызы Инабат есепші мамандығын бітірген. Қазіргі таңда жұбайымен бірге Алматы қаласында тұрады. Ал, ортаншы қызы Ақерке Тараз қаласында құқықтану мамандығы бойынша еңбек етуде. Ұлы Елхан – заңгер болса, Әлихан Тараз қаласындағы темір жол саласында жұмыс істейді. Кенже қыздары Алуа ауылдағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің 6 сынып оқушысы. Қыздарынан жеті жиен немересі бар.
Жақында ғана, үлкен ұлы Елхан шаңырақ көтеріп, үйлену тойын жасаған екен.
– Әкем Қабылбек Қозбақов Ұлы Отан соғысының ардагері болған. Соғыстан елге аман-есен оралған соң малшы болып еңбек еткен. Ал, анам Ортай Нұрәлиева ауылдағы кірпіш шығаратын зауытта жұмысшы болып істеді. Көпбалалы отбасында тәрбиелендік. Оқуда үздік болдық. Осының барлығы – ата-анамыздың дұрыс тәрбие бергендігінің айқын көрінісі болса керек. Сол секілді жолдасым екеуміз бала тәрбиесіне атүсті қараған емеспіз. Өйткені, болашақ бүгінгі жас ұрпақтың қолында екендігін жақсы білеміз.
Даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы өсиет етіп қалдырғандай «Тәртіпсіз ел болмайды, Тәртіпке бас иген құл болмайды», нақылымен ұл-қыздарымызды тәрбиелеп өсірдік. Бүгінгі күнге дейін балаларымның атынан ешкім шағымданып келген емес. Құдайға шүкір, – дейді Санат Қабылбекұлы.
Кейіпкеріміздің айтуынша, бақытты отбасы – бірін-бірі риясыз жақсы көретін, еш есепсіз жақсылық жасауға асығып тұратын, тілеуіңді шын тілейтін адамдар. Сонымен қоса олар тек жақсылықта ғана бірге болмайды, қиыншылықты да бірге өткереді, алға басуға жігер береді. «Қандай жағдай болмасын жаныңнан табылады, қолдауға дайын тұрады. Алла Тағала ол адамдарды сенің өміріңнің бірінші күнінен-ақ байланыстырып қояды және ол байланысты соңғы күніңе дейін берік ұстауың керек. Үлкен бақыт – қандай жағдай болмасын сені жақсы көретін, бар кемшілігіңмен қабылдай алатын адамдардың барына сенімді болу шығар. Жалпы, өмірде бақытты адам бақытты отбасынан шығады», дейді ол.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»