Баптай білсең – жер жомарт
Шақпақ ауылдық округіне қарасты бес елдімекендегі 773 ауланың үй іргесіндегі жерлердің 70 проценттен астамы бақшалық ретінде пайдаланылып, онда картоп, жеміс-жидектер мен басқа көкөніс дақылдары бапталса, қалғанында жоңышқа, эспарцет секілді көпжылдық мал азығы өсіріледі.
Округ орталығы – Шақпақата ауылының тұрғыны Нұрғиса Пернебаевтың бақшасында дәрумендерге бай дақылдар жайқалып тұр. Бағбан соңғы екі-үш жылда үй іргесіндегі жерін тиімді пайдалануға көшіп, отбасына қосалқы шаруашылық жүргізуге бөлінген 19 соттық жердің басым бөлігін бау-бақшаға айналдырған екен. Қазір оның бақшасынан бос орын таппайсың.
Бақшаның сол жақ жиегін ала, ені үш метр етіп отырғызылған картоп шарбақтың орта тұсына дейін ұзыннан-ұзақ созылып жатыр. Аяқ жағында желкілдеп, бой алып қалған дала аруы – жүгері бітік өскен. Одан бөлек, әр тұста қияр, орамжапырақ, қызылша, аскөк, асқабақ, баклажан, болгар бұрышы, қызанақ, сәбіз, бұршақ секілді дәруменге бай көкөністер мен жеміс-жидектер отырғызылған. Жеміс ағаштарынан алма, алмұрт, бәкене бойлы шие бар.
Отағасы бақшаға құлпынайды былтыр әкеп, отырғызыпты.
– Құлпынай – негізінен ылғал мен күн көзін молынан сүйетін дақыл. Сондықтан жүйекті құрғатпай, ағын сумен суғарамыз. Гүлдей бастағанда әр түп өсіп-өну үшін мұршалар тастайды. Оны дер кезінде қиып тастап отырмаса, бар қуатты мұртшалар алып қойып, негізгі түптің жемісінің өсуіне мүмкіндік бермейді.
Құлпынайды мәпелеп баптау қандай жауапты жұмыс болса, оны зиянкестерден қорғай білу де соншалықты қажет. Әйтпесе, мәуелі жеміс әп-сәтте құстардың олжасына айналады. Сондықтан мынадай «қарақшы» орнатамыз, – дейді құлпынай жүйегінде адам кейпінде киім кигізіп қойған айқыш ағашқа қарап.
Ағын су бақшаға ауылдағы «Байсейіт» каналынан шығатын арықтармен келеді. Судың көлемі мол, ағысы жақсы. Танаптарға бөлінген дақылдар уақтылы суғарылады. Арасындағы шөп-шалам отбасы мүшелерінің қолымен оталады. Бақшаға қамқор қолмен күтім жасалатыны көрініп тұр. Жалпы, егілген қай дақыл болса да, жақсы түп алып тұрғаны байқалады.
Бүгінде ауылдарда үй іргесіндегі азын-аулақ жерін отбасының қажетіне жаратып, табыс көзіне айналдырған Нұрғиса Пернебаев секілді отбасылар көп. Отағасы бақшадан алған өнімдерді өздері тұтынатын, ал артылғанын көрші-қолаңға, басқа ауыл тұрғындарына сатып, пұл ететінін айтады. Бастысы, бейнет етіп өсіргендері үй-ішінің, бала-шағасының ішім-жеміне жарайды, оны сатып алуға қалтасынан қаражат жұмсамайды.
Баптай білгенге бақшаның да бір отбасының табыс көзіне айналатынын өмірдің өзі көрсетіп отыр.
Көркем Асқар