Қарағандыда қазақ тілін тегін үйрету клубы ашылды
Қарағандыда «Батыл бол» тегін қазақ тілі клубы ашылды. Қатысушылардың алғашқы отырысы бүгін өтеді.
Клубтың негізін қалаушы алматылық Алексей Сколозубов. Бірнеше ай бұрын ол еріктілер тобын жинап, Алматыда жұмысын бастаған. Оқыту тегін жүргізіледі.
– Алексей маған клуб ашу идеясы туралы айтты, мен оны қолдадым. Ағылшын тілі мұғалімі және қазақ тілінде сөйлейтін адам ретінде мен клубта сабақ өткізе алдым. Алматыда қазақ тілін үйренгісі келетіндер аз емес, – дейді Ақжарқын Өмірбекова. – Кейін біз Таразда клубтардың жұмысын бастадық, қазір Қостанайда процесс жүріп жатыр және бүгін Қарағандыда кездесеміз.
Клубтың негізін қалаушылар шағын топтарда аптасына бірнеше рет кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Оқыту ойын түрінде және диалогтар мен әңгімелер арқылы өтеді.
– Біз барлығын қазақ тілін үйренуге шақырамыз, грамматиканы емес, ауызекі тілді оқытуды ұсынамыз, – дейді Ақжарқын. – Біз мемлекеттік тілді әндер, ойындар арқылы үйренеміз. Мысалы, жастар арасында танымал «Мафия» ойынын аудардық. Сондай-ақ, тілді жетік білетін еріктілерді ынтымақтастыққа шақырамыз.
Клубтың негізін қалаушылар мен жаттықтырушылар тегін жұмыс істейді. Негізгі мақсат – тіл үйренуге деген қызығушылықты ояту және мүмкіндігінше көп адамды қамту. Клубқа 13 жастан асқан барлық тілек білдірушілер қатыса алады.
«Батыл бол» клубының атауы да кездейсоқ таңдалмаған. Клубтың негізін қалаушылар қатысушылардың қазақ тілінде сөйлеуден қорықпауын және өздерінің барлық кедергілерін жеңгенін қалайды.
Клубқа келесі форманы толтыру арқылы жазылуға болады: https://docs.google.com/forms/d/e/1FAIpQLSchQoSe_a9u6wWLGmPdWjNVbz4hJ—pqqmbqC70vqk41TZSJw/viewform. Клуб туралы қосымша ақпаратты @batylbol_karaganda парақшасынан оқып, танысуға болады.
Жомарт Шаймұрат