ТҮРКІСТАНҒА КЕЛУШІ ШЕТЕЛ ТУРИСТЕРІНІҢ САНЫ АРТТЫ

Жыл басынан бері рухани астанаға 1000-ға жуық шет елдік турист келді. Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен өткен мәжілісте айтылды. «Бизнесті қолдау және туризм» бөлімінің басшысы Талғат Қыдырбаевтың мәлімдеуінше, жыл басынан бері қалаға 385 мыңнан астам турист келген. Сонымен қатар баяндамашы шаһардағы инвестиция көлемі артқанын мәлімдеді.

Өткен жылдың 6 айымен салыстырғанда инвестиция көлемі 100,2 млрд. теңгеден 115,1 млрд. теңгеге артқан. Өңдеу өнеркәсібі 6,31 млрд. теңгеден 6,62 млрд. теңгеге көбейген. Шағын орта бизнеспен айналысатын 2327 тұрғын тіркеліп, 1719 азамат жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етілді.

Баға тұрақтылығын сақтау үшін 30 әмбебап дүкенде әлеуметтік бұрыш ашылды. Одан бөлек туристерге қызмет көрсету сапасын арттыру жұмыстары да атқарылған.

Туризм саласында оқитын студенттерге арнайы іс-шаралар ұйымдастырылып, қаладағы орналасу орындарының қызмет көрсетуі бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілген.